Бас тақырып

Əлеуметтік нысан құрылысында кідіріс жоқ

Жақында өткен Ұлттық Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына ауқымды міндеттер қойды. Соның ішінде ірі инфрақұрылымдық бастамалар да айтылды. Президент айтқан салалар – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу жəне жаңғырту, баспана құрылысы, əлеумет əлеуетін көтеретін қажетті нысан құрылысы болатын.

Инфографиканы жасаған Е.Кеңесбекұлы

Өмір сапасын жақсарту жолында

Жауапты министрліктер осы бағыттардың əрқайсысы бойынша тиісті жұмысты бастап кетті. Алда нақты көрсеткіштер бар жəне ол бойынша барлық мемлекеттік орган, əкімдіктер, квазимемлекеттік сектор мен бизнес компаниялар жұмылдырылуда. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында əлеуметтік маңызы бар заманауи нысандардың салынуына баса мəн беріледі. Оның айғақты мысалы – тəулік бойы қызмет атқара алатын заманауи кітапханалар құрылысы һақында əкімдерге тиесілі тапсырма беруі. Тұтастай алғанда, əлеуметтік нысандар салу өмір сүру сапасын жақсартуға даңғыл жол екендігін естияр жұрттың барлығы терең сезінеді.

Қазақстанның жүрек тұсында орналасқан өндірісті облыс елдің əлеуметтік жəне экономикалық дамуында сындарлы əрі шешуші рөл атқарады. Соңғы жылдары өңір өз тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін ілкімді істер атқарылып, əлеуметтік нысандардың құрылысына да ерекше мəн берілуде. Қарағанды тұрғын үй құрылысының көлемі жағынан республика бойынша алдыңғы сапта екендігі аян.

Əлеуметтік нысандарды салу қажеттілігі мен өміршеңдігін бір мəрте саралар болсақ, қоғамның əл-ауқатын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын бірден-бір сала – осы. Өңірде, əлемнің көптеген басқа аймақтарындай, мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың шұғыл араласуын талап ететін бірқатар əлеуметтік түйткілдер барлығы ешкімге жасырын емес. Осындай түйіндер қатарында жас отбасы мен аз қамтылған азаматтар үшін қолжетімді баспананың жетіспеушілігі, білім беру мекемелері мен балабақшалар санының мезгілдік кемшіндігі, денсаулық сақтау саласындағы өзекті сауалдар легі, соның ішінде медициналық мекемелер мен қызметкерлердің жеткіліксіздігі, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін əлеуметтік қызметтердің қаттығы да оқтын-оқтын төбе көрсетіп тұрады. Ал, əлеуметтік нысандар құрылысы осы осал тұстарды оңтайлы шешуге əрі халықтың барлық санаттарының жайлылық деңгейі мен өмір сүру сапасын арттыру үшін қажет.

Өңірде

Соңғы жылдары Қарағанды облысында əлеуметтік нысандар құрылысы бойынша көптеген соны жобалар іске асырылғанына ел куəгер. Мысал үшін, жас отбасылар мен аз қамтылған азаматтарға арналған тұрғын үй кешендерін атап өтсек болар. Үкімет жас отбасылар мен табысы төмен адамдарға қолжетімді баспана беру жөніндегі бірегей бағдарламаларды белсенді қолдайды. Осы байыпты бағдар арқасында жаңа тұрғын үй кешендері салынды, сондай-ақ, қолданыстағы тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жəне жаңғырту сəтімен жүргізілді.

Білім беру мекемелері мен балабақшалар құрылысына келсек, мұны дамыту шеңберінде өңірде жаңа мектептер мен балабақшалар салынды, бұл барлық жас санатындағы балаларға білім берудің қолжетімділігін арттырды. Денсау лық сақтау жүйесін дамытуға да көп көңіл бөлінуде. Нəтижесінде жаңа ауруханалар, емханалар мен амбулаториялар салынып, қолданыстағы медициналық мекемелерді жаңғырту үдерісі жолға қойылды. Осы арада мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді орта құру жолымен, заманға лайықты етіп қажетті нысандарды салу шеңберінде мемлекет мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін арнайы жабдықтармен қамтуды да есте сақтайды.

Мəселе төркіні

Əлбетте, əлеуметтік нысандар құрылысы халықтың өмір сүру сапасының айтарлықтай жақсаруына əкелгенімен, аймақ бұл жолда кейбір қиындықтарға тап болатынын да айғақтай кеткенді құп көрдік. Мəселен, қаржылық шектеулер. Белсенді мемлекеттік қолдауға қарамастан, əлеуметтік нысандарды салу жобаларын қаржыландыру негізгі сын-қатерлердің бірі болып қала береді. Бұл мəселені шешу үшін қосымша инвестиция тарту жəне шығындарды оңтайландыру қажеттігі күн тəртібінен əсте түспейді.

Əлеуметтік нысандарды салу жобаларын сəтті жүзеге асыру үшін жергілікті қоғамдастықтар мен азаматтардың белсенді қатысуы маңызды. Олар шешім қабылдау процесіне жəне билік қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуде септігін тигізерін сезіне түссе, қос тарапқа да пайдалы. Кез келген нысанды салу кезінде экологиялық аспектілерді ескеру жəне қоршаған ортаға теріс əсерді азайту қажеттігі күн өткен сайын өзекті. Осы орайда «Ақылды қала», «Smart city» сынды жаһандық технология тетіктерінің жарқын мысалдарын үлгі еткен тиімді. Не десек те, əлеуметтік маңызы жоғары инфрақұрылым игілігі бұқара халықтың өмір сүру сапасын жақсартуда теңдессіз тетік сыйлайды.

Енді кезек күттірмес кешеннің түрлі деңгейдегі үйлестірушілерінің бірі – облыстық құрылыс, сəулет жəне қала құрылысы басқармасы. Яғни, əлеуметтік маңызы бар нысандарды салу жөніндегі бюджеттік бағдарламалардың əкімшісі. Басқарманың негізгі функцияларына өз құзыреті шегінде ведомстволық бағынысты аумақта құрылыс, сəулет жəне қала құрылысы қызметін мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру жатады. Бұдан бөлек, құзыретті мекеме 2 əлеуметтік-экономикалық индикаторға жауапты. Бұл: құрылыс жұмыстарының көлемі жəне тұрғын үйді пайдалануға беру.

– Президент тапсырмасына сəй кес, қазыналы аймағымыздың бар өңірінде, əсіресе, шалғай аудандарында үш жыл ішінде тоқсаннан аса медициналықамбулатория лық пунктер салу міндеті тұр. Назар заманауи əлеуметтік кешенді нысандарды салу, яки, ескі ғимараттарды соған лайықтауға салынбақ. Айтпағымыз, кəдімгі ультра заманауи, led технологиялы өзекті нысандар. Ештеңе еңсерімсіз емес. Бұған асықпай стратегиялық көзқарас таныту қажет! – деп мəлімдеді Қарағанды облысының құрылыс, сəулет жəне қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Абылай Смағұлов.

Былтыр мен биыл

Өткен жыл қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының нақты көлемінің индексі 2022 жылғы деңгейге қарағанда – 138,6%. Ал, ақшалай көрсеткіш 515,1 млрд. теңгені құрады. Облыста 547 бюджеттік пəтер пайдалануға беріліп, 347 пəтер жалға берілетін тұрғын үй сатып алынды. Облыстың осал топтағы тұрғындары үшін үй кезегінде тұрғандарға барлығы 894 пəтер салынып, сатып алынды. Өңірлер бөлінісінде мынадай жағдай қалыптасты. Былтыр Қарағанды қаласы Белинский көшесіндегі 72 пəтерлік үйдің құрылысы сəтімен аяқталды. Балқаш шаһарында 45 пəтерлік үй салынып, халықтың əлеуметтік осал топтары үшін 84 пəтер сатып алынды. Приозерск қаласы бойынша 45 пəтер қолданысқа берілсе, халықтың əлеуметтік осал топтары үшін қосымша 60 пəтер сатып алынды. Тұрғын үйдің белсенді құрылысы өзге шаһарлар аумағында да қарқынды жүргізілуде. Мəселен, Саран қаласында 115 пəтер пайдалануға берілді. Абай қаласында жаңа 80 пəтерлік тұрғын үй іске қосылды. Теміртау қаласында жеке құрылыс салушы компания жаңа тұрғын үй салды. Оны əкімдік сатып алып, халықтың əлеуметтік осал топтары үшін 65 пəтер берді. Шахтинск қаласы бойынша 72 пəтер сатып алып, пайдалануға берілді.

Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы облыстың ауыл тұрғындарын да жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етуге соны мүмкіндік берді. Мəселен, 2023 жылы облысымыздың барлық 7 ауданында 350-ге жуық пəтер салынып, сатып алынды.

Бұл жылы облыста 450 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланды. 2024 жылға арналған құрылыс жұмыстарының нақты көлемінің болжамды индексі 2023 жылғы деңгейге қарағанда 104,7%-ды құрайды. Бюджеттен 3 бағыт бойынша 8,3 млрд. теңге сомасында қаражат көзделген. Жалға берілетін, кредиттік тұрғын үй салу жəне тұрғын үй сатып алу есебінен барлығы 1,0 мыңға жуық кезекте тұрғандарды қамтамасыз ету жоспарлануда. Тұрғын үй құрылысы жəне сатып алу өткен жылдағыдай облыстың барлық өңірлерінде іске асырылатын болады. Əлеуметтік маңызы бар объектілерді салуға келсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша басқарма 17 нысанды пайдалануға берді. Олардың ішінде: Қарағанды қаласындағы 200 төсектік облыстық балалар ауруханасы. Абай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров, Шет жəне Қарқаралы аудандарындағы «Ауыл – ел бесігі» жəне «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламалары бойынша 9 фельдшерлік-акушерлік пункт. Ақтоғай жəне Бұқар жырау аудандарындағы 2 ветеринариялық пункт.

Президент тапсырмасы аясында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қарағанды облысына сапары барысында облыс əкімдігіне «Саран» индустриялық аймағын инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырды. Өздеріңіз білетіндей, бұрынғы резеңке-техникалық бұйымдар зауытының аумағында «Yutong» автобустарын құрастыру зауыты іске қосылды. Ағымдағы жылы шиналар шығаратын кəсіпорын жұмыс істей бастайды «KamaTyres.KZ», «Артель» тұрмыстық техника зауытының құрылысы жүзеге асырылуда. Келешекте «Технониколь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылу оқшаулағыш материалдарын өндіру, HOWO жүк автомобильдерін өндіру, тікелей тегіс құбырларын өндіру жəне басқа да өндірістер жоспарлануда.

Басқарма өткен жылы «Саран» индустриялық аймағына инженерлік желілердің 7 нысанын «салды». Ағымдағы жылы 5 инфрақұрылым нысандарының құрылысы аяқталады. 2024 жылы салалық басқарма «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруды жалғас тырады. Қызметтік тұрғын үймен 94 жас маман қамтамасыз етіледі. Теміртау қаласының орталық ауруханасы үшін бас ғимаратқа қосымша бөлік салу жоспарлануда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жалғастыру шеңберінде жыл соңына дейін 27 ауылдық денсаулық сақтау нысанын іске қосу жоспарланған.

Білім беру бағыты бойынша ағымдағы жылы Бұқар жырау ауданы Новостройка ауылында, Қарқаралы ауданы Талды ауылында авариялық мектептердің орнына салынып жатқан 2 мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Қарағанды қаласы Күнгей ауданында 600 орындық жаңа мектепті іске қосу жоспарлануда. Мектептерді жаңғырту мақсатында 3 қосымша ғимаратты пайдалануға беру жəне бір мектепті реконструкциялауды аяқтау межеленді. Мектептегі білім беру нысандарынан басқа биыл Əлихан Бөкейхан ауданында шығармашылықты дамыту орталығының құрылысы аяқталады.

2022 жылғы 30 қарашадан бастап, Үкіметтің қаулысымен «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы бекітілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында көрсетілген тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша облыста 12 500 оқушыға арналған 18 мектеп салынады. Операторы – «Самұрық-Қазына Construction» акционерлік қоғамы.

Жалпы облыстың 10 өңірінде 95 нысан іске қосылады деп күтілуде. Оның ішінде 40 денсаулық сақтау нысаны, 27 ауылдық медициналық ұйымдарға инженерлік желі тарту, 9 білім беру нысаны, 1 ветеринария нысаны, Саранда 5 инженерлік желі нысаны, 1 спорт нысаны. Жобалау жоспарларына келетін болсақ, биыл басқарма тарапынан əртүрлі салалар бойынша 10 ауданда 124 жоба əзірлеуде.

Əлеумет əлеуетін əлді етуде қамданыс қарқынды, кідіріс жоқ.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button