Еліміздің дамуында әйелдер қауымының рөлі орасан зор – Президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

– Ең алдымен, көктемнің шырайлы мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрам – мейірім мен жылулықтың, даналық пен сұлулықтың нышаны. Әйел – тіршіліктің тірегі, берекенің бастауы. Бұл – ақиқат. «Бесікті де, әлемді де тербеткен» әйелдің жүрегі – ізгіліктің мекені. Сондықтан әйелдің қадірі – елдің қадірі деп айтсақ артық болмайды. Бүгін мен Ақорда төрінде Сіздерге және барша Қазақстан әйелдеріне зор ризашылығымды және алғысымды айтамын. Халқымыз қай заманда да анасын ардақтаған, қарындасына қорған болған, қыздарын сыйлап, төрінен орын берген. Жұртымыз ең киелі құндылықтарға «Ана» сөзін қосып, «Отан Ана», «Жер Ана», «Ана тілі» деп көне заманнан бері айтып келеді. Бабаларымыз «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» деген. Осы мағынасы терең дәстүр қазіргі құбылмалы, күрделі заманда міндетті түрде өз жалғасын табуы керек. Бұл мақсатты орындау – ұрпақтар алдындағы парызымыз. Өйткені ұлтымыздың болмысы, тілі мен ділі, салт-дәстүрі ұрпаққа ананың аялы алақанымен, тағылымды тәрбиесімен дариды, – деді Президент.

Президент от төрелігін жүзеге асырып жүрген судьялардың жартысынан көбі – әйелдер екендігін атап өтті.
– Төл тарихымызда ер азаматтармен бірге ерлік пен елдіктің туын биік ұстаған арулар көп болған. «Қыздың қырық жаны бар» деп халқымыз бекер айтпаған. Рухы мықты қайсар қыздарымыз ұлт жылнамасында өшпес із қалдырған. Тұмар ханым, Айша бибі, Домалақ ана, Сүйінбике, Айғаным ханша мен Зере ананың есімдері ел жадында мәңгі қалады. Бүгінде Сіздер аса құрметті аналарымыз және апаларымыз салған дара жолды лайықты жалғастырып келесіздер. Қыздарымыз ел игілігі жолында табысты еңбек етіп, Қазақстанның дамуына орасан зор үлес қосуда. Қиындығы мен сын-қатері қатар жүретін аса жауапты қызметтерде жұмыс істейтін нәзік жандылар аз емес. Олар Отан алдындағы парызына адал болып, елімізде Заң мен тәртіптің орнығуына атсалысып жатыр. Әділ сот төрелігін жүзеге асырып жүрген судьялардың жартысынан көбі – әйелдер. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар, Прокуратура, Ішкі істер, Қорғаныс және арнаулы қызмет саласында 45 мыңнан астам әйел еңбек етуде. Жақында Дубайда күштік құрылымдар мен арнайы жасақтардың SWAT Challenge жарысы өтті. Аса беделді халықаралық сайыста еліміздің «Томирис» құрамасы ешкімге дес бермей, қыздар арасында үздік атанды. Олар байрақты бәсекеде шыдамдылық пен шеберліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл Әлия Молдағұлова және Мәншүк Мәметованың даңқты жолын үзбей келе жатқан нағыз батыр қыздарға тән қасиет екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бүгін мен ғылымда, өнерде, спортта, денсаулық сақтау саласында, мемлекеттік қызметте, бизнесте және ел өмірінің басқа да маңызды салаларында табанды еңбек етіп жүрген әйелдердің көп екенін атап өтті.
– Марфуға Әжіғалиева жарты ғасырдан аса уақыт медицина саласында еңбек етіп жүр, 40 жыл бойы учаскелік терапевт болды, дәрігерлер әулетінің бастауында тұр. Бүгін ол еліміздің жоғары наградасы – «Отан» орденімен марапатталады. Жетісу облысындағы шаруа қожалығының жетекшісі Шакира Ыдырысова ауыл шаруашылығы саласында 50 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жоғары өндірістік нәтижелерге қол жеткізіп, аудан мен облыс көлемінде абыройға ие болды. Мен оны бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапаттау жөнінде шешім қабылдадым.
Шахматтан әлемнің үш дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева ел мерейін өсіріп, қазақты нағыз зияткер ұлт ретінде жер жүзіне танытып жүр. Әйгілі шахматшы ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталады. Өкінішке қарай, ол Таяу Шығыста болып жатқан жағдайға байланысты бүгін шетелден Астанаға келе алмады, – деді.

– Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы Парламент Сенаты төрағасының орынбасары, қаржы саласының тәжірибелі маманы Ольга Перепечинаға, Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева мен Екатерина Смышляеваға беріледі. Олар заң шығару қызметіндегі жемісті еңбектерімен осы құрметке жетіп отыр. Бұл жоғары атаққа көрнекті ғалым, мұнай-газ саласындағы өнертапқыш Мәнсия Бабашева да ие болды. Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді. Оның педагог ретіндегі еңбегі жуырда халықаралық деңгейде кеңінен мойындалды. Осы атаққа азаматтық ұстанымымен белгілі, әсіресе, білім беру саласындағы мәселелерді жиі көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да лайық. Өткен аптада ғана Кристина Шумекова конькимен жүгіруден жастар арасындағы бес дүркін әлем чемпионы атанып, Қазақстанның абыройын асқақтатты. Бүгін оған «Парасат» ордені табысталады. «Парасат» орденімен белгілі жазушы, аудармашы, тіліміздің нағыз жанашыры Камал Әлпейісова марапатталады. Арамызда отырған Мария Зейнелованың ерен еңбегін де атап өту қажет. Ардагер маман Наурызым қорығында 43 жыл жұмыс істеп, табиғатты қорғау ісіне зор үлес қосты. Ал Айсұлу Шуақбаева 40 жылдан астам мұнай өндіру саласында қажырлы еңбек етіп, ел игілігін арттыруға атсалысып келеді. Өз міндетін мінсіз атқарып жүрген мамандар «Құрмет» орденімен марапатталады, – деді Президент.

– Осы залда қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері де бар. Олар білімді, ойы ұшқыр, шығармашыл және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге мол үлес қосып жүр. Осыған орай, тәжірибелі педагог Жанна Левковичке «Құрмет» ордені, ал жас мұғалім Мария Суринаға «Шапағат» медалі табысталады. Тікұшақ пилоты Ақерке Шопатаеваның еңбегі аса маңызды десек қате болмайды. Ол талай мәрте орман өртін сөндіруге және басқа да құтқару жұмыстарына қатысып, кәсіби тұрғыдан білікті маман ретінде қажырлы қызмет етуде. Бүгін оған «Ерен еңбегі үшін» медалі беріледі. Бұдан бөлек, Жапониядан келген белгілі өнерпаз Сузуки Канон да осы салтанатты іс-шараға арнайы шақырылды. Сузуки ханым Қазақстанда балет өнерін дамытуға белсене атсалысуда. Сондықтан оны «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттаймын. Біз Отанымыздың көркейіп, гүлденуіне зор еңбек сіңіріп жүрген осындай аруларды мақтан тұтамыз, оларды жас буынға үлгі етеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Отан отбасынан басталады» деген сөздің терең әрі жан-жақты мағынасы бар. Қазақ әйелдері шаңырақтың ырыс-берекесін арттырып, өнегелі ұрпақ өсіріп отыр. Отбасындағы қасиетті миссиясы мен Отан алдындағы қастерлі міндетін қатар атқарып жүр. Мен мұны елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі және үлкен еңбектің арқасы деп санаймын. Әр отбасында тұрақтылық, береке-бірлік пен ырыс-несібе болса, Отанымыз да өсіп-өркендейді. Әйел – ұлттың жан-дүниесі десек, артық айтқандық емес. Олар – шабыттың қайнар бұлағы, шығармашылық музасы, әдемілік эталоны. Әлемдегі сұлулықтың бәрі әйел бейнесімен астасады. Еліміздің дамуында әйелдер қауымының рөлі орасан зор. Кез келген жұмыста, мектепте, университетте, кәсіпорында, медициналық мекемеде, әскери бөлімде және басқа ортада болсын, әдетте әйелдер айрықша еңбексүйгіштігімен, асқан жауапкершілігімен үлгі көрсетеді. Қыз-келіншектердің ынтасы жоғары, мұқият, жинақы, сондықтан оларға көбірек сенім артады. Әдетте «нәзік жанды» деп атаймыз, бірақ шын мәнінде олар қиын сәттерде ерік-жігері мұқалмай, табанды мінезі мен төзімділігі, шешімталдығы арқасында ерлікке парапар іс атқарады.

Адамзаттың көркем жаратылысы саналатын айымдарымыз нәзіктігіне қарамастан көп міндетті, тіпті әйелдерге тән емес ауыртпалықты мойымай көтеріп жүр. Бірақ мойындауымыз керек, қаншама қиындыққа, кедергіге, жауапкершілікке, кейде ер-азаматтардың олқылығынан болатын келеңсіздіктерге тап болса да, әйел әрқашан ақыл мен ажардың айнасы болып қала береді. Әйелдердің басты құпиясы да, әу бастағы табиғи болмысы да осында.
Олар қаласа, күнделікті күйбең тірлікті мерекеге айналдыра алады, жадау көңіліңе жарқын сәуле түсіреді, мүмкін еместі мүмкін қылады, тіпті, соғысты да тоқтатып, бейбіт өмір орнатады. Ұлттың болашағы әйелдерге байланысты десек қателеспейміз.
Қазақ қызының жолы, тағдыры ешқашан кедір-бұдырсыз, яғни қиындықсыз болмаған. Оған тарих куә. «Қыздың жолы жіңішке», «Қызға қырық үйден тыйым» деген түсініктер халық санасына әбден сіңіп кеткен. Себебі, біз – қыз баланың абыройын ел болашағының кепілі деп санайтын елміз.
Әйелдің табиғаты ерекше, жаны нәзік болса да, болмысы мықты деп айтуға толық негіз бар. Әйелдердің адалдығы, ұқыптылығы, еңбекқорлығы, ал, керек болса, батырлығы мен қайсарлығы бәрімізге белгілі. Әйелдің осындай ерекше болмысының арқасында қоғамда адами құндылықтар қалыптасып, елімізде сенім мен келісім, өзара тілеулестік рухы орнайды. Қазақстан әлеуметтік саясатқа әрдайым жауапкершілікпен қараған. Шын мәнінде мұқтаж азаматтарымызға нақты, атаулы көмек көрсетіледі. Бұл саясат алдағы уақытта да жалғасады. Мысалы, елімізде бала дүние келген кезде тиісті әлеуметтік төлемдер жасалады. Берілетін қаржының көлемі қомақты.
Бұдан бөлек, сәби бір жарым жасқа толғанша жөргекпұл төленеді. Көптеген мемлекетте, соның ішінде Еуропаның бай-қуатты елдерінде әйелдер екі-үш айдан кейін жұмысқа шығуға мәжбүр. Ал Қазақстанда жас аналар үш жылға дейін үйде отырып, бала тәрбиесімен алаңсыз айналыса алады. Сондай-ақ олардың жұмыс орны сақталады, декреттік демалыстағы уақыты еңбек өтіліне қоса есептеледі.
Мемлекет басшысы ретінде мен ана мен баланы қолдауға айрықша мән беремін. Мұны Президенттің басқа да қызметтік міндеттемелері сияқты аса маңызды іс деп санаймын. Бұл бағытта қажетті заңнамалық және институционалдық шаралар қабылданды. Енді, міне, отбасы институтын қоғамның тұрақты дамуының өте маңызды факторы ретінде Конституция деңгейінде күшейтеміз.

Неке – ер мен әйелдің мемлекеттік заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деген норма алғаш рет бекітіліп отыр. Мұндай заң ережесі балалардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ әйелдер мен аналардың отбасындағы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді. Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады» деген норма заманға сай жаңа мазмұнмен толықты. Құқықтық тұрғыдан анағұрлым дәл тіркестер арқылы қыздарды тұрмыс құруға мәжбүрлеу секілді ұят құбылыстарға Конституцияда тосқауыл қойылады. Отбасын қорғау мәселелері жөніндегі уәкіл қоғамдық лауазымын енгізу адам құқықтарының қорғалуы мен отбасы институтын күшейтетініне сенімдімін. Отбасы омбудсмені Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының бірінші орынбасары ретінде қызмет етіп, атқарылған істер туралы Мемлекет басшысына есеп беріп отырады. Мұндай жүйе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын кешенді түрде жолға қоюмен қатар, отбасы саясатындағы басқа маңызды түйткілдерді шешуге мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



