Елін сүйген жүректің естелігі
Биыл Жаңаарқа ауданына қарасты Түгіскен ауылы өзінің 90 жылдығын атап өтті. Туған ауылымыздың осы торқалы тойы қарсаңында әкем, белгілі қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғали Кенжетаевтың жеке архивінде сақталған құжаттарын қарап отырып, мына бір естелігін тауып алдым. Түгіскен ауылының арғы-бергі тарихына шолу жасап, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы талайлы тағдыры туралы мол мағлұмат қамтылған екен. Оның үстіне, биыл – Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығы. Саналы ғұмырында Қарағанды облыстық мәслихатының екі шақырылымына депутат болып, халық аманатына адалдық танытқан әкемнің туған жерін түлетудегі еңбегі мен қиындық-кедергіге толы еңбек жолы қамтылған бұл естелік ұрпақтары үшін ең қастерлі қазына болып отыр. Соны хатқа түсіріп, баспаға беруге ниет еттім. Олай болса, естелік сыр шертсін…
Жаңаарқа топырағының әр тасы мен көдесі, ұшқан құсы мен жортқан аңына дейін маған ыстық. Осы өңірде мен баспаған тау-тас жоқ. Таң алакеуімде тұрып, беттен өпкен Арқаның самалына шомылғаннан артық бақыт жоқ деп білемін. Мен өз Түгіскенім туралы тебірене, мақтана да, шаттана сыр шертемін. Себебі, осы құтты мекен туралы қаншама айтса да көптік етпейді. Осы өңірден есімі алты Алашқа танымал талай марқасқалар дүниеге келген. Мен өз Түгіскенімнің болашағына сенемін. Себебі, Түгіскенімнің азаматы – мәрт, жері – құнарлы. Ғалымдардың айтуынша, Түгіскен топырағында 540 түрлі өсімдік өседі екен.
Адамзат қоғамы сан өзгергенімен, Табиғат-Ана өзгерген жоқ. Түгіскеннің аты талай өзгергенімен, мәні сол қалпында қалды. Егер аз-кем тарих беттеріне үңілсем, Түгіскен жерінен қанат қағып ұшқан, есімі жалпақ жұртына танымал болған арыстардың аз емесін көремін. Алты Алашты аузына қаратқан қобызшы Ықылас Дүкенұлы, сол тәрізді Мамай батыр, Бердіқожа батыр, Шора батыр, Арап батыр дүниеге келген өңір бұл. Кенесары ханның жасақшысы болған Жағалбайлы Мыңжасар бабам осы топырақта туған.
Ғасыр басында аумалы-төкпелі заманда елдің қоғамдық өміріне белсене араласқан менің аталарым Бәйсейіт Әділұлы, Дінмұхаммед Әділұлы, ҚазКСР Совнаркомның бірінші орынбасары, кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы, Алматы қалалық, одан соң Алматы облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болған Жанайдар Сәдуақасов осы өңірден түлеп ұшты. Осы берекелі өңірде Кеңес Одағының батыры Амантай Дәулетбеков, Бәкен Серікбаев, Шәбден Ералиев дүниеге келді.
1960 жылдардың басында осы жерде «Жеңіс» совхозы құрылды. Колхоз кезінде де атағы шартарапқа жайылған шаруашылық бұдан соң дамудың жаңа сатысына көтерілді. Қатарынан әлденеше мәрте Қазақстан Орталық Комитетінің, Жоғарғы Кеңесінің және Министрлер Кеңесінің Құрмет грамоталарымен награтталды. 1971 жылы Қазақстан Орталық Комитетінің, Жоғарғы Кеңесінің және Министрлер Кеңесінің Қаулысымен совхоз республиканың «Алтын кітабына» жазылып, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Совхоз директоры Ыдырыс Жұмабеков пен шопан Сатан Ысқақов Еңбек Ері атанды.
Осының бәрі тер төге атқарған адал еңбектің нәтижесі еді. Уақыт жүйрік, ол үнемі ілгеріге жетелейді. Егер осы құдіретті Уақыт талабына сай әрекет жасап, тірлік етпесең, далада қаларың анық. Өйткені, ол сенің кешегі табысыңды, атақ-даңқыңды қажет етпейді. Иә, өткендегі жетістік, кешегі шыққан биік пен алған асулар бүгінгіге өлшем емес. Өмірдің қатал заңы да осындай. Себебі, өмір бір орнында тұрмайды сен оған ілесе білуің керек. Бұл күнде заман өзгерді, соған қоса адамдардың да ойлау машығы, өмірге деген көзқарасы өзгеруі қажет деп білемін.
Мен «Жеңіс» совхозына 1992 жылғы қазан айында директор болып келдім. Ол бір күрделі кезең болатын. Шаруашылықтар жаңа үрдіске көшіп, көбі жекешелене бастаған. Көбі емес-ау, жаппай жекешелендіру науқаны басталған. Шешім алынып, нұсқау түсті ме, күні ертең өзіңнің аш-жалаңаш қалатындығыңды білсең де соны орындауың қажет. Мұның өзін көптеген шаруашылықты тығырыққа тіреп, адымын жаздырмағанды науқаншылық деп білемін. Бір жерде осылай болған екен немесе бастама көтерілген екен соны жаппай орындауың қажет. Мәселенің мәнісіне барған ешкім жоқ, жекешелендіруді ұран етіп, жаппай ортаның малын ел-жұртқа үлестіргендер аз болмады. Рас, аспаннан құймақ жауғандай елдің біразының қарық болғаны да шын. Алайда, мұның өзі бір сәттік, бір мезеттік алдамшы құбылыс еді.
Не керек, жатсам-тұрсам ойлайтыным басы 40 мыңға жетіп қалған қойымызды шашыратпау болды. Бірақ та жекешелендіру деген алпауыттың орнынан қозғалып, жүзеге аса бастағанына да біршама уақыт өткен. Обылыстан (ол кезде Жезқазған облысымыз) күнде нұсқау түседі. «Ана шаруашылық, мына шаруашылық жекешелендіруді тап-тұйнақтай етіп қойыпты, мал басын жүз процент жекенің қолына берген, сендердікі не жалпы облыстың көрсеткішіне кері әсер тигізіп отырсыңдар» дейді. Әйтеуір, демократия деп шулап жүрген кезіміз ғой. Жоғары жақ бұрынғыдай белден басуға тайсақтайды. Десе де, артында жалаңдаған қылышы бар, ызғарын да жасырмайды.
Жекенің қолына мал кетіп қалса, билік те қолымнан кетеді дегендік емес, өз болашағымыз үшін, шаруашылық үшін, осы жерді мекен ететін халық үшін бөлінбеуміз қажет екенін ұғындым. Сөйтіп, басымды тәуекелге тігіп, облыс басшылығының айтқанына келіспедім. Сонда мен ауылымыздың аптал азаматтарына арқа сүйеп, осындай шешімге бардым. Оным бір күндік тоқтықты емес, халқымның келешегін, алдағы күнімізді ойлағандығым еді.
Жекешелену бізге әлі ертерек деген ойымды мамандар Смағұл Сәлкебаев, Қайролла Жұматов, Балапан Мәмбетов, шопандар Жазыбек Құлжанбеков, Ерғали Сәденов, Жетпіс Нақыпов, жылқышы Сайлау Мұхаметжанов, механизаторлар Айтбай Салқынов, Ерғали Есенгелдин, Әубәкір Көшеков, Әмзе Шотанов, Жақсытай Нұрланов тағы да басқа адамдармен бөлістім. Барлық ауыл азаматтары менің ұстаған бағытымды дұрыс деп таныды. Күрделі, жауапты шақта ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесіне ден қойдым. Көпті көріп, талайды бастан кешкен Әбілқайыр Асқаров, Сүйіндік Бәйкенов, Әбдікәрім Әбдірайымов, Сатан Ысқақов, Әбілда Хасенов, Айтжан Сұлтанбеков сияқты көненің көздері өз ақыл-кеңестерімен қолдау білдіріп, мені жігерлендірген.
Шаруашылық мүшелерінің жалпы жиналысын өткіздік. Көптеген азаматтар өз пікірлерін ашық айтты. Сөйтіп «Бөлінбейміз, бөріге жегізбейміз» деп жалпы жиналыстың шешімін қабылдап, бір данасын жоғарғы жаққа жолдадық. Шаруашылығымыз акционерлік қоғам болып, көпшіліктің ұйғаруымен акционерлік қоғамның президенті болып сайландым.
Жекешелендірудің тырнағынан аман қалуымыздың тағы бір себебі біздің шаруашылық 1975 жылдан ғалымдардың басшылығымен қазақтың қылшық жүнді қойының ақ түсті жүн беретін тұқымын шығаруды мақсат етіп қойған еді. Бұл жолда ғылымның соңғы жетістіктерін, түрлі тәсілдері мен селекциялық әдістері пайдаланылды. Міне, осы асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық болуымыз бізді жекешелендіру шеңгелінен аман алып қалды.
Акционерлік қоғамымыздың мемлекеттік акциялар пакеті асыл тұқымды мал өсірумен және оның генетикалық қорын сақтаумен айналысатын «Асыл» мемлекеттік акционерлік компаниясына берілді. Түбі «Еділбай» тұқымды отыз бес мың қойымыз әзірге әлемдегі «Жаңаарқа» тұқымды бірегей, басқа жерде кездеспейтін ақ жүнді қой болып саналуына Ертұғыр Есентаев сынды ғалымдар отыз жылға таяу тынбай атқарған еңбектері сеп болды. Сол сияқты біздің Түгіскен ауылы халқымызды әлемге танытар ірі жаңалық ашты. Ол – қымызға ешқандай зат қоспай, оның дәмін, қышқылдық, тағы басқа қасиеттерін жоғалтпай, сол қалпында бір жыл сақтайтын әдісті табуымыз. Бұл тәсілді біз бір күнде таба қойған жоқпыз. Оны білсек те, көп уақыт құпия сақтадық. Ашқан жаңалығымызды ғалымдар, мамандар сарабына салудың сәті егемен ел атанған соң ғана мүмкін болды. Тиісті саланың бәрінен оң баға алған соң, 1992 жылы құжаттарымызды Қазақстан Республикасының Ұлттық патенттік ведомоствосына патент алу үшін тапсырдық. Ұлттық патенттік ведомствосы 1994 жылы №330 өнертапқыштық патентті берді. Жаңалықтың авторлары – өзіміздің Түгіскеннің тұрғындары Апахан Мусин, Бибіжамал Нұрпейсова және Өркен Бердалина. Қолымызда жеткілікті бие бар, қымыз да ашытылады. Көп жылдан бері осы бағыттағы шаруаны дөңгелетіп әкетуге, шаруашылығымызға тағы бір табыс көзін қаратуымызға қымыз өңдейтін микрозаводқа, оған қажетті құрал-жабдықтарға қолымыздың жетпеуі қолбайлау болып тұр. Мұндай микрозаводтар Италияда, Германияда, Чехословакияда, Болгарияда тағы басқа елдерде жасалады. Алайда, оны қазір жеке өзіміздің сатып алуға мүмкіндігіміз жоқ. Себебі, оны сатып алу үшін қыруар ақша қажет етеді.
Осы мәселе туралы 1997 жылғы 23 желтоқсанда және 1998 жылғы 22 желтоқсанда астанамызда өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің Кеңесінде айттым. 1997 жылы былай деген едім: «Қажетті құжаттарды дайындап, несие аламыз деп соңына түскенімізге 3-4 жыл болды. Бірақ түрлі себептермен шешілетін түрі жоқ. Дайындаған қымызды өз елімізде, шетелдерге сату мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ».
Шараушылықта 2000 мың бас жылқы, оның ішінде, 700-ге тарта бие бар. Осы биелердің жыл бойына 300 басы сауылғанда да, күніне 1200-1500 литр қымыз дайындауға болады. Бұл айына – 45000 литр, жылына 450-500 мың литр қымыз деген сөз. Менің ойым, көздеген мақсатым бүгіндері орындалмаса да, ол келешекте қауырт қолға алынатын істің біріне айналатынына сенемін. Оқырмандарымның шаруашылығыңыз асыл тұқымды қоймен айналысушы еді, сіз қымызды төңіректеп кетуіңіз қалай десе, онысы дұрыс сауал деп қолдаймын. Иә, негізгі бағытымыз асыл тұқымды қой өсіру. Ал, қымыз халқымыздың қасиетті дәмі. Кезінде Еуропа елі қазақ сахарасының қымызын тамсана ішкен. Егер өз ұлттық қасиетімізді, ұлттық мәдениетіміз бен деңгейіміздің өлшемі болар таңсық дәмді әлем жұртшылығына ұсынар болсақ, сол арқылы мерейіміз де өсе түсер еді. Қымыз тек шөл қандыратын сусын емес, ол емдік қасиеті мол ерекше тағам. Бұл күнде өзіміз «Қазақстан» деген атпен дайындап жүрген осы дәміміздің әлемнің әр түпкірінде дастархан төрінде, сүйкімді сусынның бірі ретінде тұрса, ол менің Түгіскенімнің ғана емес иісі қазақ атаулының, кең-байтақ еліміздің мақтанышы емес пе?!
Халқымыздың көшпелі тіршілігінде төрт түліктің алатын орны маңызды. Соның ішінде қой – қазақтың атам заманнан бері бағып, өсіріп келе жатқан малы. Қазақ жері қойларының өзіндік ерекшеліктері бар. Қатал табиғат жағдайына икемделген олар қандай жағдайда да болсын, өсіруге көнеді. Біздің Түгіскен өңірінде қазақтың қылшық жүнді, етті-майлы, құйрықты қойы сонау осы шаруашылық құрылған 30-шы жылдардан бері өсіріліп келеді. Дегенмен, заман ағымы қой шаруашылығына да зардабын тигізбей қойған жоқ. Кеңес дәуіріндегі науқаншылық, жоспарды асыра орындау жолындағы жанқиярлық еңбек жылдары көптеген шаруашылықтар ірі салмақты, етті қойларынан айырылып қалды. Себебі «шаш ал десе бас алатын» белсенділер жергілікті саулықтарды жаппай биязы жүнді қой тұқымы қошқарларымен будандастыра бастады. Осы жағдайды көрген қазақтың зиялылары дабыл қақты. Оған мемлекет қайраткері, «Алаш» партиясының төрағасы, ғалым Әлихан Бөкейхановтың «Правда» газетіне сол 1926 жылы «Қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын сақтау керек» деген мақаласы дәлел болады. Елім, халқым деген азамат өз мақаласында қазақтың құйрықты қойының биологиялық ерекшеліктеріне тоқталып, оның тез жетілгіштігін, шыдамдылығын, көнбістігін, үскірік аяздарда, борандарда қалың қарды аяғымен аршып, қорек тауып жейтіндігін (жер жүзіндегі бірде бір қой тұқымында мұндай қасиет жоқ), жазғы аптап ыстықтарда 200-300 шақырымдағы жайлауға айдағанда сыр бермейтіндігін, құйрығына орташа есеппен алғанда 20-30 килограмм май жинайтындығын ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Осындай ерекшеліктері бар қазақ қойының тұқымын сақтап қалу, оны мүмкіндігінше жетілдіру жұмысы 60 жылдардың соңында аса үлкен қарқынмен жүргізіле бастады.
Халқымыздың абзал ұлдарының бірі Ертұғыр Есентаев бастаған жас ғалымдар сонау 1975 жылы Жаңаарқа ауданындағы «Жеңіс» қой совхозына келгенде, қазақтың құйрықты қойының соңғы кезде жойыла бастаған қасиеттерін қайта қалпына келтіру, оны асылдандыра түсіп, одан да жақсы қой тұқымын алуды өз алдарына мақсат етіп қойған. Ертұғыр бастаған жас ғалымдар ширек ғасырға созылған еңбектерінің нәтижесінде 1992 жылы Ауыл шаруашылығы министрінің №191 бұйрығымен ақ, ақшыл түсті жүн беретін «Жаңаарқа» деп аталатын жаңа қой тұқымы жеке тип ретінде тіркелді. Ізденіс мұнымен аяқталмады. ХХ ғасырдың соңында қой шаруашылығында тағы бір ірі жаңалық болды. Атап айтқанда, өмірге «Сарыарқа» қой тұқымы келді. Осылайша, өтіп бара жатқан ғасырдың мал шаруашылығындағы үлкен жаңалығы, тың табысы біздің акционерлік қоғамда туындады. Ауыл шаруашылығы министрінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы №11 бұйрығы бойынша «Сарыарқа» қой тұқымы өз алдына жеке қой тұқымы болып тіркелді. «Сарыарқа» қойының ерекшелігі оның аяқтары мықты, ал, тұяқтары болса тастай қатты. Мұның өзі Арқаның қысына нағыз шыдамды әрі қыс бойы жайылымда жүруге, қарды аяғымен аршып қоректенуге бейімделген. Бұл өте өсімтал мал, әрі шапшаң жетіледі. Етті, таза ақ жүнді сонымен қоса қатал климат жағдайында ұстауға қолайлы жыл он екі ай жайылымда жүріп, өсіп-өне береді.
Бүгінде «Сарыарқа» қойының жалпы саны 50 мыңға жетті. Оның 40 мыңы «Түгіскен» акционерлік қоғамында, 10 мыңы «Сарысу» асыл тұқымды қой зауытының еншісінде. Акционерлік қоғам болған соң да, бұрынғы қалыптасқан дәстүрден жаңылысқан емеспіз. Шаруашылығымыздың барлық саласында жақсы жетістіктерге жеттік. Ауылдастарым маған үнемі сенім артумен келді. Өз басым сол сенім биігінен көрінуге тырысамын. Жергілікті Кеңеске әлденеше мәрте депутат, облыстық мәслихатқа екі дүркін депутат болдып сайландым. 1998 жылы 22 тамыз айында «Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы» деген атақ берілді. 1999 жылы 14 желтоқсанда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атаққа ие болдым. Бүгінгі азды-көпті жеткен табысым болса, ауылымның азаматтарының сенімін ақтағаным деп білемін. Өзіме жүктелген аманат жүгінің ауыр екенін еш естен шығарған емеспін.
Иә, біздің Түгіскен – құтты мекен. Түгіскен топырағы туралы, Арап тауы, Сөрті, Сарысу өзендері жайында ел аузында не қилы әңгіме бар. Менің туып-өскен ауылым жайында ел аузында аңыз-ертегілерді арқау еткен Сайлаухан Әбдіқадырұлының жыр шумақтары бар. Ол біздің қасиетті Түгіскен туралы:
«Желмая мініп жортқан Асанқайғы,
Жерұйық іздепті ғой мекен-жайлы.
Тоқтап бір намаз оқып айтып кеткен,
Түгі өскен жер екен депті осы маңды.
Түгіскен Асанқайғы болған мекен,
Ат қойып, айдар тағып кеткен екен.
Егерде ат сауырына сияр болса,
Алып бір кететұғын жері де екен», – дейді.
Түгіскен маңындағы Арап тауы да киелі саналады. Ол туралы ақын былай дейді:
«Арап тау тақиядай төбедегі,
Атақты Сөрті, Сарысу өзендері.
Долданып күндіз-түні ағып жатқан,
Толқыннан мүжіліпті кемелері.
Ойнаған бала киік салып асыр,
Әулие-әмбиелер бәрі жатыр.
Өткен кез сағымданып елестейді,
Жорықта қапы кеткен Арап батыр.
Арап тау етегінде қалың зират,
Жатыр ғой әруақтардың бәрін жинап.
Жүргінші олай-былай өтіп жатқан
Оқиды әруаққа Құран сыйлап.
Ел дегенде егіледі жүрегім
Елімді мен бақытым деп білемін,
Ел атағын, абыройын асырып
Елім деген азаматтың бірі едім», – деп қайран әкем айтып кеткен еді.
Ел игілігі жолында аянбай тер төгіп, еңселі ғұмыр кешкен ардақты әкемнің ел жайлы естелігі осылай түйінделеді. Қажырлы қайраткер, абзал азамат болып, арына дақ түсірмей, ғибратты ғұмыр кешкен әкемнің ерен еңбегі ел жадында сақтаулы. Жаңаарқа төңірегіндегі ел ол кісінің елеулі еңбегін аңыздай толғап айтып жүр. Біз әкемізді мақтан етіп, еңбегін ел мадақтағанына марқайып ғұмыр кешудеміз. Артында өшпес із қалдырған әкемнің әлі де арман-мақсаты көп еді. Алайда, баянсыз жалған дегеніне жеткізбей, ардақты жан 2000 жылы 29 қыркүйекте небары 62 жасында дүние салды. Мекені жұмақ, топырағы торқа болғай!
Естелікті хатқа түсіріп, баспаға әзірлеген
Ғалия НҰРҒАЛИҚЫЗЫ