Бас тақырып

Елімізде футболды дамытуға баса мән беру керек – Қасым-Жомарт Тоқаев

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сөйлеген сөзінде айтты.

Сурет Ақорда

– Ақмола облысының өкілдері қысқы спорт түрлері бойынша әлемдік және құрлықтық бәсекелерден ел қоржынына жүлде салуға үнемі мол үлес қосып жүр. Елімізде футболды дамытуға баса мән беру керек деп санаймын. Демеушілер қаржысы есебінен облыстық стадиондардың көпшілігін жаңғырту қажет немесе жаңа футбол стадиондарын салуды қолға алған жөн. Әрбір облыс, аудан орталығында, кент пен ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуға тиіс. Бұл – алдағы екі жылдың міндеті. Оның орындалуын тексереміз»

Сонда ғана біз бүкіл әлемге танымал әрі әлеуметтік, бұқаралық спорт саналатын осы ойынды жаңа деңгейге көтере аламыз. Балаларды, жасөспірімдерді футболға қызықтыру арқылы лудомания, нашақорлық мәселесін біршама шешуге болады. Осы салаға жауапты министрлік, Футбол федерациясы, жергілікті атқарушы органдар, кәсіпкерлер клубтық футболды коммерцияландыруға нақты кірісуі керек. Клубтар облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керек»

Сондықтан мен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын. Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Клубтар жекеменшік болса, шетел спортшыларын шақыру құқығына ие болады. Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі. Соңғы жылдары мемлекет қолдауының нәтижесінде балалар спорты қарқынды дами бастады. Бірақ, бұл – жеткіліксіз. Сондай-ақ бизнес өкілдері өскелең ұрпақты дене шынықтыруға және спортқа баулу ісіне зор үлес қоса алады деп ойлаймын, – деді Президент.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button