Бас тақырып

Елдіктің ерен белесі

Достық үйінде Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты XXVIII сессиясы өтті. Еске салып өтелік, бұл игілікті институтқа биыл 30 жыл толды. Алдымен сөз бастаған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бірқатар келелі мәселеге байланысты оң пікір білдірді. Ассамблея қызметіне қоғамдық негізде тағайындалған тұлғаларды, басқосуға жиналғандарды Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейлі 30 жылдығымен құттықтады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– Өзара түсіністік келешегіміз үшін маңызды. Ымыра мен ынтымақ бар жерде береке бар. Тұтастық адамдар арасындағы сенім көпірі, бірлескен істердің берік іргетасы. Қай іс болмасын, тек ынтымақ пен келісімнің арқасында жүзеге асады. Бұл бір күннің шаруасы емес, ондаған жылдарға жалғасатын елдік міндет. Ал, ондай миссия­ны тек бір мақсатқа жұмылған, бірін-бірі қалтқысыз түсінетін ел ғана еңсере алады. Сондықтан да, осы ойымыз бүгінгі қоғамға, әсіресе, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа бағытталған маңызды үндеу. Бірлік бар жерде – тірлік бар. Ал, тірлігі берекелі елдің келешегі де кемел, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі өткен маңызды басқосудың ерекше тарихи мәні бар екенін атап өтті. Осы үш онжылдық ішінде Ассамблея еліміздегі бейбіт өмір мен тұрақтылықтың айнымас тірегіне айналды. Татулық пен түсіністікті ұлықтап келе жатқан бұл ұйым бүгінде этносаралық қатынастар саласындағы теңдессіз тәжірибесімен танылған бірегей институт.

Соның арқасында Қазақстан бүкіл әлемге үлгі боларлық қоғамдық келісім мен ынтымақтың моделін қалыптастырды. Облыс әкімі өз сөзінде Ассамблеяның тарихы ел тәуелсіздігімен қатар өрбігенін ерекше атап өтті. 1995 жылы құрылған ұйым сол кездегі қиын-қыстау уақытта қоғамды біріктіретін маңызды саяси шешім болған. Ал, 2007 жылы оған конституциялық мәртебе беріліп, жалпыхалықтық бірліктің мызғымас тұғырына айналды. Соңғы жылдары Ассамблея қызметі жаңа белеске көтерілді. Енді оның ұсынысымен Сенат тағы бес депутатты Президенттің өзі тағайындайды. Бұл – түрлі этностардың мүддесін жоғары деңгейде ескеруге жол ашқан маңызды қадам. Бұдан бөлек, елімізде алғаш рет «Бір ел – бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобы құрылып, қоғамдық келісім мен татулықты сақтауға бағытталған нақты жұмыстар атқаруда. Қазір бұл бастама мемлекеттік органдардың барлығына ортақ іс болып отыр. Министрліктерден бастап, ауыл әкімдіктеріне дейін Ассамблеяның жұмысына белсенді араласып, бірліктің бекем болуына атсалысып келеді. 

Үш онжылдық жай ғана өте салған уақыт межесі емес. Тағдырлы таңдау жасаған Тәуелсіз Қазақстан халқының ортақ тарихы, ортақ жүріп өткен жолы. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – бірлік пен келісімнің, ынтымақ пен жасампаздықтың жарқын мерейі. Әр азаматтың жүрегінде тұнған сенім мен сабырдың, өзара сыйластық пен ұлтқа деген шынайы махаббаттың салтанаты. Облыс әкімінің сөзімен айтқанда, өзара түсіністік – келешектің кілті. Расында, ел болып, еңсе тіктеп, ұлт болып ұйысу, тек бірлік пен өзара құрметтің арқасында ғана бек мүмкін. Ассамблея сол ұлы ұғымның өміршең үлгісі, елдіктің ерен белесі. Бүгінде Қазақстан жүзден астам ұлт пен ұлыстың берекелі шаңырағына айналған айбынды мемлекет. Дәл осы бір жетістік – әрбір азаматтың бейбіт өмірге қосқан үлесі, өзара түсіністіктің, ашық диалог пен сенімнің жемісі. Осы сабақтастық үзілмесін! Себебі, біз түрлі-түсті тасын теріп, ұлт мозаикасын ұлағатпен құраған елміз. Қоғамдық келісімді сақтау бабалар аманаты, болашаққа апарар жаңылыстырмас жол. Сондықтан, әрқайсымыздың жүрегімізде бір ақ тілек болуға тиіс болар. Ол бірлікпен біте қайнасқан Мәңгілік Қазақстан жасайық деген тілеу!

– Ассамблея – елдің ұйытқысы, достық пен татулықтың алтын арқауы. Соның арқасында еліміз де әр этностың мәдениеті мен тілі дамып, тұтас ұрпақ бейбіт өмір сүріп келеді. Біз бір дастарқан басында бас қосқан біртұтас отбасы іспеттіміз. Бұл – бір күннің емес, ғасырлар бойы жалғасатын елдік міндет. Жас ұрпақ дәл осы бірлік пен келісімнің маңызын терең түсініп өссе, еліміздің болашағы жарқын болары сөзсіз. Біз – татулықты ту еткен Мәңгілік Елміз! – деп тұжырды ойын Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагері Сәлима Нұрмағанбетова.

Айта кету қажет, орталық облыста бүгінде 24 этномәдени бірлестік табысты жұмыс істеп келеді. Аталған ұйымдар – жөнекей мәдени орталықтар емес, ұлт пен ұлыс арасындағы рухани көпір, татулық пен тағылымның тірегі. Әр бірлестік түрлі этностардың төл дәстүрі мен тілін, әні мен өнерін жаңғырту жолында жанкешті еңбек етіп, еліміздің рухани байлығын еселеп келеді. Әрбір бірлестік – өзінше бір мәдениет ордасы, ал, олардың ортақ миссиясы – бірлікке негізделген ұлт болмысының жарқын бейнесін қалыптастыру. 

Әлем жұртшылығы Қазақстан халқы Ассамблеясын бүгінде қоғамдық институт емес, толеранттылықтың, бейбіт өмір мен өзара құрметтің жаһандық үлгісі ретінде мойындап отыр. Аталған құрылым – сан ұлтты бір шаңырақ астында ұйыстырып, ұлт пен ұлысқа ортақ үйлесімнің өркениетті моделін қалыптастырған бірегей бастама. Ассамблея Қазақстанның халықаралық деңгейдегі рухани брендіне айналып үлгерді. Мұның нәтижесінде елімізді әлем татулықтың туын тіккен мемлекет, этносаралық келісім мен ынтымақтастықтың шынайы шеберханасы ретінде таниды. Яғни, көреген саясаттың, саналы ұстанымның әрі бірлік пен сабырды басты құндылық еткен елдің ортақ мерейі. Бүгінде Қазақстан тәжірибесі түрлі елдер үшін бейбіт өмір сүрудің, этностар теңдігін сақтаудың озық үлгісі саналып, Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, бірқатар халықаралық ұйымдар тарапынан жоғары бағаланып келеді.

Сессия жұмысына қатысқан Ассамблея мүшелері, мәдени бірлестіктер төрағалары, жекелеген лауазымды тұлғалар, зиялы қауым өкілдері жылы лебіздерін қоса білдіріп, ұлықты ұйымның бүгінгі тынысына оң баға берді. Аймақтың әр өңірінен онлайн режимде қатысқан Ассамблея мүшелері сөз алып, ұсыныстарын алға тартып, сессия жұмысына сәттілік тілесті. Бірқатар азаматтар Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Парасат» орденімен және мерекелік медальдармен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button