Елдік мұрат – жаңғыру жолы
25 маусым күні Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың халық алдында есеп беру жиыны өтті.
Министр жиынды бастамас бұрын, Арыстағы ағайынмен бірге екендігін жеткізді. Қайғылы оқиғадан қаза тапқан азаматтардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Жарақат алған кісілердің тез сауығып кетуін тілеп, қиын жағдайда елдігімізді танытып, тосын оқиғаларда бір жұдырықтай жұмыла білетін ел бірлігін атап өтті. Арыс қаласынан уақытша эвакуацияланған ағайынға Қазақстанның түпкір-түпкірінен ықылас танытып жатқан азаматтар саны артып жатқанын сөз етті.
- Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та оқиға орнына арнайы барып, халыққа тиісті қолдау, қажетті көмек көрсетілетінін айтты. Кешеден бері «Арыс, біз біргеміз» атты акция ұйымдастырылып жатыр. Біз де арыстықтармен біргеміз. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қызметкерлері де зардап шеккен қалаға көмек ретінде бір күндік жалақымызды аударамыз. Біздің министрлікке қарасты ұйымдар да осындай қадам жасап жатыр екен. Бұл бастаманы қолдаймыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді Дәурен Абаев.
Ведомство басшысы өткен жылды қорытындылап, көптің көкейіндегі сауалдарға жауап берді. Шара барысында телекөпір арқылы байланысқа шыққан облыс орталықтарынан да сұрақтар қойылды. Министрдің айтуынша, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар арнайы цифрлық желі сигналын қабылдайтын құрылғылармен қамтамасыз етілмек.
Айта кетейік, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында 2021 жылға дейін ел аумағын ақысыз санды форматқа кезең-кезеңмен көшіру жобасы қолға алынды. Сондай-ақ, кездесуде отандық телеарналардың қызметін әлеуметтік желілер арқылы тарату, интернет-ресурстардың дамуы мен ақпарат қауіпсіздігі жөнінде де сөз болды.
Сонымен қатар, министр сөз бостандығы жеке-дара талқылауды қажет ететін жақсы тақырып екенін атап өтті. Ең алдымен, сөз бостандығы рейтингісіне тоқталды.
- Мен сөз бостандығы рейтингісі бойынша бізден озатын елдерді мұқият зерделеп шықтым. Көптеген елде журналистердің ізіне түсіп, құқықтары әжептәуір шектеледі. Ал, Қазақстанда сөз бостандығы мүшкіл халде емес. Біз жағымды, заңнамалық дүниелерден бастауымыз керек. Бірақ, бұл бағытта маңызды қадамдар жасалды. Ақпаратқа қолжетімділік туралы заң қабылданды, – деді Дәурен Абаев халыққа есеп беру кездесуінде.
- Біріншісі – ұйымдастыру зайырлы қағидаттарды нығайту, екіншісі – діни саладағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және діни негіздегі экстремизм мен радикализмнің таралуының алдын алу. Былтыр Нұр-Сұлтан, Алматы және Атырау қалаларында 190 имам мен теолог деструктивті діни ағымдардың ықпалына ұшыраған адамдарды қайта қалпына келтіру бойынша діни қайраткерлерді даярлау курстарынан өтті. Өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысы жаңғыртылды және оңтайландырылды. 2018 жылы лекторлық топтар 38 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.
Ол ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізген «Жусан» гуманитарлық операциясы туралы да баяндады. Операцияның 3 кезеңі сәтті өткізіліп, қақтығыс аймағынан Қазақстанға 524 азамат оралғандығын жеткізді. Оның ішінде, 137 әйел мен 357 бала бар. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп оралғандарға медициналық, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетілетіндігін тілге тиек етті.
Сонымен қоса, көші-қон қызметтерін көрсету орталығында шетелдік азаматтарға мемлекеттік қызметтер көрсету жұмысы жанданатындығын айтты. Көші-қонға байланысты мемлекеттік қызметтер де «бір терезе» қағидасы бойынша бекітілген талапқа сай ұсынылатын болады.
Министрліктің алдағы уақытта атқаратын міндетінің бірі – ауылдық елді мекендерге кең жолақты интернет орнату екендігін де қадап айтты. Ол үшін қазіргі кезде мемлекеттік-жеке серіктестік жүйесі бойынша сәйкесінше, жоба іске асырылып жатқан көрінеді. Аталған жоба аясында 2021 жылға дейін 2 миллионнан астам тұрғыны бар 1249 ауылдық елді мекен жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтылатын болады.
Дәурен Абаевтың айтуынша, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бағыты әрі қарай жалғастырылады. Қарапайым халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілектері негізінде жобалар жүзеге асырылады.
Нұрдос КӘРІМ.