Руханият

Əлкей əлемі

Биыл қазақ археология жəне этнография ғылымдарының атасы, академик Əлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толады. Бүгінде оның көзін көріп, сөзін тыңдаған адам санаулы. Бірақ, ғұлама ғалымның туған інісі Адаштың баласы Мырзакəрімнің ол туралы айтары аз емес.

Суретте: Əлекең – туыстар арасында, 1973 жыл. Сурет автордікі

Облысымыздың ветеринария саласында ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан Мырзекең қазір отбасымен Қарағанды қаласында тұрады. Жасында күреспен айналысып, жауырыны жерге тимеген балуан ағамыздың түр-тұлғасы батыр бабасы, Орта жүзге ұран болған Олжабай батырдан бір аумайды. Күректей алақанының өзіне бір кісінің екі қолы сыйып кеткендей. Өйткені, Əлекең екеуі де сол аруақты Олжабай батырдың тікелей ұрпақтары. Шежіре бойынша 13 жасында би болған Айдабол бабасынан Малғозы, одан Толыбай, одан Олжабай, Орман туады. Осы Орман Жаяу Мұса мен Олжас Сүлейменовтің арғы атасы болса, Олжабайдың Дулатынан – Марғұлан, одан – Хақан, одан Маусым, Əлкей, Адаш, Мəді болып тарайды. Адаштан осы Мырзакəрім ағамыз.

Хақан атасының үлкені Маусым небəрі 22 жасында дүние салса, одан кейінгі Əлкейі 1904 жылдың 11 мамырында Павлодар облысы Баянауыл округіндегі Ақбеттау болысының 2-ауылында, Жасыбай тауының баурайында дүниеге келген. Əке-шешесі Хақан мен Сəлиман ескіше сауатты, халық əндері мен жырларын, аңыз əңгімелері мен ертегілерін көп біледі екен. Бұлардың шаңырағында заманының дара перзенттері Жаяу Мұса, Мəшһүр Жүсіп, Қаныштың əкесі Имантай жиі қонақта болып, құймақұлақ қара бала сонда естігендерін көкейіне тоқи береді. Бес жасынан бастап, «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» қиссаларын жатқа соққан оның əдебиет пен өнерге, тарихқа əуестігі мен құштарлығы сол кезден басталып, қалыптасса керек.

Əуелде ауылдағы бастауыш мектепте сауатын ашып, хат таныған Əлкей Баянауылдағы үш сыныптық орыс мектебінде оқып, одан кейін Павлодар қаласындағы Мұғалімдер курсына оқуға түседі. Бір жыл оқып, оны бітірген 1920 жылы елге оралып, Ақбеттауында бала оқыта бастайды. Алайда, мұнымен қанағаттанбаған жас білімін жетілдіру мақсатында Семей педагогикалық техникумына емтихан тапсырып, қабылданады. Бұл оқу орнының директоры 1930 жылдары жазықсыз жаланың құрбаны боп кеткен жерлесі, Қаныштың немере ағасы Əбікей Зейінұлы Сəтбаев болатын. Кейіннен тағдырдың жазуымен Əлекең 1939 жылы сол аяулы ұстазының қызы Раушанға үйленеді. Ал, өзі де əйгілі əулеттен шығып, медицина ғылымының докторы атанған Раушан Сəтбаева екеуінің некесінен жалғыз қыз Дəнел ғана болып, 84 жастағы бұл апайымыз осы күнде Алматы қаласында қызы Дəмеш пен жиендерінің ортасында тұрып жатыр. Ол да анасының жолын қуып, медицина ғылымының кандидаты дəрежесін алған. Біз ол кісімен 2007 жылы Олжабай батырдың туғанының 300 жылдығы тойланған тұста жолығып, танысқан едік. Сол жылдың тамыз айында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде өткен ғылыми-практикалық конференцияға қатысқан соң, Мырзакəрім ағамыз, бір топ журналист бар, бəріміз Ақмола облысы Ерейментау ауданының Благодатное (қазір Олжабай) кентінде болған батыр бабаның асына барып, қатысқанбыз.

Сонымен, студент Əлкей Семейде жүргенінде Мұхтар Əуезов, Мағжан Жұмабаевтармен танысып-біліседі. Ал, Мұқаңмен достығы 1925-1931 жылдар арасында Ленинградтың Шығыстану университетінің филология факультетінде қатар оқыған кезеңінде жалғаса түсіп, өле-өлгенше үзілмейді.

Ленинградта оқыған жылдарында Əлкей Хақанұлы Өнер тарихы институтында да дəрістер тыңдап, қазақ халқының тарихы мен мəдениетін жан-жақты зерттеп, қыруар əдеби жəне мұрағат деректерін жинайды. Ол 1926-1927 жылдары академик А.Ферсман мен профессор С.Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан жəне Алтай экспедиция сының жұмысына қатысады.

Сол университетті бітірген 1929 жылдан қашан 1985 жылдың 14 қаңтарында көз жұмғанша ғалымның өмірі мен қызметі Қазақстанда өтіп, ол соңында қаншама шəкірттер мен 14 томдық еңбектерін қалдырды. Əлкей Марғұланның жетекшілігімен Қазақстанда археологиялық қазба жұмыстары мен этнографиялық зерттеулер кеңінен жүргізілді. Сырдария, Талас жəне Шу өзендерінің бойынан ежелгі қала мəдениетінің ізі анықталып, Отырар, Тараз, Сайрам, Сығанақ қалаларының орындары зерттеліп, ел ішінен көне аңыз, ертегілер мен эпикалық жырлар көптеп жиналды.

Əлекеңнің тиянақты жүргізген зерттеулерінің нəтижесі 1950 жылы шыққан көне Қазақстанның қалалар тарихы туралы көлемді еңбегінде терең талданып, ғылыми сипаттама берілді. Ол Орталық Қазақстанда да жүйелі түрде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, қола дəуірінің жəне көшпенді тайпалардың мəдениетіне түбегейлі үңілді. Олар Беғазы-Дəндібай мəдениеті туралы монографиясы мен 5 томдық Қазақ КСР тарихында көрініс тапты. Шоқан Уəлихановтың таңдамалы шығармалар жинағының 5 томдық академиялық басылымының жарық көруінде де оның еңбегі зор.

Осы көп жылғы ғылыми ізденістері мен еңбегі үшін Əлкей Марғұланға академик (1958), Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961) атақтары беріліп, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен марапатталып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алған.

Міне, еліміздің ғылымы мен мəдениетін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан Əлкей Марғұланды халқымыз ғана емес, туған-туыстары да мақтан етеді. Жасынан оқудың соңына түсіп, елден жырақ кетсе де, ғалым оларды есінен шығармаған.

Мырзекең Əлкей ағасын 1960 жылы 10 жасында ғана көргенін айтады. Сол жылдың жазында ата-анасы Адаш пен Сəлиман, інісі Бораш төртеуі Алматы қаласына барады. Бұларды Əлекең үй іші қуана қарсы алып, онда 2 апта аунап-қунап жатады.

– Əлкей ағамыздың үйі Карл Маркс пен Фурманов көшелерінің қиылысындағы 4 бөлмелі кең пəтерде екен. Біз сол пəтерде армансыз асыр салып ойнадық. Ағамыз өте балажан адам болып көрінді. Інім екеумізге ақшаны аямай ұстатып, біз оған көшеге шығып, қалаған тəтті-дəмді мен ойыншықтар алдық, – дейді Мырзакəрім ағамыз сол күндерді еске алғанда.

Бұлар ол кезде бұрынғы Молодежный ауданының «Осакаров» кеңшарында (қазір Жансары ауылы) тұратын. Сол ауылға Əлкей Хақанұлы 1973 жылдың жазында əуелі өзі, он күннен соң қызы Дəнел келіп, інісі Адаштың үйінде бір айдай демалады. Екеуі осы мезгіл ішінде ауылдағы ағайындармен араласып-құраласып, бəрінің үйінде қонақта болады. Өткен-кеткен айтылып, отырыстарда əңгіменің тиегі ағытылады.

Негізі, бұл жерлер ежелден Сүйіндік-Қаржас руларының жаз жайлау, қыс қыстауы болған аймақ еді. Осында Олжабай батыр бастаған қазақ жасағының 20 мың шүршіт қолын талқандаған Шүршітқырылған жазығы жатыр. Сол маңда Арыстанбай, Марғұлан, Хақан бабалары мен олардың бəйбішелері жерленген. Осы келісінде Əлекең өзі бастап, ел адамдарымен бірге олар жатқан үлкен қорымды қоршап, құлпытастарын қойып кетеді .

Ал, 1985 жылдың 14 қаңтарында Əлкей ағалары қайтыс болғанда, шешесі Сəлиманды Алматыға ертіп барып, ол Ғылым Академиясында болған қоштасу рəсімінде жоқтау айтқанда жиналған жұрттың сай-сүйегін сырқыратып, «Келін болсаң, осындай бол!» дегізген.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, академик Əлкей Марғұланның есімі елінің жүрегінде. Оның ғажап əлемінде тарих пен археология, əдебиет пен мəдениет, этнография мен этнология, шығыстану мен өнертану да бар. Бір кезде өзі жұмыс істеген Тарих, археология жəне этнология орталығы бүгін оның атын алған институтқа айналса, Астана, Павлодар, Екібастұз, Жезқазған қалаларында бірнеше мектеп пен көшеге оның есімі берілген. Павлодар қаласында мүсіні орнатылып, ондағы университетте Əлкей Марғұлан атындағы стипендия тағайындалып, мұражай ашылған. ЮНЕСКО-ның шешімімен 2004 жылы қазақ археологиясының атасы, академик Əлкей Марғұланның 100 жылдық мерейтойы дүниежүзілік деңгейде аталып өтті. Ал, бұл игі істен Қарағанды облысы ғана кенжелеу қалып келеді. Бізде тек Бұқар жырау ауданындағы Петровка селосының орта мектебі ғана ғалым есімін иеленген. Енді Əлекеңнің биылғы мерейтойында облысымызда осынау ерек тұлғаның есімі ескеріліп, ұлықталып жатса, артық болмас еді…

Ержан ИМАШ,
ҚАРАҒАНДЫ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button