Елдік мұраттың жаңа бағдары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары – еліміздің жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын айқындайтын маңызды құжат. Бұл – жай ресми акт емес, Қазақстанның болашағына жол сілтейтін, қоғамды ұйыстыратын, мемлекеттің даму бағыттарын айқындайтын жүйелі бағдар. Шынында да, елдің жан-жақты жаңғыруы, әлемдегі тұрақсыздық, технологиялық өзгерістер, жаңа сын-қатерлер жағдайында ішкі саясатты бір арнаға біріктіретін тұтас тұжырымдама қажет болғаны анық еді. Жаңа құжат – осы қажеттіліктің нақты жауабы.
Бүгінгі жаһандық өзгерістер кезінде мемлекетіміздің тұрақтылығы, қоғамның бірлігі, әр азаматтың құқықтық және әлеуметтік қорғауда болуы – стратегиялық маңызы бар мәселе. Сол себепті қабылданған құжат елді жүйелі дамытуға, мемлекет пен халық арасындағы сенімді күшейтуге, реформалардың тиімді жүзеге асуына бағытталған. Ішкі саясаттың негізгі мақсаты да – ел бірлігін нығайту, мемлекеттілікті берік ету және әділ, ашық, дамыған Қазақстан құру.
Құжаттың өзегі – баршаға тең мүмкіндік беру, қоғамдағы әділдік қағидатын орнықтыру, азаматтардың үнін еститін мемлекет қалыптастыру. Мемлекет алға қойған алты қағидат – «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» – еліміздің жаңа сапалы даму моделінің іргетасы. Бұл қағидаттардың барлығы қоғамды өркендететін ортақ жауапкершіліктің белгісі, Әділетті Қазақстанға бастайтын жол.
Осы негізде ұлттық құндылықтар жүйесі де айқындалды. Тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық – елімізді біріктіретін басты бағдарға айналады. Бұл қасиеттер идеологиялық ұраннан бұрын, әр қазақстандықтың күнделікті мәдениетінде көрінуі тиіс мінез. Ал қазақи болмыс пен рухты айқындайтын ұлттық нышандар – «Алға, Қазақстан!» ұраны, Абайдың қара сөздері, домбыра, қызғалдақ, шаңырақ – ұлттың тарихи жадын жаңғыртып, елдік бірегейлікті бекітеді.
Құжат жастар саясаты, отбасы институты, мәдени-гуманитарлық сала, этносаралық қатынастар, дін, ақпараттық саясат сияқты қоғамның болашағын айқындайтын негізгі бағыттарды да қамтиды. Бұл бағыттардың әрқайсысы елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Өйткені, отбасы – қоғамның тірегі, жастар – елдің ертеңі, мәдениет – рухани тұғырымыз, ал ақпараттық ашықтық – сенімнің кепілі.
Ең маңыздысы, бұл құжат тек мемлекеттік органдардың бағдарламасы емес, ел болып жұмылатын ортақ іс. Әділетті Қазақстанды тек билік емес, әр азамат өз еңбегімен, өз жауапкершілігімен бірге қалыптастырады. Әр отбасы, әр жас, әр өңір үшін тең мүмкіндік тудыру – мемлекеттің басты мақсаты, ал оны жүзеге асыру – бәріміздің ортақ парызымыз. Таза еңбекке, ашық қоғамға, әділдікке ұмтылған ел ғана бәсекеге қабілетті, берік мемлекет құра алады.
Бірлік – елдің қуаты, жауапкершілік – қоғамның күші. Қолымыздағы осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, жаңару жолындағы қадамымыз нық болсын.
Алға, Қазақстан!
Қайрат ӘБІЛДА



