Елдің жайын көрген біледі
Халық қалаулылары Парламент қабырғасында күн сайын күрделі, ай сайын айтулы мәселелерді шешеді, ел мен жер үшін маңызды мәселелерді толғайды десек те, бұқараның басындағы ахуалды көзбен көріп, қолмен ұстағандай сезіне алмасы анық. «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» деген бар емес пе. Сондықтан, депутаттардың әредікте ел аралап, халықтың мұң-мұқтажын өз аузынан естуі, ауыл-аймақтағы жағдайдың барысын көзбен көріп, көңілмен түйсінуі әбден құптарлық шара. 17 шілде, бейсенбі күні Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов бастаған депутаттар тобы Нұра және Осакаров аудандарында болды. Делегация мүшелері өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен және әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты.

2025 жыл ресми түрде «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып аталғаны себеп болса керек, Нұра ауданында депутаттар ат басын ең алдымен Б.Әбдікәрімов атындағы көпсалалы колледжге тіреді. Білім ордасы агроөнеркәсіп, құрылыс және өндіріс салалары бойынша қазіргі уақытта жоғары сұранысқа ие он мамандық бойынша мамандар даярлайды. Мұнда бір мезгілде үш жүзге жуық студент білім алатынын ескерсек, колледждің елімізді кәсіби мамандармен қамтамасыз ету ісіне елеулі үлес қосып отырғанын бағамдау қиын емес. Қазіргі уақытта Қазақстанда жұмысшы мамандықтарын игерген мамандарға деген сұраныс 40 пайыздан асқанын айтсақ, бұл білім шаңырағының нарқы тіптен арта түседі.
– Өздеріңізге белгілі, Президентіміз биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялады. Бұл бағытта колледждер мен училищелер елге қажетті мамандар даярлау ісінде ерекше рөл атқарады. Сіздер жас дәнекерлеушілерге, құрылысшылар мен тігіншілерге еңбекке деген шынайы құрметті, өз мамандығына деген сүйіспеншілікті және дұрыс моральдық құндылықтарды дарытып келесіздер. Мықты экономика мен елдің жарқын болашағы ұстаздардың қолында. Сондықтан, мемлекет сіздерді толық қолдайды. Колледждерді дамытуға және мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсартуға бар күшін салады, – деді Ерлан Қошанов колледж ұжымына арнаған сөзінде.
Мәжіліс депутаттары колледж ұстаздарына осындай оқу орындарына өз өндірісі арқылы өнімін сатуға мүмкіндік беретін заңнамаға енгізілетін түзетулер туралы мәлімдеді. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушыларына колледждерде дуальды білім алу мүмкіндігі қарастырылып отыр екен, бұл туралы Заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымынан өткен.
Ерлан Жақанұлы еңбек адамын қолдауға бағытталған нақты өзгерістерді, яғни, жұмысшы мамандық иелері үшін жаңадан тұрғын үй ипотекалық бағдарламасының іске қосылғанын, сондай-ақ, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге зейнетке ерте шығу мүмкіндігі қарастырылатынын атап өтті.
Депутаттар колледж студенттері болашақ мамандықтары бойынша тәжірибелік машықтарын қалыптастыратын оқу шеберханаларының жұмысымен танысты. Мұнда дәнекерлеу ісі, құрылыс, автослесарь, тамақ және тігін өндірісі бағыттары бойынша білім беріледі.
Депутаттар, сондай-ақ, медицина қызметкерлеріне арналған көппәтерлі тұрғын үй кешенінің күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бұл бұрын бос тұрған ғимарат болса, енді қайта жаңғыртылып, жыл соңына қарай аудандық ауруханада қызмет істейтін 14 жас қызметкердің отбасылары үшін үр жаңа баспанаға айналмақ. Аймақ басшылығы мәлімдегендей, мемлекеттің осындай қолдау шараларының арқасында Нұра ауылында медицина саласы бойынша кадр тапшылығы мәселесі оң шешімін тапқан.
Нұра ауданында ауыл шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Мәжіліс депутаттары Көбетей ауылында биыл іске қосылған «Рамадан СФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт фермасына арнайы барып, жұмыстарының барысымен танысты. Кәсіпорын голштин-фриз тұқымды 1100 бас сауын сиыр ұстауға арналған. Ферма заманауи сауу технологияларының көмегімен тәулігіне орта есеппен 27 тонна, жылына 10 мың тоннаға дейін сүт өндіруді жоспарлап отыр.
***
Мәжіліс депутаттары Осакаров ауданында бірнеше нысанда болды. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша бұл ауданның да ауқымды жоспарлары бар. Алдағы жылдары Осакаров ауданында 2,5 мың тонна өнімге арналған көкөніс сақтау қоймасы, 6 мың бас малға арналған еліміздегі ең ірі сүт-тауар фермасы, жылына 45 миллион кірпіш шығаратын зауыт салынбақ. Сонымен қатар, суармалы жерлердің аумағын едәуір ұлғайту көзделіп отыр. Осының бәріне кететін электр қуаты да аз болмайды. Сондықтан, баламалы энергетиканы дамыту бойынша да жұмыстар жүріп жатыр. Депутаттар делегациясы аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жоба – қуаттылығы 150 МВт болатын жел электр станциясының құрылысымен танысты. Бүгінде мұнда жоспарланған 21 жел қондырғысының 9-ы іске қосылып, электр қуаты өндірілуде. Алынған «жасыл» электр энергиясы қосалқы станция арқылы жалпы тарату желісіне жіберіледі. Жоба аясында жергілікті тұрғындар үшін 20 жаңа жұмыс орны ашылған. Айта кету керек, мемлекет мұндай өндірістердің дамуын субсидиялар мен арнайы бағдарламалар арқылы жан-жақты қолдап отыр.
Делегация, сонымен қатар, 2020 жылы толық қайта жаңғыртудан өткен «Жастар» балалар мен жасөспірімдер орталығында болды. Қазір бұл орталықта заманауи бағыттар бойынша 25 үйірме жұмыс істейді. Ауылдың алты жүзден астам баласы мұнда IT, роботтехника, жасанды интеллект, музыка мен театр өнері, қолданбалы шығармашылық, тілдер және басқа да салалар бойынша қосымша білім алады.
Мәжіліс депутаттары Осакаров ауданының жұртшылығымен де осы жерде кездесті. Кездесу барысында жергілікті өндірісті, елдімекендерді дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Жоғарыда аталған көкөніс сақтау қоймасының, сүт-тауар фермасының, кірпіш зауытының құрылысы мен суармалы жерлердің аумағын кеңейту жоспарлары және олардың жергілікті халық үшін тиімділігі түсіндірілді.
Ерлан Қошанов өткен сессияда қабылданған Салық, Бюджет және Су кодекстері, сондай-ақ, әлеуметтік даму бағытындағы бірқатар заңдар туралы баяндады. Олардың қатарында «Келешек» жинақтау жүйесі туралы заң, дарындыларды қолдау нормалары, МӘМС жүйесінде базалық медициналық көмекті сақтау, онкоскринингті кеңейту және басқа да маңызды бастамалар бар.
Ерлан Қошанов аудандық мәслихат депутаттарын заң шығару жұмысына белсендірек қатысуға шақырды. Өз ұсыныстарын Қоғамдық палата арқылы енгізіп, сондай-ақ, Мәжіліс сайтындағы арнаулы модульдің мүмкіндіктерін пайдалануға кеңес берді. Бұл жайт қабылданатын заңдардың сапасын арттырып, олардың нақты өңірлік жағдайларға сай болуына ықпал ететінін еске салды. Мәжіліс депутаттары жекелеген азаматтардың, кәсіпкерлердің және аудан басшылығының осы жерде айтылған өтініштері мен ұсыныстарын Парламенттің жаңа сессиясында талқылауға шығаратын болып уағдаласты.
Парламент қабырғасында бір күнде осынша мәселенің басы шалына ма, жоқ па, білмедік, бірақ, Мәжіліс депутаттары екі ауданға жасаған сапарында халық шешімін күткен көп мәселеге көз жеткізгендері анық. Ауылда көтерілген мәселе Астанаға жетіп, Мәжіліс мінберінен айтылса, көп ұзамай оң шешімі болары балаға да түсінікті. Сондықтан, сенім артқан депутаттарымыз елмен етене араласып жұмыс істеуді дәстүрге айналдырса, халықтың да көз-көңілі жайлана түсер еді.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»