Ресми

Елге жаққан электронды қызмет

Мемлекеттік қызмет мәртебесінің биік болуы бүгінде мемлекеттік қызметшілердің қолында. Олардың қызметі арқылы мемлекеттің саясатына баға береді бұқара. Сондықтан да, жұртшылыққа қызмет жасауда мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі мен білімі, әсіресе әдебі Әдеп кеңесінің ұдайы бақылауында. Ай сайын өткізетін Әдеп кеңесінің көшпелі мәжілісі кеше Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінде жалғасты. Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік басқару академиясының басшысы Серікжан Байбосынов мәжілісте мемлекеттік қызметшілерді дайындаудың, қайта даярлау­дың әрі біліктілігін арттырудың бүгінгі таңдағы маңызына тоқталды.

Серікжан Байбосыновтың ай­­туынша,  2022 жылы 255 мем­лекеттік қызметші қайта даярлау курстарынан өткен. 1423 қызметші біліктілігін

өз­ салаларына сай арттырып, 216 мәс­лихат депутаттары «Мәслихаттардың рөлі және әлеуетін күшейтудің заманауи тәсілдері» тақырыбы бойынша тәлім алған екен.

– Білім беру сапасымен қанағаттандыру 97 пайызға жетті. Халық үніне құлақ асатын мемлекет және тиімді коммуникациялар бойынша 468 адам тәлім алды. Жемқорлыққа қарсы комплаенс және парасаттылық бойынша 516 адам оқытылды. Жобаларды басқару, дизайн тұрғысынан ойлау, цифрландыру бойынша және тағы басқа заманауи тақырыптарды қамтитын семинармен курстар ұйымдастырылды. Ал, биыл жылдың қыркүйек айына дейін 169 мемлекеттік қызметші қайта даярлау курстарынан өтті. 825 қызметші өз салаларына сай біліктілігін арттырды. 819 сайлау участкелерінің мүшелері «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу ерекшеліктері» бойынша тәлім алды. 81 әкім «Көпшілік алдында сөйлеу дағдылары және үлгілі мемлекеттік қызметшінің дизайны» бойынша арнайы эксклюзивті 5 күндік курстан біліктіліктерін жетілдірді, – дейді Серікжан Байбосынов.

Сондай-ақ, мәжілісте электрондық форматта көрсетілген мемлекеттік қызметтердің үлесін арттыру және электрондық қызметтерді танымал ету бойынша мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралар туралы да Серікжан Берікбайұлы сөз қозғады.

Мәселен, 2023 жылдың бірінші жылдығында Қарағанды облысының мемлекеттік көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік мекемелерімен барлығы 9 млн. астам қызмет көрсетілген.

Жалпы, көрсетілген қызметтердің 98 пайызы электронды форматта, 1,3 пайызы Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілсе, 0,2 пайызы мемлекеттік мекемелерде арқылы қағаз түрінде.

Аталған бағытта облыс бо­йынша жалпы электронды көрсетілетін қызметтердің үлес салмағы 98  пайызды құрап отыр. Дегенмен, жекелеген қала және аудандар бойынша аталған көрсеткіш 90 пайызға жетпейді.

Атап айтсақ, былтырғы жылдың салыстырмалы кезеңі бо­йынша тізім соңында Қарағанды қаласы (70%), Бұқар жырау ауданы (79%), Шахтинск қаласы (83%), Қарқаралы ауданы (78%) орын алса, биылғы жылы аталған тізімде Шахтинск қаласы мен Қарқаралы ауданының орындарына Балқаш (75%) пен Саран (77%) қалалары орналасқан.

Сонымен қатар, аталған көрсеткіш бойынша басқармалардың ішінде теріс нәтиже көрсетіп, тізім соңында қалғаны Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы (68%) мен білім басқармасы (75%) екен.  

Жыл басына барлық мемлекеттік мекемелерге электронды қызметтердің үлес салмағын арттыру бойынша тиісті тапсырмалар берілген екен.

Жоғарыда аталған мәселелер бойынша, бұған дейін де Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша және департамент жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобында қаралып, бірнеше мәрте хатта да жолданғанына қарамастан, Қарағанды, Балқаш, Саран қалалары мен Бұқар жырау ауданы және Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен білім басқармалары электронды қызметтердің үлесін 80 пайызға  жеткізе алмай отырған көрінеді.

Әдеп кеңесі тарапынан күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты шешім шығарылды. Онда аталған кемшіліктерді жоюдың жолы мен көрсетілген талап-міндеттер айқындалды.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button