Елімізде 1 наурыздан бастап не өзгереді?
1 наурыздан бастап Қазақстан халқын біршама өзгеріс күтіп тұр.

Теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер жойылады
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры наурыздан бастап шекті мөлшерлемелердің мәндерін жариялауды тоқтатып, депозит нарығындағы нарықтық мөлшерлемелер туралы мәліметтерді жариялай бастайды.
— Ырықтандыру жағына қарай жасалатын келесі қадам — капиталдануы жақсыдан төмен банктер үшін теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді жою. 2025 жылдың 1 наурызынан бастап, ҚДКБҚ теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді белгілемейтін болады. Капиталдануы жақсыдан төмен банктер сондай-ақ өздерінің депозиттік саясатын басқа банктер секілді нарықтық жағдайға сай белгілейтін болады. Сонымен бірге, егер капиталдануы жақсыдан төмен банктер өздерінің депозиттері бойынша мөлшерлемелерді айтарлықтай өсіретін болса (нарықтық мөлшерлемеге қарағанда жоғары+спред), бұл банк жүйесіне қосымша тәуекелдер болып тиеді. Осыған байланысты мұндай банктер жүйелік тәуекел үшін төлейтін жарнаға қосымша ретінде мөлшерлемелердің шектен тыс асырылу дәрежесіне және депозиттерді тарту көлеміне қарай көтеріңкі жарна төлейтін болады, — делінген хабарламада.
Депозит нарығындағы мөлшерлемелерді реттеу реформасын жүзеге асыруға байланысты 2025 жылдың ақпан айынан бастап, ҚДКБҚ сайт бетінде теңгелік депозиттер бойыша шекті мөлшерлемелер туралы ақпаратты жариялауды тоқтатады. Оның орнына 2025 жылдың наурыз айынан бастап, ҚДКБҚ өзінің ресми сайтында бөлшек саудалық депозит нарығында қалыптасқан нарықтық мөлшерлемелер туралы мәліметтерді жариялайтын болады. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер әлі де барлық банктер үшін белгіленеді.
— Біз жүргізілген реформа банктерге өздерінің депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін белгілеу барысында көбірек еркіндік береді деп күтеміз. Теңгелік депозиттер бойынша мөлшерлемелер нарықтық факторларды ескере отырып белгіленетін болады. Ал енді банктер үшін мөлшерлемелерді белгілеу барысында ұстанатын басты бағдар — нарықтық мөлшерлеме. Оның көлемін нарықтың барлық қатысушылары белгілейді. Бұл банктер арасында адал бәсекелестіктің дамуына жағдай жасайды және бөлшек саудалық депозит нарығының, әсіресе санаулы банктер ғана қатысатын сегменттің дамуына жаңа серпін береді, — дейді ҚДКБҚ басшысы Әділ Өтембаев.
Жүк көліктерінің жүруіне шектеу енгізіледі
Сонымен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 5 шілдедегі № 492 бұйрығының 19 тармағына сәйкес, республикалық автожолдарды қысқы мезгілден кейін сақтау мақсатында 2025 жылғы 1 наурыздан бастап 1 сәуірге дейін «бесінші жол климаттық аймаққа» жататын келесі сегіз облыста шектеу енгізіледі:
Алматы облысы
Атырау облысы
Жамбыл облысы
Ұлытау облысы
Қызылорда облысы
Маңғыстау облысы
Жетісу облысы
Түркістан облысы
Алайда келесі автокөліктердің түрлеріне бұл шектеулер қолданылмайды:
- халықаралық жүк және жолаушылар тасымалына;
- төтенше жағдайлар мен олардың салдарын алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын көліктерге;
- гуманитарлық көмек көрсететін, азық-түліктерді, дәрі-дәрмектерді, жолаушылар мен багаж тасымалын жүзеге асыратын көліктерге;
- жол-құрылыс жұмыстарына пайдаланылатын көліктерге.
— Жүргізушілер мен көлік иелеріне осы ақпаратты маршруттарыңызды жоспарлағанда ескерулеріңізді сұраймыз, — делінген ҚазАвтоЖол хабарламасында.
Теміржол билеті қымбаттайды
1 наурыздан бастап теміржолмен жолаушылар тасымалының билет құны 7 пайызға қымбаттайды. Айта кетерлігі, биыл жолаушылардың жайлылығы мен тасымал сапасын арттыру үшін 226 жаңа вагон сатып алынады. Вагондар отандық ЗИКСТО зауыты мен Штадлер компаниясында өндіріледі. Бұл жылы вагондар 13 бағыт бойынша қатынайды.
Жаңа вагондар кондиционер, Wi-Fi, заманауи дәретханалар, кеңейтілген жүк сөрелері, қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ ерекше санаттағы жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасалады. Айта кетерлігі, былтыр осы мақсатта 143 жаңа вагон сатып алынған еді. Ал негізінен 2029 жылға дейін отандық вагон паркін 1 000 вагонға дейін жаңарту жоспарда бар.
Жалпы, сұраныстың көбеюуіне байланысты жолаушылар тасымалы жылдан жылға өсіп келеді, 2024 жылдың қортындысында 2023 жылға қарағанда бұл көрсеткіш 5,6 пайызға өсіп, 20,8 млн жолаушыға жетті. 2025 жылы осы көрсеткішті 1 млн жолаушыға арттырып, жолаушылар санын 21,8 млн-ға жеткізу жоспарланған.
Рамазан айы
Бүгіннен бастап қасиетті Рамазан айы басталды. Наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн — Қадір түні, ал 30 наурыз — Ораза айт мерекесі. Пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілген.
Президент мұрағаты
2025 жылғы 1 наурыздан бастап Президент Мұрағатының жаңа мекенжайы енгізіледі
Мұрағат Астанаға көшіп келіп, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 15-үй мекенжайында орналасқан.
Мұрағаттың штат саны 168 бірлік болып белгіленді.
Сондай – ақ, мұрағат директоры Президент Әкімшілігінің Басшысымен және ҚР Президенті Кеңсесінің бастығымен келісім бойынша өз орынбасарлары мен мекеме филиалдарының басшыларын, ҚР Президенті Кеңсесінің бастығымен келісім бойынша мекеменің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларын тағайындайды және қызметтен босатады.
Денсаулық сақтау
Қазақстанда иммундаудың электрондық паспорты 2025 жылғы 2 наурыздан бастап енгізіледі
Профилактикалық егу картасы иммундау паспортына ауыстырылды.
Иммундау паспорты тек электрондық форматта жүргізілетін болады. (Вакцинация картасы қағаз түрінде де, электронды түрде де жүргізілді).
Иммундау паспортын қажеттілік өткенге дейін сақтаңыз. Вакцинация картасы 5 жыл сақталды.
Паспорт иммундаудың мынадай түрлерін жүргізу туралы мәліметтерді қамтиды:
- туберкулез (сонымен қатар туберкулез сынамалары);
- В гепатиті;
- дифтерия, сіреспе, полиомиелит, В гепатиті, көкжөтел және В типті гемофильді таяқша;
- дифтерия, сіреспе, полиомиелит, көкжөтел, В типті гемофильді таяқша;
- пневмококк инфекциясы;
- көкжөтел, дифтерия, сіреспе;
- адам папилломавирусы;
- дифтерия, сіреспе;
- полиомиелит;
- қызылша, қызамық, паротит;
- А гепатиті;
- құтыру;
- іш сүзегі;
- тұмау;
- сібір жарасы;
- туляремия;
- оба;
- кене энцефалиті;
- коронавирустық инфекция және т. б.
25 наурыздан бастап Қазақстанда ұялы телефондарды тіркеу ережелері өзгереді
Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтары (БДК) дерекқорының операторы мәліметтерді алған сәттен бастап 3 жұмыс сағаты (заңды тұлғалар үшін 6 жұмыс сағаты) ішінде (ЖСН немесе БСН, ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының сәйкестендіру коды, абоненттік нөмір) тексеруді орындайды:
БДК-да ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының бірдей сәйкестендіру кодының және басқа иеленушіге тіркелген абоненттік нөмірдің болуына;
ҚР ұялы байланыс желілерінде оны сәтті верификациялау нәтижелері негізінде пайдаланудың заңдылығын растау бөлігінде ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының сәйкестендіру коды туралы мәліметтердің болуына.
Бұл ретте ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын верификациялау ҚР аумағында өндірісті жүзеге асыратын тұлғалардан немесе оларды ҚР Салық және кеден заңнамасына сәйкес ҚР аумағына әкелуден және (немесе) уәкілетті сервистік орталықтардан алынған ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары туралы мәліметтер негізінде жүргізіледі.
Жеке тұлғалар ҚР-ға ұялы телефондарды әкелген кезде кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мақсаттарда мемлекеттік шекарадан өту туралы мәліметтер және (немесе) ҚР Салық және кеден заңнамасына сәйкес әкелуді растайтын құжаттар ұсынылады.
ҚР ұялы байланыс желілерінде пайдаланудың заңдылығын растау бөлігінде сәйкестендіру коды туралы мәліметтер болмаған жағдайда ұялы телефон “сұр” тізімге енгізіледі. Егер иесі 30 күн ішінде телефонды пайдаланудың заңдылығын растамаса, ол “қара” тізімге енгізіледі.
БДК-да бұрын тіркелген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы бойынша сәйкестендіру кодын ауыстырған жағдайда, мұндай ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын жөндеуді уәкілетті сервистік орталықтар жүзеге асырған кезде ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының ауыстырылған сәйкестендіру коды туралы мәліметтер мобильді байланыстың жаһандық жүйесі қауымдастығының дерекқорында сәйкестендіруге жатады.
Үміткерлер ҰБТ тапсырады
1 наурыз бен 6 сәуір аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді. ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, ҚР азаматы емес ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.
ҰБТ барысында калькулятор, Химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат апелляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны — 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл — 140, ол да өзгеріссіз қалды.
Тестілеу уақыты — 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек. 163 мыңға жуық адам тестілеуден өтуге ниет білдірді.
Кейбір айыппұл көлемі ұлғаяды
13 наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген жаңа түзетулер күшіне енеді. Соған орай тұтынушылардың дербес деректерін және құқықтарын қорғау, валюта айырбастау және табысты декларациялау саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік артады.
Атап айтқанда, кодекстің «Дербес деректер және оларды қорғау туралы ҚР заңнамасын бұзу» 79-бабы бойынша жеке тұлғалар төлейтін айыппұл көлемі 10-нан 30 АЕК-ке дейін артады. Лауазымды тұлғалар, жеке натариустар, сот орындаушылары, адвокаттар, заң кеңесшілері, шағын шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық ұйымдар үшін айыппұл көлемі 20-дан 60 АЕК-ке дейін артады. Ал орта кәсіпкерлік субъектілері — 100, ірі бизнес субъектілері 200 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.
Ал «Лауазымды тұлғаның кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы» 173-бабы 2-тармақпен толықтырылды. Ендігі уақытта 1 жыл ішінде кәсіпкерлік қызметке екінші мәрте қайта заңсыз араласқан лауазымды тұлға 200 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды.
Әлеуметтік маңызы бар тауарға сауда үстемесін арттып жібергендерге де жаза бар. Ендігі оларға ескертудің орнына айыппұл салынады: жеке тұлға мен шағын бизнес — 5 АЕК, орта бизнес — 35 АЕК, ірі бизнес — 150 АЕК.
Декларацияда кірісін дұрыс көрсетпегендерге 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Сонымен қатар 13 наурыздан бастап айырбас пункттерінің қызметіне қатысты 251-1 жаңа бап қолданысқа енеді. Қолма-қол ақшаны айырбасау барысында заң бұзғандар заң бұзудың сипатына қарай 50-ден 150 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz