«Сарыарқа» елордалықтарға есе жіберді
Араға біраз уақыт салып, хоккей жанкүйерлерінің назары қайтадан мұз айдынына ауды. Олай дейтінім, ел чемпионатының жаңа маусымы ресми түрде шымылдығын түрді. 2025-2026 жылғы маусымда 10 команда мұз айдынында кубок үшін барын салмақ. Қарағандылық «Сарыарқа» клубы да алғашқы кездесуін өткізіп үлгерді. Сонымен қатар, спорттық бәсекеден бөлек, маркетинг саласында да биіктен көрінді. Клуб биылғы Altyn Adam Marketing Awards 2025 ұлттық сыйлығының екі бірдей маңызды номинациясында жеңімпаз атанды.

Әуелі, өткенге шолу жасасақ. Былтырғы маусымда жерлестер ел чемпионатының қола жүлдегері атанды. Былтыр – құрам да, команданың ойыны да керемет жүрді. Бірақ, шамалы сәттілік жетіспей қалғаны бар. Одан бөлек, күні кеше Қазақстан кубогіне де қатысып, ақтық кезеңге дейін жетті. Өкінішке қарай, финалда өскемендік «Торпедодан» айласын асыра алмады. Бұл жолы да сәттілік серік болмады-мыс.
Маусым аяқталғанда клубтың баспасөз қызметі сүйіншілеген хабар таратты. Клуб еліміздің беделді ұлттық Altyn Adam Marketing Awards 2025 сыйлығының екі бірдей маңызды номинациясында жеңімпаз атанған көрінеді. Атап айтсақ, «Ең үздік демеушілік активация» және «Ең үздік мерчендайзинг» аталымында топ жарған. Бұл дегеніңіз еліміздегі спорт маркетингін дамытуға және клуб брендін ілгерілетудегі жаңашылдығы үшін берілетін сыйлық. Команданың өткен маусымдағы ойынына, әрі ойынды қалт жібермейтін жанкүйерлеріне қарап дәл осы марапаттың «Сарыарқаға» лайықты табысталғанына көз жеткізесіз. Демалыс уақытында бас бапкер Владимир Князев құрамды қайта жасақтап, бірнеше ойыншыны қатарға қосқан болатын. Сәйкесінше, ойын тактикасын да өзгертіп, жаңа маусымға азды-көпті жаңашылдықпен келді.
Жерлестер ел чемпионатындағы алғашқы ойынды елордалық «Номад» клубына қарсы өткізді. Нақты айтсақ, өз алаңында қабылдап, 1:4 және 4:5 есебімен екі кездесуде де есе жіберді.
Алғашқы кездесу жерлестер үшін оңайға соқпады. Өз алаңында ойнағанымен ұпай алған жоқ. Алғашқы екі айналымның қорытындысы бойынша 2:0 есебімен елодалықтар алда тұрған-тын. 26-шы минутта Кирилл Пономарев есеп алшақтығын қысқартты. Алайда, үшінші айналымда қарсыластар екі шайба салып, есепті еселеп кетті.
Өкінішке қарай, екінші ойында да жерлестер қарсыластарынан айласын асыра алмады. Алғашқы айналымда қарсыластар бірден төрт шайба салып, есепте алға шығып кетті. Тіпті, екінші айналымның басында тағы бір шайба салып, жерлестерге мүмкіндік қалдырмады. Таблодағы көрсеткіш – 0:5. Алайда, алаң иелері соңғы екі айналымда ес жинап, ойын тізгінін қолға алды. Нәтижесінде, Эдуард Михайлов, Евгений Королинский, Никита Баженов пен Руслан Демин көзге түсіп, есеп алшақтығын қысқартты. Дегенмен, таразы басын теңестіруге қарсыластар мүмкіндік бермеді. Осылайша жерлестердің алғашқы ойыны сәтсіз өтті. Бірақ, ел чемпионаты енді ғана басталды. Қысқасы, қызықтың бәрі алда. Енді жерлестер 12 қыркүйекте рудныйлық «Горнякты», 16 қыркүйекте «Ақтөбе» клубын өз алаңында қабылдайды. Ал, 21 қыркүйек күні сырт алаңда көкшетаулық «Арланмен» кездеседі.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»