Электронды төлем тығырыққа неге тірелді?
Жыл басталғалы көптеген қазақстандықтар әлеуметтік желі бетінде кейбір тауар мен қызмет ақысын саудагерлер тек қолма-қол төлем жолымен талап етуін тіксіне қабылдады. Шағым да көбейген. Мәселенің мәнісіне тереңірек үңіліп көргенді жөн санадық.
Өткенге оралу
Анығында қолма-қол ақшаға қайта оралудың негізгі себебі – Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдарды бақылауды күшейте түсуі. Яғни, кәсіпкерлік қызметтен түсетін кіріс көзін көлеңкеден шығару мақсаты тұр. Бірақ, осы жағдайда да салық салу тәртібі түбегейлі өзгермейді. Бажайлап қарасаңыз, жекелеген аударым үдерісіне бұдан бұрын да салық салынбағаны аян. Салынбайды да. Ал, кәсіпкер табысына салық салынатыны бесенеден белгілі. Тек бақылау амалы үдеген. Өзгергені – сол ғана. Егер де кез келген кәсіпкер төлемді аударым операциясы арқылы іске асырып, салық төлеуден жата жастанып жалтаратын болса, соңыра айыппұлдың ауылына ат басын тірейтіні – айдай ақиқат.
– Мәселе мынада: әр банк өзінің жүйесіндегі мобильді аударым операциясы бойынша ақпарат кестесін құзырлы мекемеге ұсынады. Қолға түскен мағлұмат легі заңсыз кәсіпкерлік айла-шарғысының бар-жоғын бақылайды. Егер де үш ай ішінде түрлі тұлғалардан 100 аударым түскен болса, күдік күшейеді. Өйткені, мұншама аударым әрекетін қатардағы кісі іске асыра қоюы неғайбыл. Осы тұстан келіп, демек, әлдекім қандай да бір бизнес түрімен айналысатыны расталса, ол салық органдарында тіркелуі міндетті болады. Ал, жеке кәсіпкер болса, онда кірісті төмендету мәселесі қарастырылады. Әрбір нақты ресми тіркелген жағдай жекелеген тәртіпте қарастырылып, бүге-шігесіне дейін анықталады, – деп түсіндірді жеке тұлғалардың табыстарын жалпыға бірдей декларациялау және әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Ерқанат Шынберген.
Сауалына – жауабы
Осындайда қарапайым адамның «Олай болған күнде, мобильді аударым алабөтен күдік тудырмауы үшін қайтпек керек?» деген тосын сауалын қарастыралық. Мұнымызға Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейді деп сендірді. Жеке тұлға өзінің дербес мақсаты үшін аударым жасап, қабылдай да алады. Мәселен, туысына, досына жолдаған аударым легі, яки, ата-ана мен бала-шағаға көмек, өзге де өмірлік жағдай делік. Мұндай аударымдар кезегі кәсіпкерлік қызмет деп әсте танылмайды. Және ондай жандарға салық салынбайды. Декларациялаудың да қажеті жоқ. Өйткені, осы сынды бірыңғай жайттар жеке тұлғаның кірісіне жатпайды. Есте сақтау керегі, ең бастысы, мобильді аударымды тек жеке мақсатқа пайдалануға болады. Бірақ, тауарлар немесе көрсетілген қызметке ақы төлеуге шек бар.
Жүзден астам аударым нені аңғартады?
Қош, мақұл делік. Түпкі ниет түрлі болғанымен, алым-салық албарына онда кімдер ілігетінін біз қайдан білеміз?! Орынды сауал. Шетінен сетінеп шешіле берсін деген ұйғарыммен бұған да жауап іздеп көрелік. Салық кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес, фискалдық органдардың назарын үш ай қатарынан түрлі тұлғалардан 100-ден астам аударым келіп түсетін азаматтардың жеке шоттары күмән туғызары сөзсіз. Қоғамдағы кез келген көлденең ақпар тұрғындарды әжептәуір сарсаңға салып қоятыны әредік кезігіп жатады. Жалпылама жұрттың мобильді аударымы үшін салық мекемесінің тексерісі кім-кімге болсын ұнамауы рас. Ал, іс жүзінде бәрі өте қарапайым.
Егер сіз, шынымен, кәсіпкер болсаңыз, әрі мобильді аударымдар арқылы пайда тапсаңыз, кәсіпкерлік қызметке арналған жеке арнайы шот (бизнес-шот) ашуыңыз міндеттеледі.
Кәсіпкер һақы
Жалпақ тілмен айтқанда, әр кәсіпкер өзіне ыңғайлы салық режимін өзі таңдай алады. Патент (салық мөлшерлемесі – 1%), жеңілдетілген декларация (салық мөлшері – 3%), бөлшек салық режимі (салық мөлшері – 4%). Сіз салық режимін e-Sales Business мобильді қосымшасы арқылы таңдай аласыз. Қосымша бағанында салық, сондай-ақ, әлеуметтік төлемдер автоматты түрде есептеліп төленеді.
Тағы бір кейс. Сіз мобильді аударымдарыңыз үшін тексеру амалына тап болдыңыз делік. Бірінші кезеңде (кәсіпкерлер үшін 2024 жыл) екі бағыт бойынша камералдық бақылау жүргізіледі. Салық органдарында қызметті тіркеу және кіріс көлемін төмендету. Қос бағыт та салық төлеушіге әлдебір тәртіп бұзушылықты өз бетінше жоюға мүмкіндік беруге арналады.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ». Кәсіпкерлік қызмет шеңберінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген тұлға аударымдары анықталған жағдайда, оған дара кәсіпкер ретінде тіркелу қажеттілігі туралы хабарлама жолданады. Егер салық төлеуші бұған келіссе, ол тәртіп бұзушылықтың түріне байланысты кіріс мөлшерінің декларацияланбаған сомасын көрсете отырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі иә болмаса, қосымша декларация ұсынуы қажет. Шынтуайтында олай болмаса, онда ол растайтын құжаттарын қоса бере отырып, ешбір заң бұзушылықтың жоқтығы туралы түсініктеме беруге құқылы. Ондайда жазалау шарасы қолданылмайды. Әйтпесе, салықтық тексеру амалы тағайындалады. Егер жеке кәсіпкер кірісін төмендетсе, онда оның есепшоты бұғатталуы кәдік. Салық органдарында тіркеусіз кәсіпкерлік үшін жеке тұлғаға ӘҚБтК сәйкес 15-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Ал, кірісін жасыру әлдеқайда қымбат болады. Төленбеген салықтың 200 пайызы. Қайталанған жағдайда – 300 пайыз. Түбіртек ұсынбағаны үшін 15-тен 50 АЕК-ке дейін.
Сарапшы пікірі
Салық төлеушілер мен есепшілер қауымдастығының директоры, Қарағанды облысы бойынша «Атамекен» ӨКП өңірлік кеңесінің мүшесі Сара Жүнісова мәселеге қатысты өзінің дербес көзқарасын алға тартты. Салық төлеушілердің электронды есеп айырысуды қаламайтын бірнеше себебі бар. Бірінші мәселе – QR коды арқылы төлемдер үшін екінші деңгейдегі банктердің жоғары комиссиясы. Банк арқылы пост терминалдар 1-ден 3%-ға дейін, бұл сома жалпылай еселегенде қымбатқа шығатыны аян. Екінші себеп, көтерме жеткізушілер көбіне қолма-қол ақша төлеуді талап ететіндіктен кәсіпкерлер қолма-қол ақша алып, банктерге 1% комиссия төлеуі керек. Осы тұстан ыңғайсыздық туындайды. Банк комиссиясы – 2-ден 4%-ға дейін. Үшіншісі, егер сіз QR коды арқылы төлем жасасаңыз, терминал посты салық төлеушілерге салықтан өзге 5-10% комиссия төлеуі керек. Бұл да – қажетсіз шығын. Соңғысында, кәсіпкер атаулы саналы түрде электронды аударымнан бойын аулақ салуға тырысады. Өйткені, қосымша құн салығы да – экономикалық тұрғыда ерікті тежейтін ноқта іспеттес дүние. 2022 жылы ҚҚС шегі 30 000 АЕК-тен 20 000 АЕК-ке дейін төмендегендіктен, нәтижесінде көптеген кәсіпкер айыппұл санкцияларына ұшырады. Бұл ретте кәсіпкерлерге есепке уақытылы қойылмаған және артық сомадан ҚҚС бойынша шекті кірісті асырғаны үшін 2-бап бойынша айыппұл төлеуге тура келді.
– Осының негізінде, кәсіпкерді қолдау тетігі мен тәсілін өзгерту қажет. Бірінші кезекте аталған проблемаларды жою қажет. Мысалы, QR кодын қолдану тұрғысын алалық. Дүниежүзінде банктік пост терминалдар мөлшерлемесі 2%-дан аспайды. Ал, біз дамыған елдерге қарағанда бірнеше есе, шамамен 5 есе көп төлеуге мәжбүр боламыз. Осыған байланысты, келесі мәселелерді шұғыл қарастыру қажет. Ұлттық Банкке QR коды бойынша жалпыға ортақ бірыңғай мөлшерлеме енгізу. ҚҚС бойынша шектен асқаны үшін айыппұлдың күшін жою туралы хабарландыру ауадай қажет дүние, – дейді Сара Әубәкірқызы.
Түйін
Бұқара халық дүкенге бас сұғып қалса, ондағылардың ақшалай төлем талап етуі заңды ма деген сұраққа тоқталсақ. Белгілі болғандай, мобильді аударымдардан бас тарту тұтынушылар құқығына нұқсан келтіріп қана қоймай, заңсыздық болатыны белгілі. Яғни, «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңның нормалары банк картасымен, QR-төлеммен немесе қолма-қол ақшамен төлеу тәсілдерін көздейді. Кәсіпкердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік бірінші рет ескерту көзделген. Қайталап бұзған жағдайда – 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 194-бабында көзделгенін кәміл түсінген абзал.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz