Елімізде көлік пен пәтер лизингке берілуі мүмкін
Елімізде көлік пен пәтер лизингке берілуі мүмкін. Енді қазақстандықтар көлік пен пәтерді лизингке ала алады. Мәжіліс тиісті заңды қарап жатыр, – деп хабарлайды ortalyq.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
![](http://ortalyq.kz/wp-content/uploads/2025/02/images.jpg)
Депутаттардың айтуынша, заң ел азаматтарын қарыздан құтқаруды көздейді. Яғни, пайызы көп автонесиелер мен ипотекалық бағдарламаларға балама болуға тиіс. Себебі халықтың банктер алдындағы қарызы ұлғайып келеді. Мәселен, былтыр ипотекалық несие 14%-ға өсіп, 6,7 трлн теңгеге жетті. Ал автонесие сомасы бірден 45%-ға артып, 3 трлн теңгеден асты.
«Заң жобасы мақұлданса, халықтың қарызы азаяды», – дейді депутаттар.
– Құжат аясында жеке кәсіпкер саналмайтын жеке тұлғаларға лизинг енгізу қарастырылған. Бұл өз кезегінде оларға автокөлік және жылжымайтын мүлік сияқты активтерді алуға мүмкіндік береді. Аталған құжат қабылданған жағдайда азаматтардың қаржы қызметтеріне қол жеткізу мүмкіндігі артады. Ұсынылған түзетулер халықтың шамадан тыс несие алу деңгейін төмендетуді және азаматтардың әл-ауқатын арттыруды көздейді. Сондай-ақ банк секторының және лизингтік компаниялар нарығының бәсекеге қабілеттілігін дамытуға бағытталған, – деді Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева.
Лизингтің бірнеше түрі бар
Лизингтің бірнеше түрі бар. Біріншісі, қаржылық лизинг. Мұнда азамат көлікті жалға алады. Ал келісім мерзімі аяқталғанда, көлік оның иелігіне өтеді. Екіншісі, операциялық лизинг. Көлік тек жалға беріледі. Кейін оны қайтаруға немесе жаңа модельге ауыстыруға болады. Ал үшіншісі, қайтарымды лизинг деп аталады. Бұл жерде компания өз көлігін лизинг берушіге сатады. Бірақ оны жалға алып қолданады.
Сарапшылардың пайымына сүйенсек, несиеге қарағанда лизинг тиімді.
– Біздің елде автонесиелендіру кейде 30 бен 56%-ға дейін көтеріліп кетеді. Яғни, заң бойынша олардың сондай мүмкіндіктері бар. Ал лизингте тікелей өнімді бергендіктен, бұл жердегі есептеулер сол мүліктің бағасымен есептелінеді. Ал бізде көбінесе халықтың қалтасының көтермей жатқандығы – жаңағы мүлікті сатып алған баға емес, банктің ұсынған несиелік ставкасының жоғарылығы. Ал лизингте несиелік системалар жүзеге аспайды, – дейді экономист Бауыржан Ысқақ.
Лизинг қымбатшылық тудырмайды. Яғни, лизингте бастапқы жарна төмен болады немесе мүлдем сұралмайды. Пайыздық үстемеақысы несиеге қарағанда арзан. Төлем кестесі тараптардың мүмкіндігіне қарай құрылады. Сонымен қатар қосымша кепілдік қажет емес.
Қазір елде автокөлік заңды тұлғаларға лизингке беріледі. Бұл кәсіпорындардың қыруар қарызға батпай-ақ, автопаркті жаңартуына тиімді болып отыр.
– Ал лизинг құралы қымбатшылыққа әкеледі деп қауіптенудің қажеті жоқ. Барлығы нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың арасындағы байланыспен тікелей байланысты, – дейді экономист.
Лизинг механизмі Америка мен Еуропада барынша дамыған. Яғни, тұрғындар ескі көлігін тапсырып, жаңасын лизингке алғанды жөн көреді.
Қазір елде 6 млн-ға жуық көлік бар. Бірақ олардың 40%-дан астамының шыққанына 20 жылдан асып кеткен. Ал лизинг бағдарламасы осы көлік паркін жаңартудың тиімді құралына айналуға тиіс.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА