Еліміз Сурдлимпиадада 6 алтын медаль жеңіп алды
Жапония астанасы Токиода өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының алғашқы үш күнінде-ақ ұлттық құрама спортшылары жоғары нәтижеге қол жеткізді. Отандастарымыз алты алтын, екі күміс және бес қола медаль еншілеп, көк Туымызды Токио төрінде көтерді. Бұл қатарда дзюдодан 81 келіде белдескен жерлесіміз Еркебұлан Қанафин де алтыннан алқа таққан болатын. Олай болса, жарыстың алғашқы үш күнінде елге жеңіс сыйлаған спортшыларға тоқталып өтелік…

Сурдлимпиада бағдарламасы бойынша әуелі жарыс жолын сурдо дзюдошылар бастады. Бұл бәсекеде отандастарымыз жарады. 66 келіде белдескен Хамза Ғұлама, 73 келідегі Шадияр Қуандық, 81 келіде Еркебұлан Қанафин ерлер арасында топ жарды. Ал, әйелдер арасында 70 келіде белдескен Әмина Файзулина да қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты.
Сонымен қатар, 100 келіде боз кілемге шыққан Айдарбек Тоқтарбек ақтық бәсекеде сүрініп, күмісті місе тұтты. Ал, +100 келіде өнер көрсеткен Сабыржан Хапизов пен 60 келідегі Алтынбек Кәкітаев қола жүлдеге қол жеткізді. Әйелдер арасында 48 келідегі Айым Жетпісбаева мен 78 келідегі Анна Карморова да Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Соңғы бәсеке, яғни, Қазақстанның ерлер құрамасы командалық сында топ жарса, әйелдер командасы күміс жүлдеге ие болды.
Сурдо жеңіл атлетика сайысында да ерекше жетістіктер тіркелді. Фаина Мейірманова биіктікке секіруден 1.79 метр көрсеткішпен Сурдлимпиада рекордын жаңартып, чемпион атанды. Онсайыс нәтижесі бойынша Нұрсұлтан Күлдеев 5 725 ұпай жинап, қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, 2022 жылғы XXIV жазғы Сурдлимпиадада Қазақстан құрамасы 29 медаль олжалаған. Оның ішінде, төртеуі алтын медаль болатын. Биылғы ұжымның қарқыны да жаман емес. Алғашқы күндердегі нәтижелер ұлттық құраманың әлеуеті жоғары екенін көрсетіп-ақ тұр. Ал, алда әлі талай жарыс бар. Сондықтан, спортшыларымыздан жаңа жеңістер мен жарқын көрсеткіш күтеміз…
Өз тілшімізден



