Елімізде тағы бір құжатты онлайн алуға болады
Енді нотариустың атқарушылық жазбасы электрондық цифрлық қолтаңба арқылы рәсімделеді. Бұл құжат қағаз нұсқасымен бірдей заңды күшке ие.

Нотариустың атқарушылық жазбасы – қарызды мәжбүрлі түрде өндіру құжаты. Егер нотариалды куәландырылған немесе нотариустың атқарушылық жазбасына қатысты ескертпесі бар қарыз шарты немесе жалдау шарты болса, талапкер сотқа жүгінбей-ақ тікелей сот орындаушысына шағымдана алады.
Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, аталған жаңашылдық азаматтардың шығынын азайтып, уақытын үнемдеу үшін, сондай-ақ қызмет сапасын арттырып, цифрлық жүйені енгізу мақсатында қабылданған шешім.
– Бұған дейін нотариустар атқарушы жазбаны қағаз түрінде беріп келді. Енді нотариаттық атқарушылық жазба электрондық форматта ресімделеді. Ол үшін нотариустың электрондық цифрлық қолтаңбасы жеткілікті, яғни заңды күші бар. Айта кететін жайт, қарсылық болған жағдайда нотариус атқарушылық жазбаның күшін жоюға міндетті, – дейді ол.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА