«Елтану» тарихи-танымдық экспедициясы Семейге жол тартты
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың 130 жылдығына арналған «Елтану» тарихи-танымдық экспедициясы алғашқы күндерін сәтті тамамдады. Екі ғасырлық тарихы бар Алаштың аяулы бесігі Қарқаралы қаласынан бастау алған танымдық сапардың алғашқы аялдамасы – Алаш ардақтыларына арналған тұғырлы ескерткіш.

Қарқаралы өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Сәтбек Сламбеков Ұлт қайраткерлеріне тағзым етіп, жастарға үлгі-өнеге ретінде танымдық дәріс жүргізді. Сапар жалғасы одан әрмен «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» деп өткен есіл ер Мәдидің тұғырлы ескерткішінде жалғасын тапты.
Биылғы экспедицияға арқау болған басты тақырыптың бірі – хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойы. Ал Абайды Қарқаралы өлкесімен тығыз байланыстыруға болады. Қарқаралы қаласындағы Құнанбай қажы мешіті – соның жарқын дәлелі. Экспедиция мүшелері осы бір көне мешітке де ат соқтырып, рухани сусындады.
Келесі аялдама – Абай тоқтаған Көк үй. Бұл үйде бұдан бөлек, ХХ ғасыр басындағы қазақтың ел болу жолындағы басты маңызды оқиғалардың бірі – Қарқаралы құзырхаты жазылды. Халиолла Бекметовтің бұл үйі бүгінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту орталығы.
«Елтану» экспедиция құрамы Қарқаралы қаласындағы аудандық өлкетану мұражайына арнайы соғып, мол мұрамен танысып, шұғылалы мекеннің шежіресімен танысты. Сапар саңлақтарының ендігі межесі – Қоянды жәрмеңкесі болды. Өз уақытында талай тарихқа куәгер болған бұл мәдени орталықтан бүгінде тек қойманың қираған орны ғана қалған екен.
Қарқаралыдан 80 шақырым қашықтықта орналасқан Қу-Балқантау өңірі де мәдениеттен кенде емес. Бұл өлкеде ұлт қалыптасуына сүбелі үлес қосқан небір алпауыт ірі тұлғалар өсіп-өнді. Солардың бірі әрі бірегейі – Нығмет Нұрмақов.
Экспедиция мүшелері биыл туғанына 130 жыл толып отырған ұлт қайраткері Балқантаудың баурайындағы Қызылшілік елдімекеніндегіАлаштың меценат-байы Ақайдың Хасені салған жеті класстық мектептің орнына барып, тәжім етті. Сапар жайлы мағлұматтың алғашқы легі осындай.
«Елтану» тарихи-танымдық экспедициясының мүшелері бүгін Семейге келді. Жалғасы бар…
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
“Ortalyq Qazaqstan”