Елдіктің өлшемі
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған үндеуін зор қанағаттану сезімімен қабылдадым. Менің пайымдауымда, бұл – қазір әлемде қалыптасқан шынайы ахуалды терең бағамдап, оның қоғамға тигізер кері әсері мен жағымсыз салдарын сезінуден туындаған жүрек сөзі.
Мемлекет басшысының Жарлығымен коронавирус дертінің ел арасына дендеп еніп кетпеуін қамтамасыз ету мақсатында пәрменді шаралар қолға алынып жатқаны белгілі. Аты жаман аурудың бетін қайтару жұмыстары бұқаралық маңызды иеленіп отыр. Елорда мен Алматы қалаларында карантин енгізілді. Ел мүддесі үшін тиімділігі бар өзге де нақты әрекеттер іске асырылуда. Нұрсұлтан Әбішұлының «Мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шаралар қазіргі қиын ахуалға сай дер кезінде қолға алынды» деген сөзін өмір өткелдерінен өткен қария ретінде толық мақұлдаймын.
Дағдарысты еңсеруге елдің ымыра-бірлігімен қоса, тегеурінді іс-қимылдар ғана тосқауыл бола алады. Сондықтан, бұл – елдіктің өлшеміндей болар айғақтар сәт.
Елбасының пайымдары мен нақты ұсыныстарын әр буынның өкілдері терең түйсініп, сол мақсатта «жұмылған жұдырықтай» күш-жігерін біріктіреріне өз басым күмәнсіз сенемін.
Біз ой кемелдігі мен көңілінің кеңдігі қабысқан халықпыз.
Кеңдіктен кемдік көрмеген жұртпыз.
Лайым еліміз аман, ынтымағымыз берік болғай!..
Аманкелді ТІЛЕУБАЙҰЛЫ,
Қаражал қаласының Құрметті азаматы.