Ресми
Еліміздің даму бағытын айқындауға атсалысу – әр азаматтың борышы
Ұлы дала тарихын жалғастырып келе жатқан даңқты халқымыз егемендігіміздің қадірін терең сезініп, 15 наурызда еліміздің Жаңа Конституциясын қабылдау үшін референдумда дауыс береді.
Конституциялық реформа жөнінде жүргізілген жалпыхалықтық талқылаулар, ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерді халықтың тікелей дауыс беруіне ұсыну – демократияның шынайы әрі мызғымас қағидаты.

Референдум – ел дамуының жаңа белесіне бастайтын маңызды қадам. Бұл жай ғана саяси науқан емес, қоғамның саяси белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігінің айқын көрінісі, ұлттың ертеңін айқындайтын жауапты таңдау. Тұрақты даму – енді жай ұран емес, конституциялық қағида.
Жаңа Конституцияның преамбуласында ғылым, білім, мәдениет және инновациялар мемлекеттің ең жоғары басымдықтары ретінде айқын көрініс тапқан.
Заман талабына орай жазылған Жаңа Конституция – өндірісті жаңғыртудың, жаңа технология енгізудің, цифрландыруды күшейтудің, еңбек құқығы мен қауіпсіздігінің, цифрлық ортаның, экологиялық жауапкершіліктің құқықтық негізі.
Мысалы, Жаңа Конституцияның 24-бабы, 1-тармағында: «Еңбек – ерікті. Әркім өз қалауына сай кәсіппен айналысады. Мемлекет еңбек адамның құқығы мен қадір-қасиетін қорғайды,” – деп жазылған. «Еңбек адамының қадір-қасиеті» ұғымының енуі – әлеуметтік әділдіктің көрінісі. Яғни, елге еңбек таңдау құқығы беріліп, саяси тұрғыдан үнемі қолдау жасалады.
Қабылданғалы отырған құжатта егемендікті қорғау, ұлттық бірлікті нығайту және заң үстемдігін қамтамасыз ету басты қағидаттар ретінде бекітіліп, адам құқықтарын сақтауды, қоғамдық келісімді, халықтың әл-ауқатын арттыруды және білім мен инновацияға негізделген дамуды стратегиялық бағыт ретінде айқындап, тарихи сабақтастықты сақтай отырып, Қазақстанның ұзақ мерзімді даму сипаты белгіленген.
Мысалы: Жаңа Конституцияда мемлекетіміздің зайырлы сипаты нақты бекітіліп, Қазақстандағы білім беру және тәрбие жүйесінің де зайырлы сипатта екені жан-жақты айқындалған. Қазіргі Конституцияның 30-бабындағы кепілдіктер Жаңа Конституцияда толық сақталумен қатар, ауқымы кеңейтілген. Енді міндетті білім беру тек орта біліммен шектелмей, бастауыш білім де міндетті саналады. Осылайша, мемлекет әрбір баланың білім алуының алғашқы сатыларынан бастап базалық білім деңгейіне жауапкершілік артып, қолданыстағы кепілдіктерді жай ғана сақтап қоймай, оларды одан әрі нығайта түседі.
Жаңа Конституцияның 3-бабында тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау Қазақстан Республикасының егемендігін қорғау, заң үстемдігін орнықтыру, ел бірлігін нығайту негізгі қағидаттармен бір деңгейде белгіленген. Бұл – заманауи, іргелі тұжырымдардың бірі.
Біз тарихи бетбұрыс кезеңінде тұрмыз. Заң үстемдігі мен жауапкершілік – мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың ұстанымы болуы тиіс.
Қуаныш МАҚСҰТОВ
айтыскер ақын



