Жаңалықтар

Еліміздің барлық автомобиль жолдарында интернет қолжетімді болады

Елімізде республикалық және облыстық маңызы бар барлық автомобиль жолдарында тұрақты мобильді байланыс пен интернетке қолжетімділік кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ресми түрде хабарлады. Аталған бастама жол инфрақұрылымын цифрландыруға және азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Сурет Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінен

Жоба «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылады. Қазіргі таңда ел аумағындағы бірқатар жол учаскелерінде байланыс сапасы төмен немесе мүлде жоқ. Бұл, әсіресе, алыс қашықтыққа қатынайтын жүргізушілер мен жолаушылар үшін елеулі қиындық туғызады. Жаңа бастама осы мәселені шешіп, автожол бойындағы «ақ дақтарды» жоюды көздейді.

Министрлік пен «Транстелеком» акционерлік қоғамы арасында тиісті келісім жасалып, жобаны іске асыру тетіктері айқындалды. Соған сәйкес, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында мобильді байланыс 2026 жылдың соңына дейін, ал, облыстық маңызы бар жолдарда 2027 жылдың соңына дейін толық енгізіледі.

Жобаның басты ерекшелігі – мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлінбейді. Инфрақұрылым «Транстелеком» АҚ-ның жеке инвестициясы есебінен салынады. Жалпы алғанда, 40 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары қамтылып, 500-ден аса базалық станция мен антенна орнату жоспарланып отыр. Бұл еліміздің негізгі көлік бағыттарында интернет пен ұялы байланыс сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

Жол бойындағы тұрақты байланыс жүргізушілер мен жолаушыларға навигациялық сервистерді еркін пайдалануға, шұғыл жағдайларда жедел қызметтерге хабарласуға, сондай-ақ, банк және мемлекеттік онлайн қызметтерге қол жеткізуге жол ашады. Бұл, өз кезегінде, жол қауіпсіздігін күшейтіп, цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттырмақ.

Айта кету керек, салынатын телекоммуникациялық инфрақұрылым басқа да ұялы байланыс операторларына ашық болады. Бұл бәсекелестікті арттырып, тұтынушылар үшін байланыс сапасының жақсаруына оң әсерін тигізеді. Осылайша, жоба тек техникалық мәселені ғана емес, әлеуметтік және экономикалық маңызы бар міндеттерді де шешуге бағытталған.

Жамал Советқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button