Жаңалықтар

Елі үшін туған ер – Касенхан Алтынбеков

Касенхан Алтынбеков – халқымыздың маңдайына біткен асыл азаматтардың бірі. Ол – жастайынан елге қызмет етуді мұрат тұтқан жан еді. 1941 жылы ол өз еркімен майданға аттанып, қан майданның алғы шебінде ерлікпен шайқасты. Соғыс­тың ауыр сынақтарынан өтіп, бірнеше рет жараланса да, ел мен жерге деген сүйіспеншілігі оны ешқашан мойытпады.

Сурет автордан

Жарақатынан айыққан соң, 1945 жылы Жапония бағытына аттанып, тағы да әскери борышын адал атқарды. Бұл оның батырлық рухының, төзімділігі мен ер мінезінің дәлелі еді.
Соғыс аяқталған соң, Касенхан әкеміз бейбіт өмірге оралып, бар күш-жігерін елді дамытуға арнады.
Еңбек жолы
1941 жыл 8 тамызда Талдықорған облысы Ақсу ауданы Авокумовна селосы орта мектебіне мұғалім болып орналасады.
1941 жылы 30 желтоқсанда әскерге шақырылады.
1947 жылы 10 қаңтарда елге оралып, Қарағанды облысы, Қоңырат ауданы, «Ұлы Октябрь» колхозындағы мектепке меңгеруші болып орналасады.
1948 жылы 20 тамызда «Таң» колхозы мектебіне меңгеруші және мұғалім болып орналасады.
1952 жылы Бірлестік колхозындағы мектепке меңгеруші болып тағайындалады.
1958 жылы «Сталин» колхозы С.Сейфуллин атындағы мектепке директор болып тағайындалады.
1984-1985 оқу жылында зейнеткерлікке шығып өмірінің соңына дейін мұғалім болып қызмет етті.
Ұстаздық жолды таңдап, жас ұрпақты саналы азамат етіп тәрбиелеуге үлес қосты. Жас ұрпақ бойына мейір мен тәрбиені сіңіре отырып, өз қызметін үлкен жауапкершілікпен, шын жүректен адал қызмет етті.
Өмірінің соңғы кезеңінде Касенхан Алтынбеков майданда көрген-білгендерін, бейбіт күннің қадірін жүрек тербетер естеліктерге айналдырып, қағаз бетіне түсірді. Оның жазбаларынан тек соғыс шежіресі ғана емес, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік пен ұрпақ қамын ойлаған кемел азаматтың жан сыры анық көрінеді.
Өмірінің соңғы кезеңдерінде Касенхан Алтынбеков әкеміз өз басынан кешкен оқиғаларын, қағаз бетіне түсіріп, естеліктер жазды. Жазбаларында соғыстың қиын сәттері мен бейбіт өмірдің қадірін терең сезінген жүрекпен баяндаған. Ол кісінің жазбалары келер ұрпаққа өшпес өнеге мен тарихи мұра.
Ұлы Отан соғысындағы өмірден естелік
«– Мен 1941 жылы Алматыда жасақталған 100-ші ат­қыштар бригадасы құрамына Москва түбінде Молодой Туй ауданында, Великие Луки сандағы кірдім. Великие Луки қаласындағы соғыс туралы академик С.Бәйішев бұрынғы 100-ші атқыштар бригадасының комиссары «Лениншіл жас» газеті 5 сәуір 1974 жыл №68 санында «Жастарға, Майдандастарға бұрынғы жауынгердің хаты» деген мақаласында мен туралы былай депті: «… Мұнда кейбір реттерде ұрыс бетпе-бет, жекпе-жек шайқасуға дейін барды. Сондай өмір беріспейтін айқастың бірінде штаб байланысшысы К.Алтынбеков менің көз алдымда бірнеше немістермен бейнебір арыстандай алысып, бір неміс офицерін етпетінен түсіріп, бүкіл қару-жарағын, планшітін, әскери карталарын тартып алып, табыс еткені менің әлі есімде» – деген еді. Батыста 9-мамары күні Прага қаласында аяқтап, шығыста Жапондарды талқандап, Порт-Артур қаласында жеңіспен солдаттық өмірді аяқтадым. Майданда жүріп екі рет «Медаль за отвагу» медалімен наградталдым. Менімен бірге Совет Одағының батыры М.Маметова, Елтай Ерназаровтың баласы Мырзаби Ерназарович болды. Бұдан соң бейбіт еңбекке кірістім. Енді қарғыс атқан соғыстың болмауын тілеймін».
Касенхан Алтынбеков қатардағы жауынгер.
Төбе үстіндегі айқас
«Біздің бөлімшеміздің 100-ші ерекше атқыштар бригадасы бөлімі тек қазақтардан Алматыда 1941 жылы құрылған еді. Біздің бөлімшеміз алдымен Москва түбінде онан соң, Великие Луки түбінде соғысқа кірдік. Великие Луки қаласын біздің әскерлер қоршап алды. Неміс әскерлері қала ішінде қоршауда қалды. Қанша шығуға немесе құтқаруға қанша келіп жанталасса да еш нәтиже шықпады. Неміс командаваниесі сендерді 1943 жылдың жаңа жылында қайтсек шығарып, Великие Луки қаласын қайта аламыз деп уәде еткен екен. Сол бойынша жанталасып шабуылға шықты. Великие Луки оңтүстігі Ржев қаласына баратын темір жол бойында қатты шайқастар болды. Біздің бөлімшелеріміздің күші азайып сарқыла берді. Жасыратыны жоқ, бізде соғыс құралдары: миномет, зеңбірек, самолет, танк жеткіліксіз болды. Осындай сұрапыл айқаста біздің бөлімше ашық алаңға шығып қалды. Мен байланыс бөлімінде істеуші едім Үшінші ботальонмен байланыс болмай сол батальонның байланысын реттеп келсем штаб орын өзгертіп байланыс ротасы да өзгеріп кетіпті. Артымыз кең жыра, алдымыз ашық алаң бірнеше күннен бері жөнді тамақ іше алмай қалдық. Кухнямызды бір снаряд аударып тастапты, енді кухнядан қайыр жоқ. Бұл кезде немістерде шабуыл үстіне шабуыл жасап келеді. Біздің ауыр жағдайымызды білсе керек, ес жиғызар емес. Бір жағымыздан бригада комиссары Сақтаған Бәйешов шыға келіп тікелей команданы өз қолына алды. Жан-жақты бақылап болып жауды өткізбеуге болатын жер деп биіктеу төбеге бекініп алуға команда берді. Әскерлер төбесіне барып орналасты бекініп алып жатырмыз немістер бізден қауіптенбей төбенің оң жақ бетін бетке ұстап, еңбектемей келе жатыр, алдарында танкі. Екеу, үшеу, әне бесіншісі де көрінді. Жауынгерлер абыржып қалды С.Бәйешев ұшып тұрып (мұрны күйе, минаға соқтыққан болу керек, тамақ та ішпегендігі көрініп тұр.) «Жолдастар! Шегінбеңдер жаудан бұғып өлгенше тік тұрып қайысып өлген артық» деп жауынгерлерді рухтандырып сол төбенің үстін жаудың үш рет атакасы тойтарылды. Оқтары азайып қалды. Граната мен штикке жол берілді .Қарсы атакаға да көшірілдік. Менің сол жағымда бір кісіден соң, комиссар алда жатыр. Оң жақтағы меркі Алматы облысы, жамбылдық Әлімов бір немісті түйреп, екіншісін винтовкасымен ұрып құлатты. Алматы темекі фабрикасының жұмыскері зор денелі жауынгер және семейлік жауынгер (аттарын ұмыттым) бірнешеуін құлатып үлгерді. Осы қызу сұрапылда сол қолымнан оқ тиді, автомат сусып қарға кіріп кетті. Бірақ ишім жазғызбады. Бүгіліп отыра кеттім. Осы кезде комиссар: «Жараландың кейін шық» – деді. Бір қолтығымнан сүйіп дәрігер Зейнолла Төлегенов тұр. Бұл – 1943 жылы 5 қаңтар күні еді. Мен кеткенше сол төбе жауға берілген жоқ. Пулемет, миномет жан-жағымнан оқ атып бөгеуде еді. Сонда ішіме де оқ тиіпті. Жолдан ұмытпасам 45-полктің ауыр жаралы лейтенанты Сидеренко кездесті. Оны алып жүруге дәрімен жоқ. Сол жерде өлді ғой деп ойлап едім. Зейнолла Төлегеновтің көмегімен аман қалдық. Комиссарымыз қазіргі ғылым академиясының президенті сол Бәйішев екенін кейінде білдім. Ең ақыр­ғы Прагда одан Порт-Артур қаласына барып соғысты жеңіспен аяқтадық. Енді қарғыс атқан соғыстың болмауын тілейміз!»
Касенхан Алтынбеков бұрынғы жауынгер.

Әкесін еске алып жазып отырған ұлы
Абылкайр Алтынбеков
№208

Басқа материалдар

Back to top button