Елін сүйген ердің ізі
Қазақ әдебиеттану ғылымы мен қазақ поэзиясында, балалар әдебиетінде өзіндік із қалдырған Бүркіт Ысқақовтың есімін аға буын үлкен құрметпен атайды. Биыл Бүркіт Ысқақовтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай, Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Елін сүйген ердің ізі» атты кітап көрмесі қойылды. Көрме аясында оқырмандар арасынан «Қарағанды Бүркіт Ысқақовты оқиды» акциясы да ұйымдастырылды. Кітапханаға келген оқырмандар, қаламгердің өмірі мен шығармашылығымен танысып, өлеңдерін оқи алады.
Бүркіт Ысқақов – әдебиетіміздегі іргелі қаламгер. Оның қаламынан туған туындылар оның өз заманының үні болғанын танытардай, әрі көркемдік бояуы қанық ерекше туындылар санатында. Сондықтан да, болашағының бағдарын, кешегісі мен бүгінгінің салмағын даралап та саралайтын ұрпақ үшін Бүркіт Ысқақовтың шығармашылық мұрасын тану – парыз.
Бүркіт Ысқақов – 1924 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Көкмөлдір ауылында туған. 1948 жылы қызмет істей жүріп, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетін, 1951 жылы Ұлттық ғылым академиясының аспирантурасын бітірген. 1951-1956 жылдары жеке басқа табынушылықтың зардабын шеккен. Ол 1951-1953 жылдардағы «Космополитизм мен ұлтшыл-буржуазияшылдарға қарсы күрес» деген ұранмен жүргізілген репрессия тырнағына түсіп, қуғын-сүргінге ұшыраған Е.Бекмаханов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайыловтармен бірге тұтқындалып, Жезқазған өңіріндегі әйгілі «Степлагке» айдалған. 50-жылдары Қазақстанның Жоғары оқу орындарында оқитын бір топ жастар сталиндік тоталитарлық жүйеге қарсы «ЕСЕП» – «Елін сүйген ерлер партиясын» құрады.
Бүркіт Ысқақовтың «Тас еденнің ызғары…» атты өлеңдер циклі оның абақтыда отырып, айдауда жүрген кезінде жазылған. Отыз жылдан кейін «Үзілмей жібі үміттің…» деген атпен «Қазақ әдебиеті» газетінде бірнеше өлеңі жарық көрді.
Аталған көрмеден ақынның «Шабыт шуағы» (1984), «Әлімнің әлегі» (1987), «Өлеңді жырлар» (1988), «Қапаста жазылған хаттар» (1992), «Қазақ балалар поэмасының антологиясы» (2011), «Бұл менің көз жасым ғой, қан аралас» (2014), «Атаның сөзі – ақылдың көзі» (2014) т.б. кітаптары мен мерзімді басылымдарда шыққан мақалаларын кездестіре аламыз.
Бүркіт Ысқақовтың сондай елеулі шығармаларының бірі – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?». Өлеңмен жазылған ертегінің негізінде құрылған шығарма. Осы шығарманың негізіне сүйене отырып, Бүркіт Ысқақовтың досы, жерлесі, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген өнер қайраткері Бүркіт ағаның Әбен Хайдаров «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмін 1966 жылы шығарды. Бұл – қазақ киноөнері тарихындағы тұңғыш мультфильм болатын. Осы фильм бұрынғы бүкілодақтық байқауларда бірнеше жүлделі орындарға ие болып, 1975 жылы Американың Нью-Йорк қаласында өткен халықаралық байқауда да сыйлық алған.
Бүркіт Ысқақовтың өлеңдері орыс, өзбек, түрікмен, татар және басқа да тілдерге аударылған.
Сандуғаш ТЕЛПЕКБАЕВА,
өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы