Бас тақырып

Еліміздің 17 облысында дауылды ескерту жарияланды

“Қазгидромет” синоптиктері 10 қарашада Қазақстанның 13 өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жариялады.

Сурет ЖИ

Метеорологтардың мәліметінше, еліміздің көптеген өңірінде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, боран, көктайғақ, тұман және қатты жел күтіледі.

Абай облысында түнде және күндіз жаңбыр мен қар жауады. Көктайғақ, боран байқалады. Облыстың оңтүстігінде кей уақыттарда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) түседі. Жел оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысады, жылдамдығы 15-20 м/с, ал батысында, солтүстігінде және орталығында екпіні 23-28 м/с дейін жетеді.

Ақтөбе облысында түнде және таңертең батысында, орталығында тұман болады.

Ақмола облысында түнде қар жауып, күндіз солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде жауын-шашын (қар) болады. Көктайғақ, боран күтіледі. Жел солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа ауысып, солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде 15-20 м/с жылдамдықпен соғады.

Алматы облысында оңтүстік-батыс желі күшейеді: солтүстігі мен оңтүстігінде желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді.

Атырау облысында түнде және таңертең солтүстігінде, батысында және оңтүстігінде тұман түседі.

Шығыс Қазақстан облысында түнде және таңертең батысында, солтүстігінде және шығысында жауын-шашын (жаңбыр, қар) түседі. Көктайғақ, боран күтіледі. Күндіз де жаңбыр мен қар жауып, кей жерлерде қатты жауын-шашын болады. Жел оңтүстік және оңтүстік-батыстан соғып, 15-20 м/с, ал батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде 23-28 м/с дейін күшейеді.

Жамбыл облысында түнде және таңертең оңтүстігінде, таулы аймақтарда тұман түседі. Жел оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы аудандарда 15-20 м/с, кейде 23-28 м/с дейін жетеді.

Жетісу облысында таулы аудандарда тұман күтіледі. Алакөл маңында оңтүстік-батыстан соққан жел 15-20 м/с, күндіз кей жерлерде 23-28 м/с дейін күшейеді.

Батыс Қазақстан облысында түнде және таңертең батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде тұман түседі.

Қарағанды облысында түнде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болып, көктайғақ пен боран күтіледі. Күндіз солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде жауын-шашын жалғасады. Жел оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, 15-20 м/с жылдамдықпен, ал түнде орталығында және шығысында 23 м/с дейін күшейеді.

Қостанай облысында түнде солтүстігінде және шығысында аздаған қар жауады. Көктайғақ, төмен боран байқалады. Күндіз батысында және солтүстігінде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болады. Солтүстігінде, шығысында және батысында тұман күтіледі. Жел солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа ауысып, 15-20 м/с, кей жерлерде 23 м/с дейін күшейеді.

Қызылорда облысында түнде және таңертең солтүстігінде және орталығында тұман, шығысында және орталығында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі, көктайғақ болады.

Маңғыстау облысында түнде және таңертең солтүстігінде және орталығында тұман түседі.

Павлодар облысында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын, боран және көктайғақ болуы мүмкін. Жел солтүстік-батыстан соғып, 15-20 м/с, ал оңтүстігі мен шығысында 23 м/с дейін күшейеді.

Солтүстік Қазақстан облысында түнде және күндіз солтүстігінде және батысында қар жауып, боран соғады. Көктайғақ, тұман күтіледі. Жел солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа ауысып, 15-20 м/с жылдамдықпен, түнде оңтүстігінде және шығысында екпіні 25 м/с дейін жетеді.

Түркістан облысында түнде және таңертең оңтүстігінде және таулы аудандарда тұман күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан соғып, солтүстігінде, батысында және таулы аймақтарда 15-20 м/с, ал тау асуларында 23 м/с дейін жетеді.

Ұлытау облысында түнде батысында және орталығында аздаған жауын-шашын, шығысында жаңбыр мен қар түрінде жауын күтіледі. Түнде батысында, шығысында және орталығында, күндіз шығысында көктайғақ пен төмен боран болады. Жел оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде 15-20 м/с, ал кей жерлерде 23 м/с дейін күшейеді.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button