Елена Рыбакина жұптық сында ширек финалға шыға алмады
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының ширек финалына шыға алмады.
Қазақстандық теннисші ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге үшінші айналымда осы «Үлкен дулыға» турнирінің 10-ракеткалары, жапониялықтар Сюко Аояма – Эна Шибахарамен шеберлік байқасты. Жапониялық жұп 6:2, 7:6 (9:7) есебімен жеңіске жетті.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина мен А.Павлюченкова 4 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыластары 1 эйс, 5 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина енді жекелей сында ғана жарыс жолын жалғастырады. Ол ертең әлемнің 17-ракеткасы, латвиялық Елена Остапенкомен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның әлемнің 1-ракеткасын ұтып, ширек финалға шыққанын жазған едік. Сондай-ақ Елена Рыбакинаның келесі қарсыласы анықталды. Анна Данилина жарыс жолынан шығып қалды.