Елдік ұстаным өлшемі
Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесін талқылауға арналған «Әлемдік өркениетке жол ашатын әліпби» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысы өтті.
Дөңгелек үстелде аймаққа танымал қоғам қайраткерлері, мәдениет саласының қызметкерлері, музей ішінен құрылған ғылыми кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері, тарихшылар, мысты шаһардағы оқу орындарының ұстаздары мен белсенді студенттері бас қосты.
Жиынға қатысушылар Елбасының мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру туралы мәлімдемесін бейнесюжеттен тамашалап, «Ғасырлар қойнауындағы асыл мұралар» атты латынша жазылған құжаттар және жазбалар көрмесімен танысты.
Өзінің кіріспе сөзінде басшысы Раушан Қапарова әліпбиді латын қарпіне ауыстыру қажеттілігінің алғашарттары хақында кеңінен көсіле ой толғады. Бір мүддені меже тұтқан пікір алмасулар үдерісіне «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Каженова, өлкетанушы-журналист, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Сағындық Қожамсейітов, «Ұлытау қыздары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рақыш Ыдырысова, аймақтық «Сарыарқа» газетінің бас редакторы Дархан Мұқантегі және басқа да айтары бар азаматтар белсене қатысты.
Мағыналы жиын түйінінде Елбасы бастамасы – жаһандану дәуіріндегі елдік ұстаным өлшемі деген мазмұндағы ортақ тұжырым жасалынды.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.