“Amanat” партиясы Үкіметтің бірыңғай сағаттық белдеуге өтуге қатысты есебін тыңдады
Үкімет отырысында уақыт белдеуі мәселесіне назар аударылды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің халық денсаулығына әсеріне қатысты жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы баяндады.

Ол Мәжілістің “AMANAT” фракциясындағы талқылау қорытындысы бойынша сарапшылар қоғамдастықты, медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология саласындағы ғылыми-зерттеу институттарын, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен мүдделі тұлғаларды тарта отырып, бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің халықтың денсаулығына, энергия тұтынуына және еңбек өнімділігіне әсеріне мониторинг жүргізілгенін атап өтті.
Жұмыс барысында деректерді зерттеу, сауалнама нәтижелері және бірыңғай уақыт белдеуіне ауысқанға дейінгі және кейінгі көрсеткіштерді салыстыруды қамтитын кешенді тәсіл қолданылды. Зерттеу жүргізу әдістемесі бірыңғай уақыт белдеуін енгізудің халық денсаулығына, энергия тұтынуға, еңбек тиімділігіне, оқушылардың үлгеріміне, жол-көлі оқиғалары деңгейіне, қылмысқа және басқа да аспектілерге әсерін бағалау бойынша 40-тан астам метрика мен көрсеткіштерді қамтиды.
– Денсаулық сақтау саласы бойынша 100 мың адамға есептелген қала және ауыл тұрғындарымен қатар түрлі жастағы азаматтар қамтылды. Энергия тұтыну бойынша электр энергиясын тұтыну статистикасын, оның ішінде ең жоғары жүктемелерді және бүкіл ел бойынша электр энергиясын тұтынуға салыстыру жүргізілді. Еңбек қызметі бойынша орындалған жұмыс көлемі, кешігу және сабаққа келмеу жағдайлары, жарақаттар мен тәртіп бұзу жағдайлары қамтылған. Нәтижелер бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің халықтың тыныс-тіршілігінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсері жоқ екенін көрсетеді, – деп түсіндірді Арман Шаққалиев.
– Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке аталған мәселені егжей-тегжейлі қарап, бірлесіп оңтайлы шешім қабылдауды тапсырғанын білесіздер. Министрдің баяндамасында айтылғандай, мониторинг бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы қабылданған шешімнің теріс әсері жоқ екенін көрсетті, – деп атап өткен Олжас Бектенов Парламент Мәжілісімен бірлесіп, тиісті жұмысты ұйымдастыруды тапсырды.
Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев Үкімет отырысында өңірлерде мәслихат депутаттары жұмыс кестелерін түзету жолымен жұмыс уақытын оңтайландыру жөніндегі бастаманы қолдағанын хабарлады.
Ол бұл шаралар кәсіби және жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті жақсартуға, сондай-ақ азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.
– Бүгінгі таңда ШҚО-ның бірқатар аудандарында (Қатонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Зайсан, Тарбағатай, Самар, Күршім) жұмыс кестесі сағат 8:00-ден 17:30-ға дейін түзетіліп, тұрғындар тарапынан оң баға мен қолдау тапты. Қажет болған жағдайда осындай тәжірибені жергілікті атқарушы органдар басқа өңірлерде қолданатын болады, – деп атап өтті Арман Шаққалиев.
Мониторинг нәтижелері биылғы наурыз айының басында ҚР Парламенті Мәжілісінің «AMANAT» фракциясының қарауына енгізілгені атап өтілді.