Электронды төлемнің пайдасын ел көреді
ONAY!-дың өрісі кеңейеді. Ол енді қалаішілік қоғамдық көліктерде ғана емес, 107, 146, 121, 122 сынды автобустарда да қолданылады. Облыс орталығына жақын орналасқан қалалар мен Қарағанды арасындағы жеті бағыттағы қоғамдық көлік бағасы арзандайды. Бұл ай сайын Теміртау, Шахтинск, Абай, Топар, Саран мен Шаханға қатынайтын 500 мың адам үшін жағымды өзгеріс болғалы тұр. Мұндай жаңалықты облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жеткізді.
Аймақ басшысының айтуынша, ONAY! электрондық жүйесі тиімділігін көрсетуде.
– Бүгінгі таңда төлемдердің 96%-ы электронды түрде өтеді. Енді, оны қалааралық автобустарда, атап айтқанда серіктес қалаларға баратын бағытқа енгізу жол жүру құнын екі еседей төмендетуге мүмкіндік береді. Айырмашылық айтарлықтай, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қала маңындағы маршруттарда электрондық билеттеу жүйесі енгізілгеннен кейін жүру құны 80 теңге болмақ. Ол үшін жол ақысын QR, көлік коды немесе SMS көмегімен немесе «Бірыңғай», Virtual, «Әлеуметтік», «Зейнеткер» карталарының бірімен төлеу қажет. Сонымен бірге, «7-15 жастағы балалар» картасымен жол жүру құны 40 теңге болмақ. Бір айта кетерлігі, ONAY! көлік карталарын Қарағанды ішіндегі қоғамдық көліктерде де қолдануға болады.
Қазір Қарағанды-Шахтинск автобустарында жол жүру құны – 190 теңге, Қарағанды-Топар – 180 теңге, Қарағанды-Теміртау – 150 теңге, Қарағанды-Саран – 95 теңге, Қарағанды-Абай –170 теңге, Қарағанды-Шахан – 175 теңге. Жолаушылар ONAY!-сыз осы бағаны төлейтінін де ескерткен жөн. Сондықтан, облыс әкімі электронды төлем жасаудың тиімділігін түсіндіруді тапсырды.
– Жолаушылар көлігі басқармасына жақын арада автобустарда жүйені монтаждау жұмыстарын жүргізуді, серіктес қалалардың тұрғындары үшін ONAY! карталарын сатып алу мүмкіндігін қамтамасыз етуді тапсырамын. Дүрбелең туғызбай, жол ақысын электронды төлеудің артықшылықтары жайлы ақпараттық қолдау көрсетіңіздер, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс орталығына жақын орналасқан қалаларға жүретін қоғамдық көлікті жаңарту жұмысы жалғасын таппақ. Биыл №3 автобус паркі QazTehna зауытынан судай жаңа 25 автобус сатып алуды жоспарлап отыр.
Жансая ОМАРБЕК.