Жаңалықтар

Елдіктің берік бастауы

Қазақстан халқы осыдан жиырма алты жыл бұрын жаңа Конституцияның қабылдануына дауыс беріп, өзінің тарихи таңдауын жасаған болатын. Бұл қабылданған Ата Заң – Қазақстан азаматтарының күнделікті өмірлеріне қажетті сұрақтардан бастап, стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешуге негізделген құжат. Оның басты көздейтін нысаны – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

Негізгі заң Қазақстанның қоғамдық және мемлекеттік құрылысының іргелі қағидаттарын бекітіп, демократиялық институттарының дамуына мықты қуат берді. Қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм және мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу республика қызметінің түбегейлі принциптері болып бекітілді. Мемлекетіміздің Конституциясы – бұл біздің бірлігіміздің, татулығымыздың кепілдігі, биліктің барлық буынының жолға қойылған тиімді жұмысы, еңбек ету, лайықты өмір сүру және жан-жақты үйлесімді даму үшін адамның құқықтары мен бостандықтарын бекіту, ұлтаралық келісім мен елдің гүлденуі болып табылады. Конституция Қазақстан азаматының өмір сүруіне, сөз еркіндігіне, шығармашылық еркіндігіне, сонымен қатар, дін ұстанымы еркіндігіне, еңбекке, демалысқа, денсаулық қорғауына, ақысыз орта білім алуына және жеке адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмау құқығына кепіл болады. Әрбір қазақстандық азамат біздің Конституциямызда жария етілген демократиялық құндылықтардың сақталуына жауапты. Қазақстанның қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің қамтылғанын айғақтайды. Қол жеткен табыстар – Ата Заңымыздың мықты әлеуетінің дәлелі. Тұрақтылыққа, Отанымыздың басты байлығы – тыныштық пен бейбіт өмірге Конституцияның негізінде қолымызды жеткіздік. Ата Заңмен өмір сүру – демократияның жарқын көрінісі. Конституция талаптарына сай қоғамдағы қарым-қатынастарды реттейтін заңдар мен кодекстер жылдан-жылға өмірге еніп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалуда. Еліміздің оң өзгерістер мен дамуының бастауы да осы Конституцияда жатыр және Ата Заңымыздың негізінде халықтың еркіндігі, теңдігі, татулығы артып, бейбіт қоғам құрған еліміз татулықтың тал бесігіне айналып отыр. Біздің Конституцияны Қазақстан халқының саналы таңдауы және оны келешектің кепілі ретінде бағалауымыз керек. Осы қағидамыз келер ұрпаққа да мирас болары анық.     

Ә.ЖҮНТАЕВА, Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының бас маманы, сот отырысының хатшысы. ШАХТИНСК қаласы

Басқа материалдар

Back to top button