Жаңалықтар

Электронды сауда экономиканы серпілтеді

Облыста электронды сауда қарқынды дамып келеді. Бүгінде қарағандылықтардың интернет-ресурстар арқылы тапсырыстарының саны 2,3 миллионнан асады. Онлайн саудада ел бойынша үшінші орынға шыққан Қарағандыны Астана мен Алматы ғана басып озып тұр. Бұл ретте қуаттылығы жылына 27 млн тапсырысқа дейін жететін және небары бір-ақ күнде жеткізетін Teez бірегей маркетплейс платформасының ашылуы да облыс кәсіпкерлерінің тасын өрге домалатып, жаңа мүмкіндіктер ұсынды. Бұл туралы облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен аппарат жиынында белгілі болды.

Инфографиканы жасаған А.Коктаева

– Электронды сауда елімізде қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Бұл – цифрлық экономиканы дамытуға, ірі компаниялар мен шағын орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер тудырады. Қарағанды елдің ірі өндірістік-экономикалық орталығы ретінде электронды сауданы белсенді дамытуда. Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілікті дамытуға, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді, – дейді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Облыстың кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарскаяның айтуынша, электрондық сауда экономикалық өсудің жаңа драйверлерінің біріне айналуда. Мәселен, облыста TEEZ, Chocofamily, Flip.kz, Shop.kz («Белый ветер»), Wooppay, Mebels.kz сияқты жетекші фулфилменттік компаниялар тіркелген.

Одан бөлек, азықтүлік және тағам жеткізетін – Volt, такси қызметін көрсететін RegionApp интернет платформалары белсенді дамып келеді және жергілікті тұрғындар арасында танымал.

– Облыста интернет-тауарларды беретін 278 пункт жұмыс істейді. Ал, жалпы, онлайн сату бойынша Қарағанды облысы Алматы мен Астанадан кейін Қазақстан бойынша үшінші орында. 2023 жылы электронды сауда көлемі 30,2 млрд теңгеден асты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 25%-ға ұлғаюын болжаймыз, – дейді Ирина Юрьевна.

Басқарма басшысы тұрғындардың интернет-ресурс арқылы тапсырыстарының саны 2,3 миллионнан асатыны айтады. Бұл – Қазақстан бойынша барлық тапсырыстардың 17,8%-ы. Жалпы, қарағандылықтар интернет арқылы электрондық гаджеттер мен компьютерлерді, косметикалық және медициналық тауарларды, кеңсе тауарларын, тұрмыстық техника мен жиһаз сатып алады.

Онлайн сауданы дамытуға қуаттылығы жылына 27 млн тапсырысқа дейінгі Teez бірегей маркетплейс платформасын ашу ықпал етті. Маркетплейстің негізгі артықшылығы – бүкіл тапсырысты бір күнде жеткізетіндігі. Тапсырыс беру пункттері еліміздің 24 қаласында бар. Ал, Қарағандыда 40 пункт ашылды.
Бүгінде бұл алаңда 1000-нан астам селлер тіркелген. Бір миллионнан астам тауар түрі бар. Одан бөлек, 300 жұмыс орны құрылды.

– Компанияның жоспарында ауданы 120 мың шаршы метр жеке қойма үй-жайларын салу. Оларға кәсіпкерліктің бірыңғай кешенді бағдарламасы бойынша қаржылық қолдау көрсетілді, – дейді Ирина Любарская.

Облыстың қолайлы географиялық жағдайын ескере отырып, тағы бір ірі жоба – «Сарыарқа» әуежайы базасында көліктік-логистикалық хаб болмақ. Мұнда Aliexpress, Amazon, tem, Ozon, Pinduoduo тарату ірі интернет алаңдарын ашу жоспарлануда. Олар тауар айналымының көлемі мен жылдамдығын арттыра түспек.

Аппарат жиынында Ұлы Отан соғысының 80 жылдығын атап өтуге қатысты атқарылатын шаралар да айтылды.

– Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу бастау алды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қали Аманбаев пен Камали Дүйсембековтің 100 жылдығына арналған іс-шаралар өтті. Қазіргі уақытта соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешу жөніндегі жұмысты үйлестіретін облыстық және өңірлік штабтар құрылуда, – деді облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.

Жеңіс күніне орай біржолғы материалдық көмектің сомасы да белгілі болды. Ұлы Отан соғысына қатысушылар 3 млн теңгеден алады. Сондай-ақ, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендерге: концлагерьлер тұтқындарына және қоршаудағы Ленинград тұрғындарына – 200 мың теңгеден, тыл еңбеккерлеріне – 100 мың теңгеден, ҰОС жылдары қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері мен әйелдеріне – 50 мың теңгеден төлемдер қарастырылған. Одан бөлек, мерейтойлық медальдар тапсырылады.

Жастар ұйымдары еріктілерінің қатысуымен «Ардагерлерге тағзым» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Сондай-ақ, мектеп оқушыларына арналған патриоттық іс-шаралар: сынып сағаттары, ерлік сабақтары, конкурстар жоспарланған. «Айбын» әскери-патриоттық жиыны өтеді.

Әдеттегідей онлайн-форматта өмірден озған батырлардың есімін мәңгі есте қалдыру үшін «Ер есімі – ел есінде» акциясы өткізіледі. Бүгінде облыста 171 Жауынгерлік Даңқ ескерткіші бар.

Облыста 3240 ардагер тұрады. Оның 9-ы – Ұлы Отан соғысының қатысушысы, соғыстың қайтыс болған қатысушылары мен мүгедектерінің әйелдері – 129 адам, тыл еңбеккерлері – 99, тылда 6 және одан да көп ай жұмыс істеген – 2994, концлагерь тұтқындары – 30, Ленинград қоршауында болғандардан – 13 адам бар екенін айту керек.

– Ардагерлердің ешқайсысы да назардан тыс қалмауы керек, – деген облыс әкімі басқарма басшыларына Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларды өткізуге қатысты бірқатар тапсырмаларды берді.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button