Спорт

Эльмира ӘЛИЕВА: ТМД бойынша біріншіміз

Үстел теннисінен Қазақстан әлемдік аренада өз әлеуетін мойындатты. Бұл дәрежеге жетуде қарағандылық спортшылардың үлесі қомақты. Үстелдің арғы бетіндегі қарсыластарын ойсырата жеңіп, халықаралық жарыстарда озық шыққан қарағандылық Зәуреш Ақашева мен Алан Құрманғалиевтің жеке жаттықтырушысы Эльмира Әлиева осы спорттың қыр-сыры және болашақ жоспары туралы айтты.

Суретя: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Ең үздік спортшыларыңыз Зәуреш Ақашева мен Алан Құрманғалиев еліміздің туын әлемдік аренада желбіретуде. Чемпиондар жайлы жеке жаттықтырушысының ойы қандай және олардың алдағы жоспарларымен таныстыра кетсеңіз.

– Зәуреш Ақашева үстел теннисінен Қазақстанның бірінші ракеткасы, әйелдер арасындағы Ұлттық құрамасының көшбасшысы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, республикамыздың ең атақты теннисшісі. Ол қаңтар айында Катардағы Азия іріктеу турнирінен сәтті өтіп, әлем чемпионатына жолдама алды. Чемпионат мамыр айының соңында Оңтүстік Африка Республикасының Дурбан қаласында өтеді. Зәуреш қазір қызу дайындық үстінде. Алдағы жарыста жақсы жетістікке жетеді деген үміттеміз.

Алан Құрманғалиев жайлы сөз қозғайтын болсақ, ол Қазақстан Республикасының ең жас спорт шебері, халықаралық дәрежеде де ең жас спорт шебері, еліміздің үстел теннисі тарихындағы ең жас чемпионы, Азия жасөспірімдер чемпионатының қола жүлдегері және желтоқсан айында Тунисте өткен жастар әлем чемпионатында екі медаль жеңіп алды. Ол жекелей сында қола жүлдегер атанып, аралас жұпта әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Алан Португалиядағы Халықаралық жасөспірімдер турнирінде бақ сынауда. Турнирді сәтті аяқтап, елге жақсы жаңалықпен оралады деген үміттеміз.

– Спортшылардың мұндай нәтиже көрсетуі үшін қолдау маңызды. Осы спорт түріне мемлекет тарапынан қаншалықты қолдау көрсетілуде?

– Әрине, мұның бәрі Қазақстан Республикасы үстел теннисі федерациясының орасан зор жұмысының арқасы. Олар спортшыларды қолдау мақсатында еліміздің сегіз өңірінде қазіргі заманғы құралдармен жабдықталған үлкен теннис орталықтарын салды. Оның бірі – Қарағандыда. Теннисшілерге қолайлы жағдайлар жасалған, заманауи жабдықтар мен сапасы жоғары үстелдер жеткілікті. Мұндай орталықтар алпыс жыл бойы біріншілікті бермей келе жатқан Қытай мен Жапония, Корея елдерінде ғана бар. ТМД елдері ішінде тек бізде үстел теннисі осынша жоғары дәрежеде дамыған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы үстел теннисі федерациясы басшылығы жас жаттықтырушыларды қолдау мақсатында арнайы стипендия тағайындаған. Бұл оларды қанаттандыратыны сөзсіз. Осы спорт түріне енді аяқ басқан жас буынға да көрсетіліп жатқан қолдау жетерлік. Біз де өз кезегімізде еліміздің үмітін ақтауға тырысамыз.

– Сіз айтқан үстел теннисінің алғашқы бестігінен түспей келе жатқан Қытай, Жапония, Корея, Тайпей, Гонконг және басқа да Азия елдері жайлы ойыңыз қандай? Үстел теннисі Еуропаға қарағанда Азия елдерінде жақсы дамыған ба?

– Қытай 60 жыл бойы әлемде жетекші орынға ие болып келеді. Сондай-ақ, Жапония әлемдегі ең мықты бес команданың қатарында. Еуропа елдерінен Германия және Франция елдері жақсы нәтижелер көрсетуде. Егер, әлем бойынша командалық рейтингті қарастыратын болсақ, ең мықты ондықтың тізімінде Азия елдері басым түскен.

– Қарағанды облысындағы үстел теннисінің тыныс-тіршілігі қалай?

– Әрине, Қарағандының үстел теннисі қарқынды дамуда. Жоғарыда айтып кеткендей, заманауи жабдықталған үлкен орталықтардың бірі бізде салынған. Орталықта теннисшілер бар күшін салып, үздіксіз жаттығуда. Жаңа буын да қызығушылық танытып, ата-аналар өз балаларын осы спортқа беруде.

– Жаңа буын демекші, баланы неше жастан бастап дайындаған жөн және теннисшілер спортқа күніне қанша сағат арнайды?

– Алты жастан бастап, кейін кеш болуы мүмкін. Алты жастағы балалар аптасына сегіз сағаттан дайындалады. Қарағанды облысының құрамасы күніне екі рет үш сағаттан, жалпы алты сағат дайындалады. Спорт – олардың негізгі қызметі. Олар стипендия алып, толық қаржыландырылады.

– Спорт – денсаулық үшін өте пайдалы екені жалпыға белгілі. Үлкен теннис пен үстел теннисінің айырмашылығы мен адам организміне қалай әсер ететіні жайлы айта кетсеңіз?

– Екеуі де өте қиын спорт түрі. Адам денесіндегі барлық бұлшық ет қозғалысқа түсіп, жүрекке, өкпеге оң әсерін берері сөзсіз. Есте сақтау қабілеті мен адамның зейіні жақсара түседі. Үлкен теннис көбірек физикалық қабілетті қажет етсе, үстел теннисі жылдамдық пен зейінді қажет етеді. Доп қолмен тікелей байланыста болмағандықтан, оны сезу едәуір қиын.

– Ең үздік чемпиондарды дайындаған жаттықтырушы, яғни өзіңіз жайлы айтсаңыз. Сіздің кезіңіз бен қазіргі уақыттағы үстел теннисінің дамуында көп айырмашылық бар шығар?

– Мен спортқа он бір жасымда келдім. ХХ ғасырдың аяғында да үстел теннисі қарқынды дамыған еді. Бізге Флера Хасанова, Татьяна Медведева деген халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері үлгі болды. Біздің жастар сол уақытта КСРО чемпиондары атанды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін экономикалық дағдарыс болды. Қаржыландыру болмады. Ештеңеге қарамастан біз үстел теннисі мектебін сақтап қалдық. Еліміз өз тәуелсіздігін мойындатып, бар қиындықты артқа тастағалы бері жиырма жыл қатарынан біз де жоғары нәтиже көрсетіп келеміз. Соңғы үш жылда тіптен дамудың шегіне жеткендейміз. Дегенмен, алға қойған мақсат көп. Осы орталықтағы өзіміздің төрт жаттықтырушымыз және бір шет елден шақырылған жаттықтырушымен бірге теннисшілерді үздіксіз дайындаудамыз. Көп адам үстел теннисін спорт ретінде көрмейтіні қынжылтады. Спорт түріне жатпайтын болса, ол олимпиадалық болмас еді. Десе де, біз де күннен күнге бұл спорттың маңызын дәлелдеп келеміз.

– Жақын арадағы жоспарларыңызды айта отырсаңыз…

– Осы айдың 20-нан кейін IV Жазғы республикалық спартакиада болады. Республиканың әр бұрышынан барлық теннисшілер Қарағандының үстел теннисі орталығында жиналады. Осыған дейін біз екі рет күміс, үш рет алтын иеленіп, чемпион атанған едік. Осы жылы да чемпион атағын сақтап қалуға тырысамыз. Бұл – Қарағанды облыстық құрамасы алдындағы басты мақсат. Ал, Қазақстан құрамасының «жұлдыздары» Зәуреш пен Алан Дурбан қаласында өтетін чемпионатта Көк Туымызды желбіретуге ниетті.

Сұхбаттасқан Ақерке МҰХАММЕД-АЛИ,
Е.Бөкетов атындағы
Қарағанды университетінің
4-курс студенті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button