Елімізде рақымшылық кімдерге жасалады?
Елімізде “Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы” заң жобасы әзірленді, деп хабарлайды ortalyq.kz BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

Құжатты Мәжілістің пленарлы отырысында депутат Абзал Құспан таныстырды.
– Бұл – қателік жасаған, бірақ жасаған ісіне өкінетін және түзелу жолына нақты бет бұрған азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін ізгілік актісінің кезекті көрінісі, – дейді депутат.
Заң жобасында:
Азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар үшін сотталғандарды босату қарастырылған. Атап айтқанда, қылмыстық теріс қылық жасағандар, онша ауыр емес және залал келтірмеген орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған немесе жазасын толық өтеген адамдар рақымшылыққа ілігеді.
Орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқан, бірақ сот үкімі шықпаған істер тоқтатылады.
Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар үшін жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту көзделеді.
Сонымен қатар заң жобасында бірқатар ерекшеліктер де қарастырылған. Мысалы, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп кеткендер, аса ірі көлемде алаяқтық жасағандар мен заңмен келтірілген залалды толық өтегендерге қатысты – жазаның өтелмеген бөлігі бестен бірге қысқартылуы мүмкін, – деді депутат.
А.Құспанның сөзінше, мемлекет қауіпсіздігіне байланысты қылмыстарға (мемлекеттік құпияларды жария ету, сыбайлас жемқорлық қылмыстары және т.б.) рақымшылық қолданылмайды.
– Қазіргі таңда елімізде 63 түзеу мекемесінде және 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан астам адам қамалған. Оның ішінде 33 мыңы сотталғандар, 7 мыңы – тергеу қамауында. Сонымен бірге, 27 мыңнан астам адам пробация қызметінің есебінде тұр. Алдын ала есеп бойынша, рақымшылық актісі 6 000 сотталған және 9 000 пробациялық бақылаудағы адамды қамтиды. Оның ішінде шамамен 4 100 адам (632-сі түрмеден, 3 500-і пробация есебінен) толық босатылады. Бұдан бөлек, депутаттардың ұсынысы бойынша, жазасын өтеуге бір жыл уақыты қалған 1 700-ден астам азаматқа рақымшылық қолданылады, – деді А. Құспан.
Сонымен қатар, 5 400 сотталған мен 5 500 пробациялық бақылаудағы адамның жазасы қысқартылады. Яғни, 11 000 адамға қатысты жазалау мерзіміне жеңілдік қарастырылмақ.
Рақымшылық жасау әрекетіне әлеуметтік осал адамдар санатынан 629 адам (барлығы 2373) жатады, олардың 57-сі босатылады және 572 адамға мерзім қысқартылады.
Заң 833 әйелге де қатысты болады: 109-ы толық босатылса, 724-інің жазасы қысқартылады.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы заң жобасын қолдаған болатын. Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ қанша адамға рақымшылық жасалатынын айтқан еді.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.