Елге олжалы оралды
Қырғызстанда өткен параспорт түрлерінен халықаралық жарыста қарағандылық жас спортшы Мұхаммед Әубәкір ел намысын абыроймен қорғап, үш бірдей алтын медаль жеңіп алды. №6 арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушісі 60 және 200 метрге жүгіруден, сондай-ақ, үстел теннисінен үздік нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілді.

Жарыс Ыстықкөл облысының Балықшы қаласында өтті. Жеңіл атлетика, жүзу және үстел теннисі бойынша халықаралық чемпионатқа Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның спортшылары қатысты.
Мұхаммедтің жаттықтырушысы Болатбек Оразбеков шәкіртінің бұл жеңісін қажырлы еңбектің нәтижесі деп біледі.
– Қырғызстанда Балықшы қаласында балаларды қорғау күніне арналған жарыс өтті. Біз ол жаққа Мұхаммед және анасы үшеуіміз бардық. Мұхаммедтің дайындығы жақсы болды. Үш алтын қанжығаладық. Жалпы, жарыс тартысты өтті, – дейді бапкері.
Даун синдромымен өмірге келген Мұхаммед – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған №6 арнайы мектеп-интернатында білім алуда. Спортқа деген қызығушылығы бастауыш сыныптан, дене шынықтыру сабағынан басталған. Бапкері оның бойынан ерте жасында-ақ спортқа қабілетін байқап, арнайы бағдарлама негізінде жаттықтыра бастаған.
– Бұл баланың дамуына көп атсалысамын. Қазақстанның чемпионы болып өссін деп тілеймін. Мектептің көмегі зор, мұғалімдерге алғысым шексіз. Қоғамда өз орнын табуы үшін барымды саламын, – деді жас спортшының анасы Шолпан Боқаева.
№6 арнайы мектеп-интернатында ерекше балаларды өмірге бейімдеудің заманауи тәсілдері қолданылады. Мұнда оқушылар үшін ас үй, шағын супермаркет, сән салоны, қонақ бөлме секілді арнайы жабдықталған оқу бөлмелері бар. Бұл орындарда оқушылар күнделікті тұрмыстық дағдыларды меңгереді.
Мектептегі қазақ бөлімі мұғалімдерінің меңгерушісі Шайзада Смағұлова білім ордасының негізгі мақсаты – балаларды қоғамға бейімдеу екенін атап өтті.
– Мектебімізде ерекше қажеттіліктері бар балалар білім алады. Басты мақсат – оларды әлеуметтік ортада өз орнын таба алатын, қоғамға бейімделген тұлға ретінде қалыптастыру. Оқушылар қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау, қарым-қатынас мәдениетін меңгереді, – дейді ұстаз.
Қазіргі таңда Мұхаммед Түркияда өтетін халықаралық турнирге дайындық үстінде. Жас спортшының бұл жолғы жеңісі – тек жеке табыс қана емес, ерекше балалардың әлеуетін көрсетуге арналған жарқын мысал. Оның табандылығы мен ерік-жігері көптеген жастарға үлгі болары сөзсіз.
Дарина САМЕН,
Қарағанды зерттеу университетінің III курс студенті