Ақтоғай ауданының мәдениет үйінде 25 қазан – Республика күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Жиында ауданның дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегі еленіп, өңірдің жетістіктері сараланды.
Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов көпшілікті мерекемен құттықтап, ауданның дамуына еңбек сіңірген азаматтарды мерекелік наградалармен марапаттады.
– Мемлекет басшысының бастамасымен Республика күні Ұлттық мереке ретінде бекітілді. Бұл маңызды шешім халықтың қолдауына ие болып, ұлттық деңгейде аталып өтуде. Ауданда Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқан бастамалар мен халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар іске асырылуда. Ел аман, жұрт тыныш болса, жұмыс та жүреді, ауданның да, халықтың да әл-ауқаты артады. Мұндай жағдайда ұлт болып ұйысып, ұлттық мерекені атап өту де бір ғанибет. Республика күні – біздің жалпыұлттық мерекеміз. Еліміздің қарыштап дамып, толағай табысқа жетуі – халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің жемісі. Олай болса, бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты болып, егемен еліміз гүлдене берсін! – деді аудан басшысы Абылай Аманжолов.
Іс-шара барысында ауданда түрлі салаларда жетістікке жеткен, еңбек сіңірген азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы атағы, ҚСРО «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», Ақтоғай ауданында бірнеше жыл дәрігер терапевт, дәрігер фтизиатр болып, сондай-ақ, 1983-1993 жылдар аралығында Ақтоғай аудандық ауруханасының бас дәрігер қызметін атқарған Кабдуахит Ежебаевқа, әнші, актриса, аудандық «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің негізін қалаушыларының бірі, Қазақ ССР-ның І дәрежелі наградасымен марапатталған, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Дариға Ақатаеваға, сазгер, педагог зерттеуші, Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері Наурызбай Бейсекеевке берілді. Сонымен қатар, жас кәсіпкерлерге аудан әкімінің гранттары табысталды.
Салтанатты іс-шарада ақтоғайлық өнерпаздар, «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблі ұжымы, «Арман» эстрадалық ансамблі өнер көрсетіп, мерекенің сәнін кіргізді.
Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz