Covid-19

Емделгендер саны артып келеді

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде атап айтарлықтай эпидахуал өзгере қойған жоқ. Өткен тәулікте 1000-ға жуық пациент сауығып, емделгендер саны артып келеді екен.

КВИ: 112 миллионнан асты

24 ақпандағы жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облысы – «сары» аймақта. Қалған өңірлер – «жасыл» аймақта. Джонс Хопкинс университеті сайтындағы мәліметке сәйкес, әлемде коронавирус 112 млн. 73 мың 782 адамнан анықталды. Оның ішінде көз жұмғандар саны – 2 млн. 483 мың 456 науқас. Індет ең көп тіркелген елдер: АҚШ, Үндістан, Бразилия, Ұлыбритания, Ресей.

Ал, кешегі ақпаратты негізге алғанда, елде 20 387 науқас емделуде, олардың ішінде 4 574 пациент стационарда, 15 813 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

Дәрі қобдишалары таратылады

Биыл маусым айына дейін Қазақстандағы табысы аз 145 мың отбасына медициналық дәрі қобдишасы тегін жеткізілетін болады.

«Медициналық дәрі қобдишаларын сатып алуға қаражат Азия даму банкінің гранты есебінен бөлінетін болады. Дәрі қобдишаларын БҰҰДБ арқылы сатып алу болжанып отыр. Жиынтықтардың құрамын Денсаулық сақтау министрлігі айқындады және оған термометрлер, бетперделер, дезинфекциялық құралдар және стероидты емес қабынуға қарсы препараттар кіреді. Дәрі қобдишаларын жеткізуді қалалық немесе аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері әрі ауылдық әкімдіктер жүзеге асырады. Бұл шара материалдық жағдайы қиын, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың экономикалық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді» делінген Еңбек министрлігінің мәліметінде.

Жасқа шектеу жоқ

Елде жасы 65-тен асқандарға да коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға рұқсат берілді.

Таяуда қаулы жариялағанымды білесіздер. Сол құжатта жас шегі жағынан шектеуді алып тастадық. Алайда вакцинаны егде адамдарға салмас бұрын оларды жіті тексеру керек. Вакцина салынатын адамның дәл сол кезде ауруы болмауы тиіс, – деді Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов.

Асқыну тіркелген жоқ

Қарағанды облысында бүгінгі таңда 1600 адам екпе салдырды. 22 ақпан күні 80 адам екпенің екінші дозасын алды. Олардың қатарында облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Юрий Залыгин да бар.

«Облыста вакцинадан кейін асқынулар тіркелген жоқ. Алгоритм бойынша бас дәрігер медициналық бақылауда 30 минут болды. Оның айтуынша, дәрігердің ешқандай шағымы жоқ, өзін жақсы сезінеді» деп мәлімдеді Қарағанды облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Облыста тағы 39 адамға ем дарып, сауығып шықты.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button