Жаңалықтар

Эльвира ЫБЫРАЙ: «Қауесетке сенбей екпе алған дұрыс»

Қарағанды – «қызыл аймақта». Қайтсек қалыпты өмірге қайта ораламыз? Бар үмітіміз – екпеде. Қазіргі уақытта вакциналау қарқынды жүруде. Мәселен, №4 емхананың вакциналау орталығы жоспарланған халықтың жартысынан көбіне екпе салыпты. Бұл жөнінде аталған емхананың эпидемиолог дәрігері Эльвира ЫБЫРАЙ айтып берді.

Қайырлы күн, Эльвира ханым. Елді алаңдатқан ауруды жеңудің жалғыз жолы вакцина дедік. Қазіргі уақытта жұмыстарыңыз қалай жүруде?

Жұмыс ойдағыдай. Біздің емханада жалпы 24725 адамға екпе салу жоспарланған. Қазіргі уақытта 113505 тұрғын екпенің I компонентін қабылдаса, II компонентті алғандар саны 9458-ді құрайды. Әлі де екпе алушылардың қатары көп. Әсіресе, зейнеткерлер денсаулықтарына алаңдап көптеп келуде.

Вакцинаның қай түрімен егіп жатсыздар?

Көбіне «Спутник V». «QazVac» вакцинасын салудамыз. Жалпы, келушілердің көбі «Спутникті» сұрайды.

Сөз басында зейнеткерлер қатары көп дедіңіз. Ол кісілерге вакцинаның әсері қалай?

Коронавирусқа қарсы вакцинада да кез келген екпеде болатын әсер байқалады. Атап айтсақ, дене қызуының көтерілуі, екпе орнының ауыруы, әлсіздік. Бірақ, оның барлығы 3 күн ішінде басылатын белгілер. Тіпті, иммунитеті мықты кісілерге сезілмеуі де мүмкін. 70 жастағы, тіпті, 80-нің үстіндегі кісілер вакцина алғысы келетінін айтып хабарласады. Келіп те жатыр. Біз келген кісілерге бірден сала салмаймыз. Терапевт тексереді. Егер, қандайда бір белгі болса, салмау себебін түсіндіреміз. Денсаулықтарына алаңдап, кеп сатқан ата-әжелеріміз көп.

Вакцинадан кейінгі учаскелердегі бақылау туралы айтып өтіңізші. Хабарласқандар болды ма?

Вакцина орталықтары екпе алғандар туралы деректерді күн сайын жіберіп отырады. Учаскелік дәрігерлер өз аумағындағы адамға хабарласып, 3 күн ішінде қал-жағдайын біліп тұрады. Асқынулар немесе кері реакциялар тіркелген жоқ. Себебі, ондай жағдайда учаскелік дәрігерлер бізге хабарлауы тиіс. Жалпы, өзіңнің және жақындарыңның қауіпсіздігі үшін вакцина алған дұрыс.

Өзіңіз екпе қабылдаған шығарсыз?

Иә, біз тікелей осы салада жүргендіктен, алғашқылардың бірі болып екі компонентінде алдым. Бірінші екпе айтарлықтай әсер ете қоймады, екіншісінде аздап әлсіздік байқалды. Бірақ, Құдайға шүкір, бәрі жақсы.

Маман ретінде айтыңызшы, екпе вирустан 100 пайыз қорған бола ала ма? Көптің пікірінше вакцина алғандар да сырқаттанып жатыр екен…

Иә, вакцина 100% қорғамайды. Ешқандай вакцина ондай нәтиже көрсете алмайды. Ол жұқтыру қаупі мен оның ауыр түрімен ауыру тәуекелін айтарлықтай төмендетеді. Вакцинадан кейін байқалуы мүмкін тұмау секілді белгілер үш күнде басылады. Ондай реакция вакцина алғандардың 10-15%-да кездеседі. Ал, «адамдар ауырып жатыр», «қырылып жатыр» фейк ақпарат жалған. Сондықтан, қауесетке сенбеу керек. Мамандардың пікіріне жүгінген абзал.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button