Елімізде Қауіпсіздік Кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті, деп хабарлайды Ortalyq.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Жиын барысында мемлекет басшысы Ресей Федерациясындағы жағдайға байланысты тапсырмаларды орындау шаралары туралы премьер-министрдің, бас прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының, Қорғаныс, Ішкі істер және Сыртқы істер министрлерінің баяндамаларын тыңдады.
Оқиға Ресейдің ішкі мәселесі екеніне қарамастан, еліміздің азаматтарын алаңдатты. Қазақстан мен Ресей арасын әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр. Президент Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Путинмен телефон арқылы сөйлесу барысында конституциялық тәртіпті орнату және өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларын қолдады. Мемлекет басшысы әскери іс-қимылдарды тоқтату жөніндегі келісімді құптады.
– Кез келген мемлекеттің ішкі саясатында қоғамдық тәртіп пен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің негізі – заң үстемдігі қағидаты, – деді Тоқаев.
Қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкімет әзірлеген шұғыл іс-қимыл жоспарын мақұлдады.



