Жаңалықтар

Елена КОРОСТИНА: “Екпенің жүктілікке зияны жоқ”

Pfizer-мен вакциналау басталған алғашқы күні 31 жасөспірім мен бала емізетін 10 жас ана екпе салдырды. Сонымен бірге, бұл вакцинаны жүкті әйелдер де салдыруда. Жүктілік кезінде әйелдердің дәрі қолдануда шектелетінін ескерткен мамандар коронавирустан екпе алып, өзін де болашақ сәбиін де қорғауға кеңес береді.

1 көпбейінді аурухананың ана мен баланы қорғау қызметінің басшысы Елена Коростина бүгінгі күнгі эпидемиологиялық ахуалға байланысты вакцина алу қажеттілігін атап өтті. Маман, әсіресе, болашақ аналардың өзі үшін ғана емес, баласы үшін де жауапты екенін баса айтты.

– Вакцинация, ең әуелі, ауырмау үшін қажет. Ауырып қалған жағдайда да індеттің жеңіл өтуіне әсер етеді. Аяғы ауыр әйелдер үшін өзінің де, баласының да амандығы маңызды. Сондықтан, біз осы санатқа жататын әйелдерді вакциналауды бастадық. Қазіргі таңда ауруханада 519 жүкті әйел есепте тұр. Оның 230-ы вакцинация алуға болатын 16-37 апталық мерзімде. Солардың үшеуі өздеріңіз көргендей, вакцина алып шықты. Екпенің жүктілікке зияны жоқ, – деді дәрігер. Оның айтуынша, жүкті әйелдердің жартысы вакцина алуға келіссе, жартысы қарсы көзқараста екен.

– Бұл – әр әйелмен жеке жүргізілетін жұмыс. Оны тиісті дәрігер жүргізеді. Олар жан-жақты түсіндіреді. Учаскелік гинекологтан кейін ол әйелді міндетті түрде терапевт қарайды. Анамнезіне қарап, вакцинацияға рұқсат береді. Сонымен қатар, жүкті әйелдер вакцинациядан бір сағат бұрын жалпы қан талдауын тапсырады. Оның нәтижесі жарты сағатта дайын болады. Жақсы болса, екпе салуға рұқсат етіледі, – деді Е.Коростина. Екпе салдыруға алғашқылардың бірі болып келісім бергендер – Стелла Кожанова мен Әсемгүл Оразбекова. Екеуінде де жүктіліктің 25 аптасы.

– Бұл менің алғашқы жүктілігім, – деді Стелла Кожанова.

– Медбике хабарласып, шақырды. Мен келісім бердім. Әрине, көп ойландым. Бірақ, дәрігерлер бәрі жақсы болатынын айтып, қорқынышымды басты. Екінші сәбиіне аяғы ауыр Әсемгүл Оразбекованың отбасы мүшелері вакцина алған екен. Енді өзі де мүмкіндікті пайдаланып, екпе алуға келісім беріпті.

– Тәуекел деп өзім үшін және балам үшін екпеге алуға бел байладым. Тіпті, үйдегілермен ақылдасқан да жоқпын, шешімді осы жерде қабылдадым, – дейді Ә.Оразбекова.

Жүкті әйелдердің вакцинациясы үшін қандай да бір айрықша қарсы көрсетілімдер жоқ. Мұнда мамандар жүктілік мерзіміне ғана қарайды. Ол 16-37 апта аралығында болуы керек. Одан бөлек, жас босанған аналар 42 күннен кейін екпе алуына болады. Ана мен бала денсаулығына жауапты маман COVID-19-дан кейінгі болуы мүмкін асқынулар жайлы да айтып өтті.

– Жүкті әйелдерде болуы мүмкін асқынуларға мерзімінен бұрын босану немесе шарананың өлімі, сондай-ақ, ауыр паталогиялардың пайда болуын жатқызамыз. Бұл – біз қорқатын негізгі асқынулар. Біздің ауруханада жыл басынан бері 97 жүкті әйел коронавируспен ауырды. Оның 47-сі стационарда жатып ем алды. Олар орташа ауыр жағдайда жатты. Бірақ, барлығы да өз уақытында өмірге тірі нәресте әкелді. Бұл ретте жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдерге алдын ала вакцина алуды ұсынамыз. Вакцина алып үлгермесе, 16-37 апта аралығында екпе алу мүмкіндігі бар. Дәл осылай, босанған әйелдер де екпе ала алады. Біздің ауруханада ай сайын 120-140 әйел босанады. Яғни, олардың барлығы 42 күн өткеннен кейін екпе алуына болады, – деді Елена Коростина.

Медициналық мекемедегі вакцинация орталығының жетекшісі Анастасия Концевич ауруханаға қарасты 9-мектептің оқушыларын вакциналау олардың ата-аналарының келісіміне қарай жасалатынын айтты.

– Pfizer вакцинасын кеше алдық. Оны сақтау үшін арнайы тоңазытқыштарымыз бар. Сонымен қатар, вакцинаны сақтау қоймасынан осында тасымалдауға қолданылатын термоконтейнерлер де бар. Онда да тиісті – 60-90 температура сақталады. Осы температурада оны 90 күн сақтауға болады. Сонымен қатар, +2-+8 температурасында 31 күнге дейін сақталады. Бұл вакцинацияны мектептерде жүргізуге ыңғайлы. Бүгінде мектептерде вакцинация кабинеттері, күту орны, барлығы дайын. Екпе, тек, ата-анасының келісімімен салынады. Екпені мектепте де, емханаға келіп те жасатуға болады, – деді ол.

Әр мектепте вакцина тасымалына арналған термоконтейнер бар. Оның температурасы белгіленген. Дәрігердің айтуынша, екпені мектеп медбикесі жасайды, олар бұған арнайы оқытылған. Егер, мектепте медбикесі болмаса, аурухананың арнайы бригадасы баруға дайын.

– Бригада құрамында дәрігер, тіркеуші маман, медбике болады. Ол барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дәрігер ең алдымен баланың тамағын, денесінде қандай бір қызару, бөртпенің жоқтығын қарайды. Баланың дені сау болуы керек. Қазір мектептерде баланың ата-анасы немесе заңды өкілінің келісімі алынуда. Соның санына қарай мектептер бізге өтініш береді. Біз тиісті көлемдегі вакцинаны дайындап апарамыз. Жалпы, мектептегі медициналық кабинеттер бұрыннан жабдықталған. Өйткені, онда Pfizer-ге дейін де басқа әдеттегі екпелер жасалады. Сондықтан, онда тоңазытқыш пен медициналық құралдар бар. Пришахтинскідегі «Таңшолпан» балалар үйімен келісім бар. Ол жерде екпеге келісетін балалардың тізімі жасалып жатыр. Анықталғаннан кейін біздің бригада барады, – деді маман.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button