Коронавирус

Ем-шара тоқтап қалмайды

Алынбайтын қамал, табылмайтын амал жоқ. Мұндайда қаптап қауесет өріп ала жөнелетіні белгілі ғой. Дұрысын біліп, бұрысын қуып, кері ысыруға да сауат керек. Қазіргі жағдайда, әсіресе. Өткеннен бері «ауруханалар кісі қабылдамай жатқан көрінеді. Емханалар екінің біріне есік ашудан қалды» дегенді естіп облыстық клиникалық ауруханаға бас сұққанбыз. Алдын алу, сақтық шараларына баса мән бергенімен, аталған аурухананың жұмысы қалыпты. Тоқтатып, қаңтарып, буып-түйіп кетіп қалған ешкім жоқ. Дәл қазір ауруханада емделіп жатқандар да, дәрігерлердің көмегіне қашықтан жүгінушілер де жетерлік.

Ауырдыңыз ба, қол сынып, бас жарылғандай шұғыл жағдай болмаса, әуелі өзің тіркелген тұрғылықты мекен­жай бойынша біл. Қоңырау шал, ғаламтордан сайттарын ашып қара, елдегі төтенше жағдайға байланысты олар да тиісті шарттарды қабылдап жатыр. Мәселен, облыстық клиникалық аурухананың неврология бөлімінің меңгерушісі Наталья Александровна елдегі төтенше жағдайға қарамастан, ауруы асқынып кеткен немесе созылмалы сырқаттарды қабылдап, емдеп жатқандарын айтады. Яғни, аурухана келген науқастан бас тартып жатқан жоқ. Егер ауру адамның өміріне қауіп төндіріп тұрса тиісті бөлімге қабылданбай қоймайды. «Әрине, созылмалы сырқатқа ұшырағандар мен ауруы асқынып келген науқастар әуелі қабылдау бөлімінде міндетті оңашаландырылған тексерістен өтеді. Ол жерде арнайы халат киген білікті мамандар тексереді. Қажетті құрылғылар да қарастырылған. Сөйтіп барып, тиісті бөлім, бөлімшелердегі палаталарға жөнелтіледі» дейді Наталья Александровна.

Сөйтсе де аурухана негізінен қашықтан емдеу тәсілін де қолданбай жатқан жоқ. «Қашықтан емдеу тәсіліне амалдың жоқтығынан барып отырмыз. Сөйтуге мәжбүрміз. Оның да қиындықтары мен тиімді жақтары бар. Бұл тәсілді біз барынша сәтті жүзеге асырып жатырмыз. Кез келген науқас аурухананың қабылдау бөліміне телефон шалып хабарласа алады. Болмаса сайт бар. Қабылдау бөлімі мәнжайды біліп терапевке жалғайды. Терапевт тиісті дәрігерге қосады. Телефондағы түрлі әлеуметтік желі арқылы науқастар суретін түсіріп фотосын немесе бейнеге түсіп жолдайды. Соған байланысты дәрігерлер кеңес беріп, ем-шараларын түсіндіреді. Әрине, қиындықтар да кездесіп жатқан. Дегенмен ұжым болып ақылдасып, шешіп отырмыз. Бүгінде бізде 600­ге жуық науқас дәрігерлердің көмегіне қашықтан жүгініп жатыр» – дейді тері­венерологиялық орталығының меңгерушісі екатерина Викторовна.

Галина САВЕНКО, пациент: «Мен осындағы неврология бөлімінде тұрақты емделіп жатқаныма 12 күн болды. Сақтық шаралары қолға алынды, далаға шығуға тыйым салынды, бетперде киіп жүреміз демесек, емдеу жұмыстары қалыпты. Бүгін­ертең шы ғарып қалуы керек».

Басқа материалдар

Back to top button