АймақҚарқаралыРуханият

Елдің өнері – Егіндібұлақ сахнасында

Өнер дегеніңіз елдің ішінде. Сәуірдің бесінші жұлдызында Балқантау баурайында жыл сайынғы халық театрларының фестивалі басталды.

Суреттер автордан

Егіндібұлақтың мәдениет үйінде шымылдық ашқан шараны осы ауылдың халықтық театры Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» психологиялық драмасымен бастады. Қарағандылық көрермендерге Сәкен театрының сахнасынан таныс қойылым жан-жүректі тебірентер мазмұнымен ерекше, мойындалған дүние. Десек те, қойылым осы жолы басқа актерлердің ойнауымен де ерекше.

– Бұл халық театрлары айлығын Қарқаралы ауданында «Театр – тәрбие бесігі» атауымен 2018 жылдан бері өткізіп келе жатырмыз, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қаламқас Төлеуханова. – Биылғы фестивальді Ш.Жандарбекова атындағы мәдениет үйі жөндеуден өтіп жатқандықтан, Егіндібұлақ мәдениет үйінде өткізуді дұрыс көрдік. Бұл шара және Қарқаралы қаласының 200 жылдық мерейтойына арналып отыр. Оған қоса, осы фестивальдің ашылуында Егіндібұлақ халық театрына оның алғашқы ұйымдастырушысы әрі жетекшісі Шахман Мағазовтың есімі берілді.

11 сәуірде көрермендер назарына Алтынбек Қоразбаевтың әйгілі «Қара кемпір» толғауына интерпретацияланған «Ана зары» қойылымы ұсынылмақ. Қос құлынынан бірдей айырылған ананың мұңы мен зарына негізделген көркем дүниені Мақат Рымжанов атындағы халық театрының өнерпаздары сахналайды.

Ал 18 сәуірде ел алдына Тәттімбет ауылының халықтық театры шығады. Бұл ұжым Жолтай Әлмашұлының «Тірі жан» пьесасын тірілтпек. Оның мазмұны адам саудасы, онда да баланың тәлкек тағдыры турасында болмақ.

Атығай Шанин атындағы атақты театрдың әртістері 25 сәуірде «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклін көрсетеді. Халық театрларының айға жуық уақытқа созылатын фестивалі осы күні аяқталып, басты, екінші маңыздағы рөлдерді сомдаған актерлер, ер мен әйелдің бейнесін үздік сомдаған өнерпаздар марапатталады. Оларды халық театрлары болғандықтан, әлбетте, көрермендер таңдайды.

Ел ішіндегі дарындардың өнерін тамашалау үшін Егіндібұлаққа асығайық, ағайын!

Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button