Электрик
Ток көзімен жұмыс істейтін адамдардың бәрін ел бір ауыз сөзбен «Электрик» деп атайды. Сондай мамандық иесі Қалкен Зейниденов осы таңдап алған кәсібімен 45 жыл үзбей айналысып, бүгінде бейнетінің зейнетін көруде.

Менен үш жас үлкендігі бар Қалкен екеуіміз Сарытөбенің етегіндегі аяққа құйған астай бір Үлгі ауылында туып-өсіп, балалық, жастық шақтың қызық дәуренін бірге өткіздік.
Біздің ауыл бұрынғы Қылыш Бабаев атындағы кеңшардың екінші бөлімшесі болатын. Кезінде күн көсеміміз Ленин «Коммунизм – бұл Кеңес өкіметі және бүкіл елді электрлендіру» деп жар салғанымен, жоғары кернеулі ток жүйесіне кеңшардың өзі мен үш бөлімшесі тек 1971 жылы қосылған еді. Оған дейін Үлгіде де Т-200 тракторының моторы арқылы кешкісін түнгі 24 сағатқа дейін жарық беретін шағын электр станциясы жұмыс істеп тұрды. Онда сол алпысыншы жылдардың ішінде әкемнің туған інілері Қонан мен Малдыбай, Қалкеннің жездесі Амантай Исабеков электрик болды. Той бола қалса, сол үйдің иелері бұларға келіп, таң атқанша жарықты өшірмеуін сұрайтын. Ойын баласы біз электрик ағаларымыздың жұмысын қызық көріп, жандарынан үйіріліп шықпайтынбыз. Ал, басқамызға қарағанда, Қалкен қолынан отвертка мен тістеуікті тастамай, олардың шаруасына араласып, білмегенін сұрап, үйренуден жалықпайтын.
Сол балалық әуестігі мен құштарлығы ауылымыздағы сегізжылдық мектепті бітіргеннен кейін оны Токаревка (қазір Ғабиден Мұстафин) кентінің №27 селолық кәсіптік-техникалық училищесіне алып келіп, 1975 жылы одан «Электр монтері» мамандығын алып шығады. Жасынан армандаған мақсатына жеткен бозбала туған жеріне оралып, бөлімше шаруашылығына қызу кіріседі. Аз ғана мезгілде жерлестерінің алдында кәсіби біліктілігі мен электр жүйесінің тілін білетін кәсіби маман екенін көрсете білген жас маман 1980 жылы ауылдас қызы Күләшпен бас қосып, келер жылы аудан орталығы Ульянов (қазір Ботақара) кентіне қоныс аударады.
Ботақараға көшіп келісімен осындағы «Сүйек ұны» зауытына электрик болып орналасқан Қалкен Сайлауұлы жаңа жұмыс орнында да іскерлігі мен шеберлігінің арқасында көзге түсіп, зауыт басшылығы жас отбасына 2 бөлмелі пәтер беріп, үйлеріне кезексіз телефон нүктесін орнатып береді. Оның суреті кәсіпорынның Құрмет тақтасынан түспей, алған грамоталары мен Алғыс хаттары қаншама. Бірақ тоқсаныншы жылдары бұл зауыт жабылып қалып, Қалкенге «Қазауылшаруашылық техникасы» аудандық бірлестігінде, одан соң кенттің қазақ орта мектебінде электрик болуына тура келіп, ол жерлерде де абыройлы еңбек етті.
Бір кездегі бала Қалкен осыдан бес жыл бұрын зейнет демалысына шығып, Күләшімен учаскелік полиция инспекторы болып істейтін кенже ұлдары Әлиханның отбасымен бірге Ботақарада тұрып жатыр. Ал, тұңғыш ұлдары Қаржас фермер болса, баланың екіншісі Асылбек Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ғылым жөніндегі проректоры, Рgh доктор. Олар осы үш баласынан он шақты немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Дегенмен зейнетке шықса да, Қалкеннің қолы бір күн босамайды. Оған электр желілерін, тұрмыстық техникаларын, электр аппараттарын жөндеуге тапсырыстар жан-жақтан толассыз түсіп жатады. Осы жолы мен барғанда да оның көршілес Қарақұдық ауылындағы бір шаруа қожалығының ток көздерін тексеріп, ақаудан арылтып қайтқан беті екен. Өз ісін жанындай сүйетін кәсіпқой маманның жүзінен шаршаудың бір ізі білінсейші.
– Адам өзі сүйіп таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істегеннен ләззат алуы тиіс. Мен, міне, электрик болып елге қызмет еткеніме де елу жылға айналды. Алайда, қазіргі жастарымыздың бұған қызықпайтынына таңым бар. Содан да ауданның көптеген ауылдарында электрик мамандар жоқтың қасы. Енді биыл Президентіміздің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялағанынан кейін біздің орнымызды басар жаңа буын мамандары көбейеді деген үміттемін, – дейді Қалкен ағамыз.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы
Суретте: кәнігі электрик Қалкен Зейниденов