АймақБас тақырыпҚарағанды

«Елтану» тарихи-танымдық экспедициясы жолға шықты

Облыстық Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Нығмет Нұрмақовтың 130 жылдығына арналған «Елтану» тарихи-танымдық экспедициясы жолға шықты. Экспедиция мүшелері үш күн бойы Қарқаралы ауданы мен Семейге, Жидебай-Бөрілі жеріне сапарлап, тарихи-мәдени маңызы бар орындарымен танысып қайтпақ.

Суретті түсірген автор

Экспедиция құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, тарихшылар мен қоғам белсенділері бар. Қатысушыларды облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Әдепбеков шығарып салып, ақ жол тіледі.

Әуелі экспедиция мүшелері Абайдың Қарқаралыдағы үйіне, қазақ мәдениетін зерттеген ғалым Григорий Потанин үйіне ат басын тіремек. Содан кейін ең көне және қазақ даласында ағаштан салынған ерекше діни сәулет ескерткіштерінің бірі «Құнанбай қажы» мешітіне барады. «Алаш» қозғалысы қайраткерлері мен ұлт азаттығы жолында күрескен ақын, әнші-композитор Мади Бәпиұлына арналған ескерткішке барып, тағзым етпек.

– Қарқаралы мен Семей өңірі – тұнып тұрған қазақтың тарихы. Осыны біз жастарға жол бойы таныстырып, патриоттық сезімін нығайту әрі көпшілікке насихаттауды көздедік. Қарқаралы өңірі Қазақстанның мәдени-саясы орталығы болған. Яғни, бұл жерде қаншама мәдени, тарихи ескерткіштер көп. Қоянды жәрмеңкесі де бар. Сапарда жүріп осы тарихымызды жастарға айтып беру – міндет, – деді зейнеткер, қоғам белсендісі Сәкен Келдібаев.

«Елтану» тарихи-танымдық экспедициясы содан кейін Абай облысында өтеді. Семей қаласына барып, Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығымен тығыз байланысты қасиетті мекендерге экскурсия жасайды. Содан кейін «Абай–Шәкәрім» мемориалдық кешенін және ақынның әжесі Зере ананың кесенесін зиярат етіп, Абайдың «Жидебай–Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында қорытындыланады.

Материалдың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button