Елге сыйлы «Ертегі»
Қарағандыдағы № 12 “Ертегі” балабақшасында Мәңгілік Ел құндылықтарына бағытталған бүлдіршіндермен бірлескен сабақ өтті.
Жиынға «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институтының мамандары Ф. Ермағанбетова, Ж.Тойымбекова, Г.Баяндина, сондай-ақ, қалалық «Думан», «Аяла», «Гауһар» балабақшаларының тәрбиешілері қатысты. Сабақ барысында балалар «Мәңгілік Ел» идеясына бағытталған патриоттық актіні толтырды.
Нұрлы КИЛИБАЕВА, №12 “Ертегі” балабақшасының басшысы:
– Бүгінгі таңда “Ертегі” балабақшасында 5 топ ( екі қазақ, үш орыс) бар. Топтарда әзірбайжан, татар, корей балалары да тәрбиеленеді. Балабақшадағы он тәрбиеші және әртүрлі саладағы мамандар бүлдіршіндерді тәрбиелеуде бірлесе қызмет атқарады. Осы уақытқа дейін «Мәңгілік Ел» идеясы аясында бірқатар шаралар атқарылды. Сабақ барысында балалар «бес саусақ моделі» арқылы тәрбиешілермен параққа алақандарын қойып, жиегін қаламмен айналдыру арқылы ұлттық құндылықтарды жазды. Бұған дейін «Мәңгілік Ел» идеясы аясында «Менің сүйікті қалам», «Менің туған елім» атты вариативті сабақтар өтті.
Бүлдіршіндер шара барысында үш топқа бөлініп, өздерінің Қазақстан, Мәңгілік Ел жөніндегі ойларымен бөлісті. Тәрбиешілер жапондық бағалаудың «Жигсо» әдісі арқылы түсініктерін саралады. Шара соңында олар «Мәңгілік Ел» пирамидасын жасады.
Айта кеткен жөн, №12 “Ертегі”санаторлық балабақшасы туберкулезге қарсы диспансерінде фтизиатр тіркеуінде тұрған балаларды қабылдайды. Балабақшада әртүрлі аурулармен ауыратын балалар тәрбиеленіп, тубдиспансердің шешімімен қабылданып, шығарылады. Жаңа мектепке дейінгі міндетті стандарт негізінде бес білім саласы бойынша денсаулық сақтау саласында бала денсаулығын нығайту, сауықтыру мақсаттарында мекемеде медициналық блок, физио кабинеті, дене шынықтыру, ән-күй, балет залдары заманауи жиһаздармен толық жабдықталған. Бүлдіршіндер мекеме аясында алаңсыз, жеке танымдық, эмиоционалдық дамуына әсер ету, қамқор болу мақсатында мекеме психологы тәрбиешілер мен жеке мамандармен тығыз қарым-қатынас жасайды. Мерекелерде, сондай-ақ, «Мәңгілік Ел» тақырыбы аясында өткізілетін «Менің сүйікті қалам» сабақтарында да баланың рухани-адамгершілік және әлеуметтік дамуының негіздерін қалыптастыру бағыты алға қойылған.
№12 “Ертегі” балабақшасының тәрбиешілері балалардың физиологиялық және психологиялық дамуын қамтамасыз етіп, әр баланың сапалы және саналы білім алуына жағдай жасайды. Осы мақсатта балабақша ұжымы 2011 жылы авторлық «Дені сау балалар» бағдарламасын жасап, оқу-әдістемелік нұсқаулар дайындады. Мекеменің бірқатар педагогтары бірнеше құрмет граматолары мен Алғыс хаттарға ие болды.
Аяулым СОВЕТ
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.