Елімізде еңбек тапшылығы бар өңірлерге қоныстандыру бағдарламасы жасалады
Қазақстанда еңбек тапшылығы бар өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, қоныстандырудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеу жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.

Ол этникалық репатриация институтын дамыту шеңберінде қандастардың мәртебесіне, есебіне және сүйемелдеуіне, оның ішінде «Қандас» цифрлық платформасы арқылы көзқарастарды қайта қарау негізгі міндеттер болатынын атап өтті.
Еліміздің еңбек тапшылығы бар өңірлерінде олардың ерекшеліктерін ескере отырып, қоныстандырудың өңірлік бағдарламалары әзірленетін болады. Осылайша, келген этникалық қазақтарды бөлу демографиялық тапшылығы бар өңірлерге ғана жоспарланып отыр.
Қосымша бейімделу шараларын одан әрі жетілдіру жоспарлануда: тұрғын үй, оқыту, тілдік интеграция, кәсіби бағдар. Интеграция мен кері байланыс механизмдерінің сәттілігін бақылау.
Сонымен қатар 2025 жылы Қазақстанға 7,5 млн-нан астам шетелдік келгені айтылды.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға 7,5 млн-нан астам шетелдік келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 600 мың адамға көп, ал елімізден шығып кеткендердің санынан 300 мың адамға артық. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов хабарлады.
Келушілердің түгелге дерлігі, яғни 90%-ы Тәуелсіз мемелекеттер достастығы елдерінің азаматтары. Ең көбі Өзбекстан (2,8 млн), Қырғыстан (1,7 млн) және Ресейден (1,5 млн).
Бүгінгі таңда елімізде 212 мың шетел азаматы тұрақты тіркелген. Соңғы үш жылда олардың саны айтарлықтай көбейген – 42%. Егер 2022 жылы олардың саны 148 мың болса, 2025 жылы 212 мыңға жетті. Осы өзге елдің азаматтарының ең көбі Алматы қаласында (42 мың), Алматы облысында (32 мың) және Астана қаласы мен Қарағанды облысында (17 мыңнан) тұрып жатыр.
Қазіргі таңда 87 мемлекеттің азаматтары елімізге визасыз кіре алады, бұл олардың сапарын жеңілдете түседі. Одан бөлек, 107 елдің азаматтарына электрондық виза қолжетімді. Соңғы уақытта 9 мыңнан астам электронды виза беріліп, 270 млн теңге жиналды.
Сондай-ақ Үкіметте өңірлік дамуға басымдық беретін ҚР Көші-қон және демографиялық саясат тұжырымдамасының жобасы әзірленбек
Үкімет отырысының соңында Премьер-Министр бірқатар тапсырма берді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 қазанына дейін Үкіметке Қазақстан Республикасының көші-қон және демографиялық саясат тұжырымдамасының жобасын енгізу тапсырылды. Ол әзірленіп жатқан 2030 жылға дейінгі өңірлік саясат тұжырымдамасымен сәйкес болуы тиіс.
Этникалық көшіп-қонушыларға елге келгенге дейін алдын ала сауалнама жүргізу құралдарын енгізу міндеті қойылды. Бұл қандастардың жеке және кәсіби артықшылықтарын бағалауға мүмкіндік береді. Оларды еліміздің солтүстік және шығыс өңірлеріне тарту бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге назар аудартылды.
ІІМ мен барлық мүдделі мемлекеттік органдарға көші-қон заңнамасын бұзған үшін әкімшілік жауапкершілік шараларын қатаңдату тапсырылды. Одан бөлек, жалпы көші-қон саласындағы қауіпсіздік мәселелерін күшейту қажет.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА