Жаңалықтар

Елорданың ендігі тынысы

Астана. Кең-байтақ Қазақстанның алтын ордасы. Елдің әкімшілік әрі саяси орталығы ретінде даңғайыр даму жолын жалғастырып қана қоймай, жақын болашақта экологиялық таза, тұрғынына жайлы және технологиялық тұрғыда дамыған мегаполиске айналуға бел байлады. Елорданың серпілу стратегиясы жөнекей ғана инфрақұрылымдық жобалар жиынтығы емес, адам мен табиғат үндестігін қатар қамтамасыз ететін, «ақылды» шешімдер мен инновациялық технологиялар арқылы халқының өмір сүру сапасын арттыруды көздейтін кешенді де парасатты көзқарас жиыны.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Жасыл желек пен сандық серпіліс

Алдағы жылдары Астананың өн бойында көгалдандыру жұмыстары қарқын алып, қала жасыл желекке оранып, жаңа тыныс алады деп күтілуде.

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар мен қоғамдық кеңістіктер көбейіп, Астана адамға жайлы, қауіпсіз және ашық ортаға айналады. Қаланың орталық көшелері мен алаңдары тек көлік қозғалысы емес, адамдардың өзара араласуы мен қоғамдық өмір орталықтары ретінде қызмет етпек. Бұл урбанистік тәсіл қала мәдениетін дамытып, азаматтардың белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Астана заманауи технологияларды күнделікті өмірге енгізу арқылы нағыз «смарт-қалаға» айналуды мақсат тұтады. Цифрландыру үдерісі тек мемлекеттік қызметтерді автоматтандырумен шектелмей, көлік қозғалысын басқару, энергия үнемдеу, қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру және экологиялық мониторинг салаларын да қамтиды.

Табиғат пен технологияның тоғысқан тұсы

Елордамызда IT-сектор қарқынды дамып келеді. Арнайы технопарктер мен стартап хабтар арқылы жаңа идеялар қолдау тауып, болашақтың шешімдері бүгіннің өзінде іске асырылуда. Білім беру мен ғылымды дамыту, жас таланттарды қолдау – елордада технологиялық экожүйені қалыптастырудың негізі болмақ. Сонымен қатар, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту арқылы қалада тұрақты әрі үнемді жүйелер іске қосылады.

Бүгінгі Астана – алып құрылыс алаңы ғана емес, елдің болашағын бейнелейтін бірегей символ. Қала экология мен технологияның, жайлылық пен қауіпсіздіктің, дәстүр мен инновацияның үйлесім табатын орнына айналуда. Елорданың даму жоспары – әрбір тұрғынның игілігі үшін жасалып жатқан ауқымды әрі жүйелі бастамалардың айғағы.

Сенсормен сөйлесетін қала

Ал, «Smart City» тұжырымдамасы аясында жасанды интеллект пен нейрондық желілерді пайдалану мүмкіндіктері зерделеніп, зерттелуде. Бұл технологиялар қалалық қызметтерді тиімді басқаруға, көлік ағындарын оңтайландыруға, коммуналдық желілерді қашықтан бақылауға және тұрғындардың қажеттіліктеріне жедел әрекет етуге мол мүмкіндік береді. IT-секторды дамыту – елорданың экономикалық бағытының басым бағыттарының бірі. Бұл салада жаңа жұмыс орындарын ашу, технологиялық стартаптарды қолдау және жас мамандарды тарту арқылы қала инновациялық хабқа айналуда. Арнайы технопарктер мен IT-инкубаторлар шеңберінде көптеген жобалар жүзеге асырылып, цифрлық экономиканың негізі қалануда. Сондай-ақ, болашақта «ақылды» көлік жүйелері мен автоматтандырылған ғимараттар салу жоспарланып отыр. Мұндай нысандар энергия үнемдеу, ресурсты тиімді пайдалану және экологиялық жүктемені азайтуға бағытталады.

Елорданың дамуында жаңа кезең басталды. Астана қаласы сенімді инфрақұрылым мен заманауи сәулеттік шешімдер арқылы болашақ қаласына айналу жолында нық қадамдар жасап келеді. Бұл өзгерістер тек қала келбетін ғана емес, тұрғындардың өмір сапасын да жақсартуға бағытталған. Қала халқы мен өндірістік нысандарды үздіксіз және сапалы электр энергиясымен қамту үшін жаңа қосалқы станциялардың құрылысы қарқынды жүргізілу үстінде. Бұл тек ағымдағы қажеттіліктерді қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақта энергия тұтынудың артуына дайын болуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, газбен жабдықтау саласында да маңызды қадамдар жасалуда. Астана қаласындағы АГРС-1 және АГРС-2 қайта жаңғыртылып, олардың өнімділігі мен сенімділігі артады. Бұл тұрғын үйлер мен кәсіпорындарды табиғи газбен үздіксіз жабдықтауға жағдай жасайды.

Инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту – қалалық өмірдің ажырамас бөлігі. Жаңа жолдар, көпірлер мен көлік тораптары Астананың түрлі аудандарын тиімді байланыстырып, жолаушылар мен жүк тасымалына қолайлы жағдай туғызады. Бұл қала ішіндегі қозғалысты жеңілдетіп, уақыт үнемдеуге сеп болады. Астана сәулетінде болашаққа бағытталған тың идеялар мен экологиялық таза технологиялар үйлесім табуда. Қаланың жаңа келбеті футуристік сипат алып, заманауи архитектуралық шешімдер арқылы ерекше эстетикалық әсер қалдырады. Тұжыра келе, Астана – заманауи технологиялар, экологиялық тұрақтылық пен жайлы өмір сүру ортасын біріктіретін нағыз болашақ қаласы. Елорданың даму стратегиясы тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру жағдайларын жасап қана қоймай, Қазақстанның инновациялық және тұрақты даму жолындағы көшбасшы ретіндегі рөлін нығайта түседі.

Мен IT-салада жұмыс істеймін, сондықтан, технопарктер мен стартаптарға арналған жағдайдың жасалып жатқаны, жас мамандарға жол ашылуы – елорданың шын мәнінде келешекке бағыт алғанын дәлелдейді. Астана бүгінде тек әкімшілік орталық емес, адамдар үшін өмір сүруге жайлы, мүмкіндіктерге толы қалаға айналып келеді. Осы қарқынмен жалғаса берсе, біз балаларға мақтанышпен қалдыратын шаһарды көріп қана қоймай, соны бірге жасайтын боламыз! – дейді қала тұрғыны, IT-маманы Меруерт Нұрахметқызы.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button