Электронды темекі несімен қауіпті?
Қазір жастардың көпшілігі электронды темекіге әуес. Зиянын біле тұра, тұтынудан бас тартпайды. Қоғам өкілдері мұны айтып, мәселе көтерсе де, құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Электронды және бір реттік темекіге әлемнің 35 елі тыйым салған, 65 мемлекет арнайы шара қабылдаған. Өкінішке қарай, бұл тізімде Қазақстан жоқ. Елдің болашағы жастар болса, олардың саулығына неге немқұрайлы қараймыз?
ҚР Парламенті Мәжілісінің кезекті отырысында депутат Нұргүл Тау жастар арасында электронды темекілердің жаппай таралуына және қолданылуына тыйым салу мәселесін көтерген болатын.
– Денсаулық сақтау саласы сарапшыларының айтуынша, электронды темекінің құрамында көмірқышқыл газы, никотин, аммиак, шайырлы заттар, көгеретін қышқыл, органикалық қышқылдар сияқты 30-дан астам улы зат бар. Электронды темекі сырт пішінімен, хош иістерімен жастарды еліктіреді. Бірақ, бұл темекі адам өкпесін ірітіп жібереді, – деді депутат.
Осыған байланысты депутат елімізде вейптер мен оның басқа түрлерін сатуға толығымен тыйым салу мүмкіндігін қарастыруды, электронды темекілердің, оның ішінде вейптердің жарнамасына тыйым салып, жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.
Маусым айында Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті құрамында никотин және темекі бар контрафактілік өнімдерді сақтау орындарына рейд жүргізді. Департамент мәліметінше, жалпы сомасы 6,5 млн. теңгені құрайтын әр түрлі маркадағы 3 мың контрафактілік өнім тәркіленді. Тәркіленген заттардың ішінде электронды темекі, құрамында никотин бар темекілер және кальян бар. Контрафактілік өнім иелеріне әкімшілік хаттамалар жасалған. Іс сотқа жіберілді.
Жастар арасында кеңінен таралып, өзекті мәселелердің бірі болған бұл өнім адам ағзасына қаншалықты зиян екені көпшілікке мәлім болса да, оны қолданушылар саны азаяр емес. Нақты деректерге сүйенсек, электронды темекінің кесірінен елімізде жылына 18 мың адам көз жұмады екен. Бұл құтылы темекіні біреулер ермек үшін қолданса, өзгесі кәдімгі темекіні тастауға көмектеседі деген ойда. Дәрігерлердің айтуынша, электронды темекінің негізгі бөлігі ол – никотинді улы зат. Ол қанға өтіп, психологиялық тәуелділікті тудырады.
Аты-жөнін жарияламауды өтінген 20 жастағы кейіпкеріміз электронды темекі шегіп жүргендерге қызығып, бір рет тартып көрейін деп қолданғанын жасырмады. «Бір рет шегіп көремін деп қалай тәуелді болып қалғанымды білмей қалдым. Ағза үйреніп алған соң іздеп тұрады екенсің. Темекіні тартқым келіп тұрады. Қазіргі таңда барлық дүкендерде ашық сатылып жатыр. Қымбат тұрса да соңғы ақшамды осы затты алуға жұмсаймын», – дейді Қарағанды тұрғыны.
Электронды темекінің ағзаға әсері 2015 жылдан бері жүргізіліп келеді.
Дәрігерлер дабыл қағуда. Электронды темекіден қан қысымы көтеріледі, қан тамырларының жұмысы бұзылады, миокард инфаркт мен инсульттің даму қаупі артады, өкпе және тыныс алу жолдары зақымдалады, тахикардия, құрғақ жөтел проблемалардың ең кішкентай белгілері пайда болатыны дәлелденген.
– Өкпесі ауыратын адамдар үшін темекі шегудің өлімге дейін апару қаупі бар. Электронды темекіде буға айналатын сұйықтық қолданылады. Ол глицерин, пропиленгликоль және хош иісті қоспалардан тұрады. Қыздырған кезде формальдегидті бөлетін қосылыстар түзіледі. Электронды темекі сырттай зиянсыз болып көрінеді. Иісі жоқ, ештеңе жанбағаннан, түтін болмайтындай көрінеді, канцерогендер жоқ деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Денсаулыққа зияны жоқ деп ойлаған сайын темекіге тәуелділік арта түседі. Әсіресе, жасөспірім шақта вейптерді пайдалану өте қауіпті. Мен пациенттеріме электронды темекі тартуды тоқтатуды ұсынамын, – дейді Бонамед көпсалалы медициналық орталығының дәрігер терапеві Әйгерім Мақұлбек.
Денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанда жүргізген зерттеуі бойынша 11 жастан 15 жастағы жасөспірімдер арасында электронды темекіні тұтыну төрт жылда үш есеге өскен. Жастарды еліктіру үшін шылымның 15 мыңнан астам дәмін ойлап тапқан.
ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте вейптерді сатуға ашық көрсетуге, оларды 21 жасқа толмаған адамдарға тыйым салу туралы норма қарастырылған, бірақ кәсіпкерлер заң талаптарын орындамайды. 2021 жылдан бері Денсаулық сақтау министрлігі вейптердің айналымына тыйым салу мәселесін көтеріп келеді. Бұл мәселе әлі де өзекті.
Темекі шегушілер өзінің болашағы туралы ойлануы және денсаулығын сақтау үшін темекі шегуден бас тартуы қажет. Ел болашағын ойласақ, бүгінгі «вейпті» ермек көрген бала болашақта темекіге тәуелділердің қатарын толықтырмасын десек, ертерек іске көшу керек.
Ақерке ЖАРЫЛҒАСЫН,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің
III курс студенті



