Елімізде тамыздан бастап не өзгереді?
Тамыздан бастап Қазақстанда бірқатар өзгеріс болады.
«Масс-медиа туралы» заң
20 тамыздан бастап «Масс-медиа туралы» заң қолданысқа енгізіледі. Жаңа заңға күші жойылды деп танылған «бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың негізгі ережелері кірді.
Заңда бірқатар жаңа ережелер қарастырылған:
Жаңа, кеңірек «бұқаралық ақпарат құралдары» тұжырымдамасы енгізілді, ол тек БАҚ-ты ғана емес, сонымен қатар интернет-ресурстарды да қамтиды.
Журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленді. Соның ішінде, журналистің ерекше мəртебесі ұғымы нақтыланды – журналистің құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, ақпаратты іздеу, сұрату, алу жəне тарату кезінде кеңейтілген құқықтарды, сондай-ақ осы Заңда белгіленген өзге де ерекше құқықтарды көздейтін журналист мəртебесі;
Шындыққа сәйкес келмейтін және ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер БАҚ-та жарияланған күннен бастап 1 жыл түрінде теріске шығару туралы БАҚ-қа қойылатын талаптар бойынша талап қою мерзімі белгіленді.
Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктері мен олардың журналистерін аккредиттеу тәртібі жетілдірілді.
БАҚ сұрауларын қарау мерзімі 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды, бұл журналистерге қажетті ақпаратты қысқа мерзімде алуға мүмкіндік береді, осылайша ақпараттық күн тәртібінің өзектілігін сақтайды.
Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу кезінде қоғамдық мүдделерді ескеру жəне қорғау, сондай-ақ халықтың ақпаратқа қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында уəкілетті және жергілікті атқарушы органдар жанынан мемлекеттік ақпараттық саясат мəселелері жөніндегі уəкілетті және өңірлік комиссиялар құрылады.
Бұл кеңестердің негізгі қызметі журналистердің этикалық кодексін әзірлеу болып табылады.
Гранттық қаржыландыруды енгізу арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктері жетілдірілді.
Ұлттық телерадио хабарларын тарату мүдделерін қорғау мақсатында мемлекеттік тілдегі отандық теле-радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемі 50% – дан 60% – ға дейін ұлғайтылды.
Апта сайынғы көлемде отандық телебағдарламалар мен қазақстандық авторлардың музыкалық шығармалары санының көлемі 2025 жылдан бастап – 55%, 2027 жылдан бастап – 60% ұлғайтылды.
Отандық теле-радиоарналарда шетелдік теле-радиобағдарламаларды ретрансляциялау көлемі 20% – дан 10% – ға дейін төмендетілді.
Суицидті насихаттайтын ақпаратты, суицидтің жолдары мен шақырулары туралы ақпаратты таратуға немесе орналастыруға тыйым салынды.
Құмар ойындарымен күресу
Ойын бизнесі, лотерея қызметі мәселелері бойынша ілеспе түзетулер қолданысқа енгізіледі, олар, атап айтқанда, жарнама мониторингінің объектілері масс-медиа және сыртқы (көрнекі) жарнама болып табылатыны анықталды.
Сондай-ақ, букмекерлік кеңселерді немесе тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынатыны нақтыланды:
- букмекерлік кеңсе және (немесе) тотализатор орналасқан жерде, спорт құрылысжайларының ішінде және спортшылардың керек-жарақтарында орналасқан жарнаманы қоспағанда, сыртқы (көрнекі);
- көлік құралдарында;
- масс-медиа саласындағы уәкілетті органда тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарында спорт тақырыбы бағытындағы, сондай-ақ отандық телеарналардың халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляциялау кезіндегі жарнаманы қоспағанда, масс-медиада, кино-, бейне- және анықтамалық қызметтер көрсетуде жарнамалауға тыйым салынады.
Еңбек, жұмыспен қамту
Жұмыс берушінің есебінен кәсіптік төлем қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату қағидаларына мынадай түзетулер енгізілді:
«арнайы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы» ұғымы енгізілді;
Мемлекеттік корпорацияға келіп түскен кәсіптік төлемдердің артық есептелген (төленген) сомаларын Мемлекеттік корпорация күнтізбелік айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей жұмыс берушінің шотына аударуға тиіс екендігі нақтыланды;
жаңа редакцияда зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстарда еңбек қызметін тоқтату/зиянды өндірістік факторлардың әсерін болдырмайтын басқа жұмысқа ауыстыру туралы өтініш нысаны баяндалған.
Тұрғын үйді жекешелендіру
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларына өзгерістер енгізілді.
мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы – Интернет желісінде www.e-qazyna.kz мекенжайы бойынша орналасқан, тұрғынжайды жекешелендіру туралы шарттар бойынша электрондық дерекқорға бірыңғай қол жеткізу нүктесін беретін интернет-ресурс.
Тұрғынжайды жекешелендіру осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес үлгілік нысан бойынша тұрғын үйді жекешелендіру туралы шартпен ресімделеді.
Тұрғын үйді жалдау шарты немесе ордер порталда тіркелуі керек.
Жекешелендіру туралы шешім шығарылғаннан кейін тұрғын үйді коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның және коммуналдық мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан коммуналдық тұрғын үй қорына беру порталды электрондық нысанда пайдалана отырып, күнтізбелік он бес күн ішінде жүргізіледі.
Өтініш беруші тұрғын үйді жекешелендіру туралы шарт жасасқаннан кейін портал арқылы күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті бюджетке төленуге жататын тұрғын үйдің құнын төлейді.
Шекті балл жинай алмағандарға ҰБТ өтеді
10-15 тамыз аралығында ҰБТ өтеді. Бұл шекті балл жинай алмағандарға ЖОО-ға ақылы негізде түсуге мүмкіндік беру үшін өткізіледі. Тіркелу кезінде тестіленушілер емтихан өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.
Тамыздағы ҰБТ-ға биылғы және былтырғы мектеп, колледж түлектері, қандастар (ҚР азаматы емес, бірақ ұлты қазақ азаматтар), шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға, өзге мамандықтардан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер және жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер қатыса алады.
Қазақстандықтар тамызда қанша күн демалады?
Тамызда Конституция күні атап өтіледі. Осыған орай қазақстандықтардың демалыс күніне тағы бір күн қосылады. Биыл 30 тамыз Конституция күні жұмаға тура келіп тұр. Осылайша аптасына бес күн жұмыс істейтіндер 30, 31 тамыз және 1 қыркүйек күндері демалады. Ал алты күн жұмыс істейтіндер 30 тамызда демалып, 31 тамызда жұмыс істейді және 1 қыркүйек жексенбі болуына байланысты қайта демалады.
Бұдан бөлек 3, 4, 10, 11, 17, 18, 24, 25 тамыз күндері – демалыс.
Уақыт белдеуіне қатысты шешім қабылданады
7 маусымда уақытты ауыстыру туралы өтініш 50 мың қол жинады. Үкімет бірыңғай уақыт белдеуін енгізу қажеттілігін бағалау үшін жұмыс тобын құрды. Жұмыс тобы құжатты 40 жұмыс күні ішінде талдап, қорытынды шығаруы керек. Өтінішті қарау мерзімі тамыздың басында аяқталады.
Балалардың құқықтарын қорғау
Білім министрлігінде «баланы жәбірлеу (буллинг)» ұғымы нақтыланды.
Баланы жәбірлеу (буллинг) – қорлау сипатындағы жүйелі (екі және одан көп) әрекеттер, қудалау және (немесе) қорқыту, оның ішінде қандай да бір әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған әрекеттер, сол сияқты жария түрде немесе масс-медиа және (немесе) телекоммуникация желілері және (немесе) онлайн-платформалар пайдаланыла отырып жасалған дәл сол әрекеттер (кибербуллинг);
Баланың құқықтарын қорғау саласындағы тексеру парақтары өзгертілді.
Атап айтқанда, мектептердің қызметіне қатысты Баланың құқықтарын қорғау саласындағы тексеру парағында жаңа талаптар пайда болды:
Тиісті бейін бойынша педагогикалық немесе кәсіптік білімі жоқ адамдарды білім беру ұйымдарында жұмысқа жіберу фактісінің болуы;
Педагогтердің біліктілік санатының деңгейін арттыруды (растауды) кемінде бес жылда бір рет сақтамауы;
Педагогтердің біліктілігін арттыруды кемінде үш жылда бір рет сақтамауы;
Директордың тәрбие работе жөніндегі орынбасарын, педагог-психологты, педагог-ассистентті (ПМПК ұсынымы болған жағдайда), тәрбиешіні штаттық бірліктермен қамтамасыз ету;
Білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілеріне қойылатын ең төменгі талаптарға сәйкес тіркеу және есептілік функциясы бар аппараттық-бағдарламалық кешен арқылы тегін тамақ алған білім алушыларды есепке алуды жүзеге асыру;
Білім алушылардың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету бойынша қауіпсіз білім беру жағдайларын жасау (бейнебақылау, құлақтандыру жүйелерінің, дабыл берудің мобильді және/немесе стационарлық құралының (дабыл түймесі), кіруді бақылау мен басқарудың (турникеттер), объектілерді қоршаудың, домофон жүйесінің, күзет қызметтерін көрсету туралы шарттың, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі лауазымдық нұсқаулықтың, жылдамдықты төмендету құралдарының болуы көлік құралдарының соқтығысу қаупін болдырмау мақсатында).
Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру бөлігінде білім беру жүйесінің тәуекелдерін бағалау және басқару критерийлері өзгерді.
Атап айтқанда, өрескел бұзушылықтарға мынадай талаптарды сақтамау жатқызылды: көлемі 36 сағаттан кем емес, 3 жылда кемінде 1 рет тиісті бейін бойынша педагогтердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету. Білім беру ұйымдарының басшылары үшін білім беру саласындағы тиісті бейін және менеджмент бойынша біліктілікті арттыру-3 жылда кемінде 1 рет.
Зейнетақы жинағын алу ережелері өзгереді
10 тамызда зейнетақы жинағын алу қағидаларын өзгерту туралы жаңартылған бұйрық күшіне енеді. Денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы жинағын пайдалану ережелерінен Қазақстан аумағында орналасқан медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтерді (протез салу, имплантация) алып тастауды ұсынып отыр.
Бұйрық күшіне енсе, 10 тамыздан бастап қазақстандықтар осы стоматологиялық қызметтерге зейнетақы жинағын жұмсай алмайды.
Жүк көліктерінің қозғалысы шектеледі
Жазда жүк көліктерінінің қозғалысына шектеу қойылады. Бұл шаралар жол жабынының сақталуына және күн ыстық кезде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Шектеулердің мерзімі өңірлерге байланысты 1 маусымнан 31 тамызға дейін, 1 маусымнан 15 тамызға дейін. Жыл сайын 1 маусым мен 31 тамыз аралығында ауа температурасы 25 градустан жоғары болған кезде сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін мына аймақтарда жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізіледі:
- Алматы облысы;
- Атырау облысы;
- Жамбыл облысы;
- Жетісу облысы;
- Ұлытау облысы;
- Қызылорда облысы;
- Түркістан облысы;
- Маңғыстау облысы.
Жыл сайын 1 маусым мен 15 тамыз аралығында ауа температурасы 25 градустан жоғары болған кезде сағат 11:00-ден 21:00-ге дейін мына аймақтарда жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізіледі:
- Абай облысы;
- Ақмола облысы;
- Ақтөбе облысы;
- Шығыс Қазақстан облысы;
- Батыс Қазақстан облысы;
- Қарағанды облысы;
- Қостанай облысы;
- Павлодар облысы;
- Солтүстік Қазақстан облысы.
Тамызда ауа райы қандай болады?
Синоптиктер мәліметінше, тамызда Қазақстанда ауа температурасы норма шамасында, дегенмен елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында нормадан 1 градус жоғары болады деп күтіледі.
– Шілде мен тамызда көптеген облыста жауын-шашын мөлшері норма шамасында және нормадан көп, ал тамызда орталықта, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста нормадан аз болады деп болжанады, – деп жазылған мәліметте.
Түлектер ЖОО-ға құжаттар тапсырады
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі талапкерлерге арналған күнтізбе жариялады:
- ЖОО-ға құжаттарды қабылдау 20 маусым-25 тамыз аралығында;
- “педагогикалық ғылымдар” және “денсаулық сақтау” мамандығына түсушілер үшін арнайы емтихандар уақыты: 20 маусым-20 тамыз;
- шығармашылық емтихандарға қатысу үшін өтініштер қабылдау: 20 маусым-10 тамыз;
- шығармашылық емтихандар өтетін уақыт: 7 шілде-15 тамыз;
- грант иегерлерінің тізімі жарияланатын уақыт 10 тамызға дейін.
Астанада жолақысы қымбаттайды
1 тамыздан бастап Астанада автобустағы жолақысы қымбаттайды. Елордада қоғамдық көлікте жол жүру құны 90 теңгеден 110 теңгеге дейін көтеріледі.
2020 жылдан бастап Астанада және қала маңында оқитын 18 жасқа дейінгі балалар үшін қоғамдық көлікте жол жүру тегін. Міндетті шарт – мектептің көлік картасы болуы және оны автобуста тексеру.
Сондай-ақ, мына санаттарға жататын азаматтар осы жеңілдікті қолдана алады:
- Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар;
- жасы және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер, сондай-ақ, жасы бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша зейнеткерлік жасқа толған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар;
- көпбалалы аналар;
- көпбалалы отбасылар;
- мүгедектер;
- он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар, оның ішінде ата-аналарының бірі (заңды өкілдері).
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА