Электронды кітапты жарнамалайтын интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы пайда болды
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне қарасты Қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы интернет-алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертеді.

Шетелдік дереккөздердің мәліметінше, алаяқтар Telegram мессенджері арқылы тегін электрондық кітаптар желеуімен зиянды файлдар таратуда. Қолданушыларға үлкен электрондық кітапханаға шектеусіз қолжетімділік ұсынатын хабарлама жіберіледі. Қажетті кітап сұралған кезде бот нақты сервисті имитациялап, кітаптың қысқаша мазмұнын ұсынады. Алайда кітаптың орнына «арнайы қосымша» деген атаумен вирустық файл жіберіледі.
Зиянды файлды орнату ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Атап айтқанда, парольдер мен қаржылық деректердің ұрлануы, хат алмасулар мен фотосуреттерге қол жеткізу, смартфонды қашықтан басқару және жеке деректердің жоғалуы қаупі бар.
Мамандар бейресми көздерден қосымшалар орнатудың қауіпті екенін ескертеді. Кибергигиена талаптарын сақтау және жеке қырағылық интернет-алаяқтықтан қорғанудың негізгі шаралары болып қала береді.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



