Елімізде шамамен 17 мыңнан астам молдован тұрады
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Румын мәдени «Дакия» бірлестігінің 20 жылдығына арналған румын фольклорының фестивалі өтті. Ұлттық мәдениеттердің тоғысқан, достық пен татулықтың айғағына айналған фестиваль «Toamna de Aur» («Алтын күз») деп аталды. Бұл ұғым – румын халқының дәстүрінде ризашылық пен молшылықтың, берекенің нышаны.

Александр МАРЧЕНКО
Румыния мен Молдова елдерінде күзгі мейрамдар еңбек пен елге деген сүйіспеншілікті білдіреді. Сол салттан жаңылмай, 130-дан астам ұлтты қонақжайлығымен ұйыстырып отырған қазақ елінде де төл мәдениетімізбен үндескен мерейлі мереке өтті.
Облыстық ішкі саясат басқармасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қоғамдық келісім» бөлімінің қолдауымен өткен фестивальды Румын мәдени қоғамы «Дакия» ұйымдастырды. Ассамблеяның атынан ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов мерейтойға құттықтау хатын жолдады.
– Румын мәдени қоғамы «Дакияның» 20 жылдығы – қоғамдық келісім мен мәдени көптүрлілікті нығайту жолындағы үлкен жетістік. «Дакия» екі онжылдықта Қазақстанның мәдени өмірінде өзіндік орны бар ұйымға айналды. Оның жыл сайын өткізетін «Мэрцишор» фестивалі тұрғындар сүйіп күтетін іс-шараға айналды. Этнофольклорлық ансамбль «Доруле» халықара-лық деңгейде өнер көрсетіп жүр.
Бүгінде қоғамдық бірлестіктің негізін қалаған Николай Пушкыштың есімі құрметпен аталса, ал, Виорика Ненахова бастаған жаңа буын қордың қызметін жаңа белеске көтеру жолында аянбай қызмет етіп келеді, – деп «Дакияның» қызметін жоғары бағалады ол өз сөзінде.
Биылғы жыл айшықты мерейтойларға толы. Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына да 30 жыл болды. Әрі қазыналы Қарағанды – Ассамблея аясындағы ең ордалы орталықтардың бірі. Қазіргі таңда елімізде шамамен 17 мыңнан астам молдован тұрады. Тың игеру жылдарында депортацияланған ұлт өкілдері бүгінде Ассамблеяның арқасында өздерінің төл мәдениетін ұмытпай, төрге оздырып жүр.
– Ұлтаралық татулықтың жарқын үлгісі болған Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы
да құтты болсын! Қонақжай қазақ елінде барша этностардың дәстүрлі діңгегі сақталып, олардың ділі мен тарихына құрмет көрсетілетіні бізді қуантады, – деді Молдова Республикасының Қазақстандағы елшісі Штефан Горда.
Әрі қарай фестиваль бағдарламасы түрлі жанрдағы өнер нөмірлерімен өрнектелді. Әр халықтың төл өнері арқылы ортақ татулықты сезіндірген концертте көрермендер бауы-рмалдыққа куә болды.
Бүгінде «Дакияның» құрамындағы Жастар қанатының бастамасымен түрлі мәдени кездесулер мен фольклорлық кештер ұйымдастырылып келеді. 2021 жылы бірлестіктің бастамасымен Астанада румын халқының әйгілі ақыны Михай Эминескуге арналған бюст орнатылды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»