Елордада Қарағанды тұрғынынан қару тәркіленді
Астана қаласы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іс-шара барысында қару мен жарылғыш заттарды заңсыз алып жүру фактісін анықтады. Түнгі уақытта Абылайхан мен Жансүгіров көшесінің қиылысында 22 жастағы жүргізуші басқарған Lada Priora автокөлігі тоқтатылып, артынша көлік ішінен қару тәркіленді, деп хабарлайды Оrtalyq.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

22 жастағы жолаушыны жеке тінту барысында оның күртешесінің оң қалтасынан ОСА тапаншасы, сол қалтасынан РГД-5 гранатасы табылды. Полиция қызметкерлері дереу гранатаны жарылғыш заттарды сақтауға арналған колбаға орналастырған. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта қару мен граната тәркіленген Қарағанды қаласының тұрғыны ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті сараптамалар тағайындалды, тексеру жүргізіліп жатыр.