Жаңалықтар

Елеусіз қалған есіл ер

Тілімізде адамға қатысты айтылатын, тұлғаның басқаларда қайталана бермейтін ерекше қасиеттерін айқындайтын бірегей деген сөз бар. Латынның уникум дегені осыған жуықтайтын сияқты. Қасиетті Нұра бойының қадірлі перзенті, жан-жақты талант иесі Әмен Қайдаров аталған айқындауышқа әбден лайықты жан еді. Киіз туырлықты қазақтың тұңғыш мультипликаторы, ұлттық анимация өнерінің негізін қалаушы, кинорежиссер, сценарист, суретші, профессор, тұтас халықтың руханиятында өшпес із қалдырған тұлға Әмен Әбжанұлы 1923 жылы 3 маусымда қазіргі Нұра ауданына қарасты Ахмет аулында, Жіңішке қонысында жарық дүние есігін ашқан екен.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Әкесі Әбжан Арқаға еуропалық білім мен мәдениетті орнықтыру үшін қызмет еткен мұғалім, яғни ауылға сыйлы адам екен. Әйтсе де, кеңестік солақай саясат орнатқан сұмдықтан оның үлкен әулетін білімі де, абыройы мен беделі де дін аман сақтай алмапты – ойранды отызыншы жылдардың басындағы аштық нәубетінен отбасындағы он үш баланың он бірі шетінеп, ұлдан Әмен, қыздан оның Райхан есімді қарындасы ғана тірі қалады. Қазақ даласын жайлаған аштықтан осыларды аман алып қалу үшін Қайдаровтар республика астанасы Алматыға қоныс аударады. Сірә, үлкен қалада тіршілік үшін қолайлы жағдай болады деп үміттенсе керек.

Әмен мектеп табалдырығын ауылда аттағанымен, аштық жайлаған жерде орнықты оқу бола ма, Алматыға келген соң, білім сапарын қайтадан бірінші сыныптан бастайды.  Тағы бір ерекшелік, ата-ана бұл жолы баласын орыс сыныбына береді. Бұған таяу маңда қазақ мектебінің жоқтығы себеп болды ма, әлде әке баланың алдағы тіршілік тауқыметін оңайлатқысы келді ме, белгісіз. Мүмкін барлық себеп бір арнаға тоғысқан шығар.

Кейіпкеріміз жайлы әр жылдарда, түрлі басылымдарда жарық көрген шығармаларда және берген сұхбаттарында бала кезінде ботаника, биология пәндерін ұнатқаны, есейген кезде агроном болуды армандағаны айтылады. Бұған жасында көз алдынан өткен аштық азабы, алдындағы төрт түлігін тартып әкеткен соң мал сүмесіне сүйенген қазақтар шыбындай қырылып жатқанда, жер тымалаған орыс мұжығы қара нанын жеп, мұртынан күліп отырған суреттер әсер етті ме екен, кім біледі?!

Жаратушы кейде алуан түрлі қабілетті бір адамның басына үйіп-төгіп бере салатыны бар ғой. Табиғат шебердің сондай ықыласы түскен жанның бірі Әмен Қайдаров. Сурет салуға, жазу-сызуға ебі бар екенін сезсе де бұны ғұмырлық кәсібіме айналдырамын деген ой санасына орнықпаған екен. Оған тағы да кездейсоқ жағдай түрткі болады.

КСРО деген алып империяның туы астына біріккен халықтарға қарсы 1937-1938 жылдары кезекті большевиктік террор басталып, қоғамның алғы шебіндегі адамдар, әсіресе қазақ ұлтының зиялылары жаппай саяси қуғын-сүргінге түскен кезде Әбжанның үйі табан астынан Көкшетауға көшеді. Оған отағасы араласатын адамдардың шетінен ұсталып жатуы, бұларға да тықыр таянғаны себеп болса керек. Аса қажет деген оны-мұны дүниесін ғана алып, асығыс жиналған отбасы енді Алматыдан Арқаға қашуға мәжбүр болады. Сөйтіп, тағдырдың жазуымен жер шоқтығына табаны тиген бозбала Әмен қазақ поэзиясының аққуы Сәкен мен жыр құлагері Ілиястың шығармаларына арқау болған сұлулықты көзімен көріп, жүрегімен сезінеді. Өңірден жазған пейзаждары оның болашағын айқындауға де септігін тигізсе керек.

ІІ дүниежүзілік соғыс басталғанда Әмен орта мектептің оқушысы еді. Соғыс үлкен қасірет екенін санасымен түйсінсе де, неміс фашизмі өз еліне – КСРО-ға ауыз салғанша оның ауыр салдарларын ой елегінен өткізбеген екен. 1941 жылдың жазында он сегізге толған жас жігіт мектепті аяқтамағанына қарамастан, майданға сұранады да Ақмоладан әскерге алынады. Жауға қарсы оқ атуға құлшынғанымен, әскери комиссариат мұны алдымен Ташкенттегі радиотелеграфистер курсына жібереді. Оны тәмамдап, әскери даярлықтан өтіп, Оңтүстік-Батыс, Дон, Сталинград, Бірінші Украин майдандарының жауынгері болып ұрысқа қатысады. Әсіресе, Сталинград түбінде кескілескен қанды қырғынға араласып, Украинаны азат ету шайқастарының ішінде болу жас жігіттің жүйкесіне салмақ түсірген ауыр сындар еді.

Барлаушылар тобының мүшесі, байланысшы Ә.Қайдаров 1944 жылдың 16 ақпанында, кезекті тапсырманы орындау кезінде арқасынан ауыр жарақат алып, жауынгерлік өмірімен, сонымен бірге Рейхстагтың төбесіне жеңіс туын тіксем деген арманымен қоштасады. Омыртқасына жасалған күрделі отадан кейін оны емделуге Кавказдағы Кисловодск шипажайына жібереді. Әменнің суретшілік таланты жарқырап ашылуына осы жердегі жаралылардың суретін салуы себеп болады. Тіршіліктерінің нақты дәлелі болып шипажайдағы жауынгерлердің портреттері үшбұрышты солдат хаттарының ішінде КСРО-ның түкпір-түкпіріне жол тартыпты. Жаралы болса да, ең жақын адамы жер үстінде бар екенін білген туыстарының жан тебірентетін алғыс сәлемдері Әменге де қанат бітірді. Өнерге айнымастай бет бұруына ықпалын тигізді.

Алматыға оралған соң әйгілі хирург А.Н.Сызғановтың қайта жасаған отасынан кейін аяғынан тұрған Әмен кәсіби суретші болу үшін Алматының Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік көркемсурет училищесіне түсіп, атақты А.М.Черкасскийдің шеберханасына қабылданады. Бұған дейінгі жұмыстарын көріп бірден екінші курста өткізген ұстаздың үмітін шәкірті де алдамайды. Әмен Әбжанұлы мұнда қазақтың әйгілі қылқалам шеберлері Үкі Әжиев, Гүлфайрус Ысмайылова, Жаңатай Шәрденовтермен бірге оқып, кескіндеме өнерінің тылсымына бойлайды.

Училищені тәмамдап, 1951 жылдан «Қазақстан әйелдері» журналының көркемдік редакторы, «Ара» сатиралық басылымының суретшісі қызметін атқарыпты. Бұдан кейінгі ғұмырда тағдырын бөліскен зайыбы Валентина Константиновнамен танысып, отау көтергендері де осы кезең.

Жасы есейіп кетсе де жаны романтик, қиялы ұшқыр Әмен Әбжанұлына қазақ мультфильмін жасау туралы ойдың ұялағаны аталған жылдар болса керек. Сөйтіп, қырыққа қадам басқанда БМКИ (Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты) мультипликация қоюшы суретшілер бөлімінің студенті атанып, әлемнің әр түкпірінен келген жап-жас қыз-жігіттермен бір курста оқиды. Екі жылдан кейін филолог мамандығы бар әйелі Валентина Константиновна Алматыдан келіп, осы білім ордасының кинотану факультетіне түседі. Бұл кезде екі баласы бар Қайдаровтар Мәскеу шаһарын таң-тамаша қалдырыпты. 1965 жылы диплом алып, одан соң сценаристер мен режиссерлер даярлаудың жоғары курстарын бітіреді.

Ә.Қайдаров Алматыға оралған соң «Қазақфильм» киностудиясында мультипликация цехының негізін қалап, оны басқарады. 1970 жылдан бастап мультбірлестіктің көркемдік жетекшісі, елуді еңсергенде Кинематографистер одағының хатшысы, алпысқа толғанда Суретшілер одағы басқармасының хатшысы сияқты қоғамдық жұмыстарды атқара жүріп, егде тартқан шағында Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтында (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) анимация мамандар даярлайтын оқытушы болады. 

Ә.Қайдаров қырықтан асқан шағында қазақ анимациясының негізін қалап, одан кейінгі жарты ғасырлық ғұмырын елімізде осы өнер орнығып, қанат жаюына арнаған майталман. Мэтрдің бұл тараптағы тырнақалды және ең әйгілі туындысы 1967 жылы түсірілген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі. Жас та жасамыс аниматор үшін алғашқы туынды оңайға түскен жоқ. Өйткені, ол кезде анимациялық фильм жасауды Қазақстан көлемінде ешкім ойға алмаған болатын. Режиссер жоспарда, жобада жоқ алғашқы мультфильмін құпия түрде дайындайды. Бір жақсысы, «Қазақфильм» киностудия­сын басқарып отырған озық ойлы азамат Камал Смайылов қолдау көрсетіп, қаражат тауып береді. Фильм дайын болғанда ғана Ә.Қайдаровтың «қылмысы» ашылып, бірден сынға ілігіпті. Бұл кезде тісқаққан жігітті бұндай аяқтан шалу жасқандыра алмайды. Мәскеу Кинематографистер одағы қазақ режиссері жасаған анимациялық фильмге, жаңа туынды жоспардан тыс өмірге келгеніне қайран қалысады. Ең бастысы, қазақтың халық ертегісі желісімен түсірілген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі кәнігі аниматор мамандарды сүйіндіріп, бірден оң баға иеленеді. Ә.Қайдаров жасаған мультфильм 1968 жылы Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) өткен Бүкілодақтық кинофестиваль мен 1975 жылы Нью-Йорктегі Халықаралық мультипликациялық фильмдер фестивалында жүлдегер атанады. Жарыққа шыққанына жарты ғасырдан аса уақыт өткен осынау анимациялық фильм бірнеше ұрпақты ізгілік нәрімен сусындатып, ғасырмен, уақытпен бірге жасасып келеді. Әлі де жасай берері анық. Әменнің бұл ертегіні экрандаған кезде жерлес досы, араларында бір-ақ жас айырмасы бар замандасы Бүркіт Ысқақов аталған ертегі желісімен поэма жазған дүр. Кездейсоқтық дегеннен гөрі үндестік деген дұрыс шығар.  Бұдан соң ұлттық анимация қорын ол «Ақсақ құлан» (1968), «Құйыршық» (1969), «Қожанасыр – құрылысшы» (1970), «Жанар» (1972), «Күн сәулесінен пайда болған көжек» (1975), «Қырық өтірік» (1978), «Сиқырлы кілем» (1981) сияқты мультфильмдер жауһарымен толықтырды.

Әрқашан ізденімпаз, бойындағы білімі мен тәжірибесін өскелең ұрпақ өкілдерімен бөлісуге даяр тұратын Ә.Қайдаров ұлт анимациясының келешегі жастар екенін бірден аңғарып, шәкірт тәрбиелеу ісін жолға салды. Өзі дәріс беретін Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы жанынан өнер факультетін, ізінше анимация кафедрасын ұйымдастыруға мұрындық болып, талапты ұл-қыздарға ұстаздық етті.

Ә.Қайдаров бастаған қазақ мультипликаторлары қазақ анимациялық өнерін дамытумен ғана шектелген жоқ. Олар қырғыз, түрікмен және тәжік елдеріндегі тұңғыш мультфильмдерді жасауға ат салысып, бауырлас елдерге шығармашылық қолдау көрсетті. Бұл кезеңді қазақ анимациясының «алтын дәуірі» деп атауға негіз бар. Өйткені, Әмен Әбжанұлының өзі бастап, шәкірт іні-қарындастары қостап, кеңес дәуірінде қазақ мультипликаторлары түсірген графикалық және қуыршақ фильмдердің саны жүзге жетіп, ғажайып туындылар қатары молайған еді. Айталық, режиссер-суретшілер Ж.Дәненов пен Ұ.Қыстауов «Алпамыс батыр», «Айдаһар аралы», Е.Әбдірахманов «Тапқыштар», «Бозторғай», Б.Омаров «Үш шебер», «Қаңбақшал», Т.Мұқанова «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденов «Тігінші мен ай», «Қадырдың бақыты» атты мультфильмдер түсіріп, қазақ анимациялық өнерін одақ көлемінде биік деңгейге көтерді. Ұлттық мультфильмдер тарихында жоғары бағаланған шығармалар қатарына А.Әбілқасымов, А.Тоқшабаев, Ұ.Бекішев және басқа да шеберлер түсірген туындылар қосылды.

Өкінішке орай, еліміз тәуелсіздік алған жылдары, мүмкіндік аса зор болғанына қарамастан, ұлттық анимация өнері қарыштап дамып кете алған жоқ. Әмен Әбжанұлының жанын жегідей жеп, өмірінің соңына дейін күреске итермелеген түйткіл де осы мәселе еді. Қазақ мультипликациясының абызы көзі жұмылғанша, экранға телмірген келешек ұрпағымыз қай халықтардың тәрбиесін алып, қандай мәдениет пен дәстүрдің, діл мен діннің боданында кетер екен деп алаңдаумен болды. Яғни ұлт болашағы, қазақ балаларының келешегі оны соңғы демі біткенше мазалады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында-ақ халық ертегілерін анимацияға айналдырып, әлем көрермендеріне таңдай қақтырған біртуар тұлға қоңсылас елдер анимацияға баса назар аударып, арнайы студиялар аша бастағанына қызыға қарайтын еді. Ресейде ежелгі «Союзмультфильм» студиясы аясын кеңейтсе түссе, Қытайда жиырмадан астам жаңа анимациялық орталықтар ашылыпты. Іргедегі ала тақиялы ағайындар да балдырған көрермендеріне көңіл бөле бастағанда, көптеген елмен терезесі теңескен, экономикасы даму арнасына түскен қазақ жұртында анимациямен айналысатын дербес студияның болмауы соңғы музаға жанашыр мамандарды қатты қынжылтты. Әмен ағаның шекпенінен шыққан талай жас режиссер ұлттық анимация орталығын жасауға талпынып бақса да республиканың Мәдениет министрлігінде мультипликаторлардың жан айқайына құлақ асатын пенде болмай тұр. Осының салдарынан қазақ ұл-қыздарының талай буыны шетелдің «Шрек», «Спандж Боб», «Бетмэн», «Өрмекші адам», «Кунг Фу Панда» тәрізді анимацияларын құныға көріп, жат жұрттардың шылауында кетіп барады.

Жалпы, Ә.Қайдаровтың тұлғалық ерекшелігіне келетін болсақ, ол қазақ ұлтының тұңғыш мультфильмін түсірген режиссері, аниматоры ғана емес, жан-жақты талант иесі: суретші-кескіндемеші, карикатурашы, плакатшы, график. Ол – көптеген атақты адамдар портреттерінің, пейзаждардың және 1952-1967 жылдары салынған ондаған саяси плакаттың авторы.

Сонау 1968 жылы Ленинградта (Санкт-Петербург), 1975 жылы Нью-Йоркте жүлде жеңіп алған тұңғыш туындысынан бастап, Әмен Әбжанұлы тамаша еңбектері үшін көптеген марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Ақсақ құлан» (1968), «Қожанасыр – құрылысшы» (1970), «Қырық өтірік» (1978), т.б. мультфильмдер топтамасы үшін 1980 жылы Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген өнер қайраткері атанды. «Құрмет белгісі», ІІ дәрежелі Отан соғысы, Парасат, ІІІ дәрежелі Барыс ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. Бейресми «Платинді Тарлан» сыйлығының (2002) иесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі және ҚР Ақпарат саласының үздігі, «Жыл адамы – Алтын адам» (2013) атанды.

Нұраның нар тұлғасы Ә.Ә.Қайдаров 2015 жылы 5 ақпанда, 92-ге қараған жасында Алматыда қайтыс болды.

Жоғарыда айттық, ұлттың рухани саласын өрге шығарған, ерлікке барабар еңбегі үшін Әмен Әбжанұлы көптеген жоғары марапат-атақтарға ие болды. Республикада және халықаралық фестивальдарда. Әйткенмен, біртуар тұлғаның туған жерінде оның есімін ұлықтайтын, елі үшін жасаған қызметін насихаттайтын ешқандай белгі, ескерткіш жоқ. Көшелерге есімі берілмегені былай тұрсын, 2014 жылы Қарағандыдағы «Болашақ» университеті баспасы жарыққа шығарған 522 беттік «Нұра. Нұра ауданы» энциклопедиясынан Ә.Қайдаровқа ширек беттік орын табылмапты. Жарты әлем таныған Әмен Әбжанұлын жерлестерінің танымағаны өкінішті-ақ!

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,

ҚР Мәдениет қайраткері

(Материалды әзірлеуге  республикалық баспасөз бен электронды ақпарат құралдарындағы («Айқын», «Абай-KZ», «Орталық Қазақстан», т.б.) деректер пайдаланылды)  

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button